Түнгі тоналу
Өтежан Нұрғалиев, Жарасқан Əбдірашев үшеуміз бірде Жазушылар одағының фойесінде жиналыстан шығып тұрғанбыз. Жəкең қашанғысындай езу тарта жымиып алып, бір сөздi сабақтады.
– Кеше Қуандық (Шаңғытбаев) ағаның əңгімесін қимай, үйіне дейін шығарып салып едім. Есік алдына келгенде Қуанағаң: «Ақыры келіп қалдың, үйге кіріп, бір шыныаяқ шай ішіп шық», – деді.
Айтып келе жатқан əңгімесiн аяғына дейін тыңдап кетейін деп, «Кірсем – кірейін» деп келісе қойдым. Содан Қуан аға үйінің есігіне келіп, қоңырауын басып еді… арғы жағынан Жұмекен Нəжімеденов есік ашып тұр! Біз сасып қалдық. Жұмекен аға болса қатты қуанып, жарқылдап:
– Ассалаумағалейкүм, Қуан аға! Жарасқан інім де келіп қалыпты ғой. Үйге кіріңiздер, жоғарылатыңыздар, – деп күліп тұр. Ештеңе түсінсем бұйырмасын. «Көршiсi болар, пəтердің есігінен шатасқан шығармыз» деп ойладым. Сөйтсем, бұдан жарты ай бұрын Қуандық аға жаңа үйге көшіп, оның босаған пəтеріне Жұмекен ағамыздың отбасы ауысып кірген екен. Қуан аға оны есiнен шығарып алып, мені ескі əдетімен байқамай бұрынғы мекен-жайына ертіп апарған ғой. Амал жоқ, екеумiзге Жұмекен ағаның үйiне ерiксiз қонақ болып, Нəсiп жеңгейдiң мол дастарқанынан дəм татуға тура келдi.
Содан түн ортасында шығып, үйге қайтып келе жатыр едiк, бiр қараңғы көшеде бiр топ бандиттер бiздi аяқастынан қоршап алып, пышақ тақап, қалталарымызды тiнтiп, тонауға кiрiстi. Бəрi орысша сөйлейдi. Бiр кезде Қуан аға жерге жата кетiп: «Лежащего не бьют!» деп айқайлай бастады. Бəрi сол кiсiнi орнынан тұрғызбақ болып жатқанда мен қолымдағы сақинамды лып еткiзiп тез шешiп алып, туфлиiмнiң iшiне салып жiбердiм. Өйткенi сақинаны көрсе саусағыммен қоса кесiп алып кете ме деп қорықтым. Сондай оқиға болғанын бiреулерден естiген едiм. Қуан аға жерде жатып: «Я все это Жанибеку расскажу!» деп айқайлап едi, əлгiлер бiздi тастай салып, тапыр-тұпыр, дүркiреп қаша жөнелдi.
– Жəнiбек деген кiм едi? – дедiм.
– Қуандық ағаның баласы. Мықты боксер көрiнедi. Əлгi жүлiктер соның атын естiп қорықты ма, əлде дегендерiне жеттi ме, əйтеуiр iзiм-қайым жоқ болды. Бiрақ қалтамыздағы қалған-құтқан ақшамызды сыпырып əкеттi. Түк iстей алмай қалдық, – дедi Жарасқан.
– Ондай оқиға менiң де басымнан өткен, – дедi Өтежанаға. – Бiрде түнде келе жатқанымда менi де екi-үш жiгiт ұстап алып, кеңiрдегiме пышақ тақап тұрып, қалтамды түгел сыпырып алған.
– Кеңiрдегiңiзге пышақ тақағанда қорыққан жоқсыз ба? – деп сұрадым.
– Жоға, ондайда адам қорықпайды екен, тек «нервни-чить» етедi екен, – деп жауап бердi Өтағам…
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ
syrboyi.kz