Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Анама

Жаным, ана,
Саған қарап бәрі де тына қапты,
Жайып тастап қырық бір құмалақты.
Саулық тілеп түгелдеп отырсың ба,
Жақын туыс, ағайын, жұрағатты.

Анашым, айналайын ардағымсың,
Мойымай көтересің жалған ісін.
Шалқыған шабытың да керек емес,
Сағынған көңілімді толғау үшін.

Мен де анамын, өзіңнен жырақтамын.
Жырымменен бүгін саған сыр ақтардым.
Сұрарым көп өзіңнен, аман болшы,
Жауапсыз қалмасыншы сұрақтарым.

Түсімде жыласам да жұбаттың сен,
Кірбің салса жүзімді қуанттың сен.
Сенің дархан көңіліңе теңеу бар ма,
Жауабын таппай жүрмін сұрақтың мың.

Сәл қиналсам өмірден түңілемін,
Боркеміктей үзіліп бүгілемін.
Не көрсе де қаймықпай қарсы жүрген,
Қайсарлықтың сырына үңілемін.

Үңілсем де таппаймын жауабын мен,
Таңырқаумен табынып қаламын мен.
Жылатасың жалғанды жаным ана,
Шуақ төккен мейірлі жанарыңмен.

Сен дарасың, мен үшін ерексің сен,
Тамыры терең саялы терексің сен.
Ана болып өзіңдей жүрсем - дағы,
Жаным ана, мен үшін керексің сен.

Сен үшін бәрін, бәрін берем,
Саулығыңды тілеймін Тәңірден мен,
Бар әлемнің тербейсің тыныштығын,
Әлдилі әніңменен.

Нұржамал ҚҰРМАНАЛИЕВА,
Жаңақұрылыс ауылының тұрғыны.

05 наурыз 2021 ж. 733 0