Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шынайы махаббат

Шынайы махаббат

Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат қызық мол жылдар?
Ақырын-ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау, құрғырлар... – деген өлең жолын егде тартқан ер кісі қайта-қайта айтып, ауыр күрсініп келеді. Әлсін-әлсін қызына қоңырау шалып: «Кемпірім қалай жақсы ма? Қазір жетіп қаламын Алла қаласа, мамаларыңа қараңдар» деп тапсырумен келеді.
Жол үсті. Бағытымыз – облыс орталығы. Қазір такси қызметі жақсы дамыған. Бұрынғыдай пойыздың уақытын санап жүрмейсің. Тұраққа барсаң, көліктен көз сүрінеді. Ішінен тіпті ыңғайлысын таңдап отыруға да болады. Сондай ыңғайлы, жайлі көлікке жайғастық. Түзу жолдармен жүйткіп келе жатырмыз. Менің жаныма әлгі кісі жайғасқан. Сырт келбетіне қарап, оның кезінде қызметкер болғандығын оңай аңғаруға болады. Ескі сәнмен тігілген болса да, қыры кетпеген костюм-шалбар, галстук. Сыртынан үйлесімді етіп қара пальто киген. Бойы тік. Еңсесін көтеріңкі ұстап сөйлегені, темекісін саусақтарының арасына қыстырмалап шеккені басшыларға тән қасиетті байқатып тұр. Мен қателеспеген екенмін, сәл ащы судан сілтеп алған ағамыз жол бойы әңгімесін айтып келеді. Кезінде ауданда жақсы қызмет жасап, басшы болып, кейін зейнетке шыққан соң, қалаға қоныс аударған. Сонда да ауылды көңілі аңсайтын көрінеді. Арагідік сағынғанда ауылға келіп тұруды әдетке айналдырған екен.
– Шіркін! Көз көргендер, туған мекен. Қай кезде адам баласы үшін туып-өскен өлкеден артық жер жәннаты жоқ екен ғой, – деп бастады ағам әңгімесін.
Мен теңіздің жағасында өскен баламын. Сендер ол керемет кезді көрген жоқсыңдар. Біздің бала күнімізде асау толқын ауылдың іргесіне ұрып жататын. Әкелеріміз балық аулайтын. Тұрмысымыз тәуір, берекелі болды. Кейін теңіз тартылып, алапат басталды. Қазіргі жастарға кейде жаным ашиды. Шынымен де, экологиялық апатта өмір сүріп жатырмыз. Қазір ауру да көп, қатер де көп. Біз жалаң аяқ құм кешіп жүрсек те, ауырып көрген емеспіз. Қайта денсаулығымыз шымыр. Әлі күнге дейін анау-мынау ауруларға дес бере қоймаймыз, – деді де, машинаның терезесінен тысқа көз тастады. Қарашы, міне, меңіреу дала. Мен үшін осы бір көріністің өзі көркем ғой, қарағым. Кешпеген жан қайдан білсін, бұл қыраттарда менің армандарым, балалығым, сағынышым жатқанын. Міне, бүгін дос-жолдаспен қимай қоштасып, тынымсыз тіршілік кешіп жатқан қалаға бара жатырмын. Балалар көнбеді, кемпіріміз екеуміз қарттық келген шақта Аралымнан алыстамас едік қой... – деді де, ауыр күрсініп, ұзақ үнсіз қалды.
– Құдай-ау, қайда сол жылдар
Махаббат қызық мол жылдар?
Ақырын-ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау, құрғырлар... деп ағам қайта әндетті.
– Әй, шопыр бала, үйленгенсің бе-ей?
– Иә, аға, жақында шаңырақ көтердім, – деп көлік тізгіндеп келе жатқан жігіт жарқын жауап берді.
– Е-е-е, дұрыс екен. Бақытты болыңдар! Жас күнде жардың қадіріне жетіп болмайсың. Ұрысасың, керісесің, тіпті ұрасың. Бірақ сол әйел сенің қандай қылығыңды да кешіріп, балаларыңды бағып, бабыңды жасап отырады. Алғаның жақсы болса, әрине. Кейін жас келе ақылға салсаң, сол жарыңның ғана шын жанашыр екендігін түсінеді екенсің. Ағаның бұл сөзіне бәріміз езу тарттық. Шопыр бала:
– Кезінде апамды көп ренжіткенсіз-ау, аға, – деді.
– Иә, кейде өкінемін. Дос та, жақын да, әріптес те, тіпті бала да тап жан жолдасыңдай саған жанашыр бола алмайды екен. Қазір қартайдық, кемпірімнің денсаулығы сыр беріп жүр. Бар уайымым сол. Балаларыма қайта-қайта хабарласып, тапсырып жатқаным сол ғой. Қазір кемпірімді сағынып келе жатырмын. Бұл дүниеде қартайған шақта кемпіріңнің қасында отырып, қолын ұстап жатқанға ештеңе жетпейді екен...
Ағамның әңгімесіне мастықтың буымен айтып отырған әзілі болар деп басында күлген едік. Бірақ шындығында ол кісінің осы әңгімені айтып отырғанда жанарына үңілдім. Сондағы көргенім – өмірлік серігіне деген қимастық пен сыйластық нұры төгіліп тұрды.
Аға сөзінің арасында «Мен Тәңірден кемпірімнен бұрын менің жанымды ал деп тілеп отырмын» деген сөзін естіп қалдым. Расымен де, өмірдің көбін көрген ағамыздың осы бір сөзі ерлі-зайыптылардың арасындағы шынайы сыйластық пен қамқорлықтың ешқашан өшпейтіндігін көрсетіп берді.
Н. МАРАТҚЫЗЫ 
27 ақпан 2021 ж. 385 0