Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "ҚАЙЫРЫЛЫП ҚАРАСА..."

"ҚАЙЫРЫЛЫП ҚАРАСА..."

Сірә, 2019 жылы-ау деймін, республикалық бас басылымның ғасырлық тойына арналған ең қысқа әңгіменің байқауы жарияланды. Сонда бір автор: «Қайырылып қараса, баласы ізін басып келе жатыр екен, жүрісін түзеді...» депті. Бар болғаны осы.
Иә, басы да, аяғы да осы. Қысқа да нұсқа. Ал тереңірек зер салсаң ше? Ауыр салмақ, қордаланған көп мәселе жатыр. Ізімізді басып келе жатқан жаңа буынды түзу жолға бастауға пейілдіміз бе, әлде өзіміз омақата құлап жүрміз бе, деген сауалды алдыңа тастағандай ма, қалай?!
Ақын Жарасқан Әбдірашев тұнғыш ұлы Рүстемді алғаш оқуға апара жатып:
Жатқызды қыртыс, қырымды
Жылжыған жылдар өтектеп...
Мектепке тұңғыш ұлымды,
Келемін үнсіз жетектеп,
Салқыны күздің соғады,
Ойлантпас қалай ол сені,
Жанымда томпаң қағады
Жанымның құйттай бөлшегі
Көрдіңіз бе, «Үнсіз» жетектеп дейді. Үміт те бар, қауіп те бар. Өзіңнің қыртыс-тыртысын өтектен өткізгендей ғып жазған нешеме жылдарды еске ала тұрып, енді ұлым қайтер екен, ізіммен жүре алар ма екен, әлде бұрылып, басқа жолға түсер ме екен деп, әке байғұстың ойы он сан-саққа кетіп, уайымдап тұр-ау!
Иә, Жарасқанның үміті ақталды. Рүстем Әбдіраштың елге танымал кинорежиссор екенін жұрт біледі.
***
Осындайда ақберен азамат Тоғыс Жұмашев еске түседі. Азаматым-ай десеңші! Ол дау-дамайы көп «Қызылордаотынның» Аралдағы бөлімшесін басқару ұсынылғанда, мызғымас деген Одақтық іргесі сөгіліп, ақыры құлап, республикалардың жөн-жөніне тараған, өтпелі кезеңнің халықты бидайдай қуырған нарықтық дәуірдің бастау кезі еді. Тоғыс болса нағыз тас шайнап, мұз жалайтын, аса жігерлі-шымыр, жинақы-тұғын. Осынша алапат күш-қуатын жүдеу жұрттың қам-қарекетіне жұмсады.
Қыраулы қыстың жайы белгілі. Аязы қақап тұр. Қатты отын тапшы. Оны мұнда жеткізу үшін алдын ала төлем керек. Халық болса айлығын, жәрдемақысын уақытылы ала алмай отыр. Содан Тоғыс мырзаңыз Жанқожа батырдың жорықтас серігі, бесінші атасы Бекмырза ханның әруағына сыйынып, айбарлана іске кірісті дейсің!
Арал мен Қарағанды арасы екі мың шақырымдай алшақ болса да ұшақпен, пойызбен, тіпті машинамен жетіп барушы еді. Жұрттың «Тоғыс жүрген жер соғыс» деген сыпсыңдарды да есітілді. Онсыз бюрократия «қамалы» алынбайтын да еді. Қалай десең де, экологиялық аймақтың тиісті көмірі жан-жақтан вагон-вагонымен Аралға келіп жатты...
Енді бірде «Ортақ өгізден, оңаша бұзау» дегендей, Тоғыс «Қызылордаотыннан» бөлініп, өз алдына серіктестік құрыпты. Және Әйтеке би (Қазалы ауданының орталығы) мен Сексеуіл стансасынан филиалын ашыпты. Сөйтіп және отыздай жерлесіне жұмыс тауып берді. Ойға-қырға жүгіріп жүкті тиеу-түсіру техникаларының да орайын келтіріпті. Бір кездері сан түрлі проблемалармен бетпе-бет келген «Аралотынның» бұл күндері бюджетке жыл сайын 12 миллион теңгеден астам қаржы құятын дәрежеде, деген сүйінші хабар да дүңк етті.
– Ой-й, бәрекелді-ай! –дестік.
Оның іс-қимылына ел-жұрты құлақ түре бастады. Құрбан айтқа мешітте түйе сойыпты. Түйе болғанда нар екен. 600 кило таза ет берітпі. Соны мүмкіндігі шектеулі жандарға үлестіріпті. Жалғыз басты Ұсынадин мен Күнсұлу кейуананың үйлерін жөндеп беріп, күнделікті тұрмыстық қажетін өтеуді мойнына алыпты. Арал мен Қазалыдағы қарастығы жоқ жанұяларға 200 тонна көмірді тегін босатыпты. Жамбыл облысындағы зілзалаға, су тасқынына ұшырағандарға, жас таланттарға, спортшыларға, тағы-тағыларға қаржылай қолдау жасапты... Ол аудандағы қайырымдылық шаралардың тұңғыш ұйымдастырушысы, көшбастар демеуші, үздік салық төлеуші, тәуелсіздіктің 10 жылдығы мерекелік медалі мен облыс әкімі төсбелгісінің иегері де... Алатау баурайындағы жасыл шыршалардың шыбығын арнаулы машинамен алдырып, әуелі оқыған мектебінің ауласына отырғызғанын айтсаңшы... Бостандық күрескері Бекмырза ханға зәулім кесене тұрғызып, Қытайдан мүсінін соқтырып, ескерткіш қойғанына қалай таңданбассың!
1998 жылдың көктемі-ау деймін. «Наурыз айының 21-інде сағат 12.00-де «Бекмырза хан ауылына келіңіздер» деген шақыру алдық. Ал ертеңі наурыздың 22-сі, үлкен наурыз. Бұл қалай екен десек те бардық. Қатар-қатар киіз үйлер тігілген. Қазан-қазан наурыз көже асылған. Бас-көз болып би фатимадай асыл жары Несібелі жүр. Абысын-келіндері жанында. Тілек айтылып, бата берілді. Бұл дәстүр жылма-жыл қайталанғасын сол 1998 жылдан бері «Тоғыс—Наурыз» деп аталып келеді.
«Азырақ жүріп ортаңда, көңіліңде қалсам көбірек» деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, қайран ер 2009 жылдың маусымында көлік апатынан 53-інде көз жұмды. Бірақ ол көптің жүрегінде қалды. «Орнында бар оңалар» деген емес пе? Тоғыс бастаған салауатты істі аяулы ұлы, мамандығы заңгер Мейрамбек Жұмашев іле жалғастырып әкетті де, жұмысты Тоғыс Махамбетжанұлы Жұмашевті еске алуға арналған республикалық бокс турнирін өткізуден бастады. Оған Қазақстанның барлық өңірінен 1996-1999 жылдары туған жасөспірімдер қатысты. Мұндай берекелі іс-шара әлі күнге қайталануда. Ал кәсіп жайына келсек, қызмет түрі көбейді, өнім мөлшері артты. Байланыс шеңбері ұлғайды. Заманауи технологиямен жабдықталды.
Қазақта «Жарлыға қарас, жәрдемі тиер әр жерде, жақсымен жанас, шарапаты тиер тар жерде» деген ғой, Мейрамбек Тоғысұлының облыс пен аудандардағы қайырымдылық шараларынан қалыс қалған жері жоқ. Арал мен Қазалыдағы «Мектепке жол» акциясына, мүгедек балалар мен тұрмысы төмен отбасы шәкірттерінің түрлі фестиваль, конкурс, мерекелерге қатысуын ынталандыруға, қарттарға, мешітке, мәдениет пен медицина саласына, Ғ.Мұратбаевтың 110 жылдығына, Жанқожа батыр тойына, Жақайым ата асына, Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ақиректегі Арыстан баб рухына арнап кесене тұрғызуда, және-жәнелеріне қаржылай көмек қолын созумен келеді... Міне, әлгі де ғана аудандық «Толқын» газетінен оқыдым. Аудан намысын қорғайтын спортшыларды түгелдей арнайы спорттық киіммен жабдықтапты.
«Әке көрген оқ жонар» деген осы. М.Жұмашев «Ауданның үздік кәсіпкері», «Жастардың жанашыры» номинациясы бойынша марапатталуымен қатар, Елбасының Алғыс хаты мен «Атамекен» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы медалінің де жеңімпазы.
Марқұм Тоғыс Жұмашев Қызылорда облыстық мәслихатының 3-4 шақырылымдарының депутаты болса, Мейрамбек Жұмашев осы мәслихаттың VI және VII шақырылымдарының депутаты. Демек, халық қалаулысының ұлы да халық қалаулысы. Тоғыс марқұм қайырылып қараса да, өз ізімен түзу келе жатқан Мейрамбегін көрер еді де, е-е, Жаратқан ие, өзгелері де осы бағытты таңдағай деп бір марқаяр-ды.
***
Заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов соңынан ерген бауырларына арнаған өсиетінде үш жайға ерекше тоқталады да: "Арақты әу баста ем-дом үшін шығарған. Аздап ішсең дәру, көп ішсең у дей келіп, қатаң ескертерім: "Темекіге жолама!" дейді. Және бір баға жетпес құнды заттың уақыт екенін бағамдайды да, оның ата жауы құмар ойын деп ашық айтады. Ол немең уақытыңды ұрлаумен қоса, достарыңнан ажыратады. Өйткені, ұтылсаң, ақша болмай, бере алмауың мүмкін. Ұтсаң, қолма-қол ала алмай, араларыңның суып кетуі ғажап емес. Сондықтан картадан аулақ бол" дейді»
Үшінші өсиетінде "Біздің жасаған қателіктерімізді қайталамаңдар", –дейді де қайран Мұқаң, – өзі былайша ақталады, – жоғары оқу орнында оқып жүргенімізде қазақ қыздары орталау мектепті де бітірмейтін еді. Содан ба, «Тең-теңімен» дегенге әукеленіп «Қолымыз жеткеніміз» орыс қызына, одан кейінгілеріміз татарға, басқа ұлт бойжеткендеріне үйлендік. Ұлттың ұлт болып ұйытылуы бесіктен басталарына мән бермеппіз. Ал ұлттың ұлылығын сақтау үшін өз жұртыңның аруымен бас қосудың аса қажеттігін кеш сезіп, сан соғып жүрміз!
1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыста жау шебіне 305 рет шабуыл жасаған әскери ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры атанған және КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына үш рет сайланған Талғат Бигелдинов бір сұхбатында: – Мен Орынбикеге (кіші әйелі) үйленгенге дейін мешітте болған емеспін. Ата-әжелерімнің басына барғанда қол жаюды ұмытып кететінмін. Себебі, бұрынғы әйелдерім мұсылман болмады. 40 жылдай солардың жетегінде жүрдім. Атаққа мастанып жүрген жылдарым да болған шығар. Бірақ көзім бір нәрсеге жетті. Өзге ұлтпен дос, аралас-құралас бол, бірақ жарың болмасын. Өз ұлтыңнан артық жар болмайды екен. Балаң да анасының жағында. Соның тәрбиесінде болады. Қалай бауырыма бассам да, анасының тіліне, дініне ауып кетті. Енді кеш қалдым. Балаларым менікі деген аты ғана. Ұлты да, діні де, ойлау қабілеті де басқа. Осыған қатты өкінемін. Мені қайтадан мұсылмен еткен мына Орынбике,– деп кіші әйеліне разылық білдіреді.
Қайтесіз, солар көңілі қаласа үр қызына да қолы жететін тұлғалар ғой. Кім аяғын шалыс баспаған? Пенде емеспіз бе?
Әрине, көпке топырақ шашуға болмас. Мәселен, жарты ғасырдан бері жұптасып, айрандай ұйып отырған семья басшылары Әзілхан ініммен орыс келін Марияның татулығын ерекше айтар едім. Мария ененің де бабын тапқан, қазақшаға да су жорға, мұсылман дінін қабылдап, сиырды да сауып, қызметін де атқарып, ұл-қыздарын да ұядан ұшырып, келін түсірген, ағайын, көршіге де сыйлы, ұлағатты әжелердің бірі. Десек те, оқырман қауым, «Қайырылып бір қарайықшы», артта қалған ізден не көрінер екен?

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер
Арал қаласы
22 наурыз 2021 ж. 410 0