Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйелім мен туған інім...

Әйелім мен туған інім...

Шайханада бір ағамен жолықтым,
Жолыққаным азап екен соны ұқтым,
Көздерінен қайғы көріп мен оның,
Сөздерінен жағамды ұстап қорықтым.

Ал, ол өзі ештемеден саспады,
Батылды екен шындығынан қашпады,
Мәдениетті мәнеріне салды да,
Ақырындап әңгімесін бастады.

-Мен өмірдің сынақтарын көп көрдім,
Қиын күнді бастан талай өткердім.
Аңғалдықпен дүниеге алданып,
Өз-өзімді жек көруге дөп келдім.

Өкінішпен жатыр енді өтіп күн,
Ақ арманға алған дейсің жетіп кім?
Бала-шаға қамын ойлап жұмыс деп,
Жарымнан да тым алыстап кетіппін.

Не қыл дейін?..бар ақылың толса нық,
Бұл күнімді өз басыңа көр салып.
Үйге кейде қонбай қоям апталап,
Қу тірлікке құл болғаным соншалық.

Дәл осылай зулап жатты жыл-апта,
Қызық өмір айналғандай жұмаққа!
Ойда жоқта, кенет бәрі тиылып,
Түсіп кеттім ең үлкен бір сынаққа.

Тамырымнан жүрмей қалып дұрыс қан,
Күйіп-пісіп жан-жақтағы ұрыстан.
Мазам болмай қатты шаршап бір күні,
Ерте қайтып кеттім үйге жұмыстан.

Есімде жоқ, сол күні көп іштім бе?
Есік аштым көлігімнен түстім де.
Өз бөлмеме кіріп қалсам, о, жалған,
Біреу жатыр әйелімнің үстінде.

Есім шықты, қайтіп уайым жемейсің?
Қасіретке душар қылды өгей сын.
Әйеліммен бірге жатқан жаңағы,
Туған інім болып шықты, не дейсің?..

Өз бауырым-өз анамның баласы,
Өз әйелім-өз баламның анасы.
Екеуін де қия алмадым өлімге,
Басқа түскен қиындықты қарашы?!

Шығып кеттім, шаңырақтан безіндім,
Бірінші рет надандықты сезіндім.
Содан бері барған жоқпын үйіме,
Келеді енді дала жақта көз ілгім...

...дедідағы әңгімесін тауысты,
Қайтеді енді? өр басынан бақ ұшты.
Бір жағынан-жымияды өтірік,
Бір жағынан-ойлап тұр-ау намысты.

Қалған жерін сұрауға да қысылдым.
Сезем оның өртеп жатыр ішін мұң.
Екі көзі жасқа толды мөп-мөлдір,
Ары қарай үндемеді ол. Түсіндім!

Мұхтар ЖАҚСЫЛЫҚ
03 сәуір 2020 ж. 1 127 0