Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кешірім жасау – көңіл кеңдігі

Кешірім жасау – көңіл кеңдігі

Мен өмірде қалағаныма қол жеткізе алмаған жанмын. Өйткені, енді отбасын құрып, бір үйдің егасы атандым деген сәтте бармағымды тағы тістедім, деп бастады әңгімесін бойын ашу ыза бойлаған ұзын бойлы, қараторы әдеміше келген жігіт.
         Темір тордың ар жағынан келіп өмір бастау да қиын екен, деп бастады әңгімесін Асқар. – Жастықпен қателесіп темір тордың ар жағына өтіп кеткенімді байқамай да қалыппын. Сол қателігімді өтеп, аман-есен оралдым-ау әйтеуір. Бауырларым да сағынышпен қарсы алды. Сәтін салып теміржол бойына жұмысқа да орналастырды. Енді шаңырақ көтеруді армандадым. Тілегім орындалып, өмірлік қосағымды жолықтырдым. Әйтсе де оның екі қызы бар екен. Өмір сүруге деген құштарлығым артқаны соншалық, жұртшылықтың пікірімен санаспай, сол келіншекпен бас қостым. Балаларын өз баламдай көріп, әкелік мейірім таныттым. Бір-бірімізге тез арада бауыр басып кеттік. Бар мұқтаждарымен қамтамасыз етіп, әкелік құшағыммен күн санап сағынысып көрісетін болдық.
         Бірақ өмірдің кейбір тұстарының адамға соққы болып келер шағы аз емес екенін түсіндім. Осылайша күндер жылжып жатты. Он бес күндік вахталық жұмысыма барып айтып жүрген едім. Демалысқа келдім. Таңертең үй алдындағы дүкенге шаруаммен барғанмын. Амандық-саулық сұрасқаннан соң дүкенші маған: "сен шылым шегесің бе?" деді. "Жоға, не үшін сұрадың, мен шылым сатып алып тұрғаным жоқ қой" деп жауап қайтардым.
         – Айтайын дегенім, сенің кішкене қыз балаң ара-тұра шылым сатып алып тұрады. Әкесі жұмыста, кімге қажет болды екен... деп сұрап жатқаным ғой,–  дейді өз сұрағына ыңғайсыздана.
         Сатушының сұрағына жауап іздеп, үйге асығыс кірдім де келіншегіме:
         – Дүкенге Гүлдейді шылымға жұмсаған кім? – сұрадым ашуға булығып.
         – Көрші үйдегі келіншек болар деді, – бұл сұрақты күтпеген ол.
Сол екпінмен көрші келіншекке сұрағымды қайталадым. Гүлдей де тосыннан қойылған сұраққа: "мен ешкімді жұмсағаным жоқ" деп жауап қайтарды сасқалақтап.
         – Ендеше, жүрші деп, келіншегіммен беттестіру мақсатында Гүлдейді үйге ертіп келдім.  Өзіне тағылған айыпты дәлелдеу мақсатында Гүлдей шыр-пыр болып әлек. Олай болса, "сен жауабыңды айтшы" – дедім келіншегіме. Ол өзінің шылымды тұтынып жүргенін амалсыз мойындады.
         Мен онан әрі ызыға булыға түстім. Өмірлік серік ретінде таңдаған жаннан қателескеніме өкіндім. Сыртымнан пышақ сұққандай халде болдым. Қуанған сәттерім су сепкендей таз арада басылып қалды. Сенің көмегіңе мұқтаж болып, жылылық сезінетін іздеген жанымды таптым дегенімде, өтірік деген пәленің арамызға енгеніне налыдым. Өз есебін ғана ойлағаны ма? Кедергілерге қарсы тұрып, адалдықпен ғана алдыға өрмелейміз деген сөзіміздің бәрі бекер болғаны ма? деген сұрақтарға іштей жауап іздеп әлекпін. Өмірлік серік ретінде таңдаған жарым өмірін өз есебімен өрнектесе қателескен екенмін деп тұрған сәтімде, қыздарым қолымнан ұстап: "әкешім, анамның қателігін кешіріңізші" деп жылап жатты.        Әрі-бері сергелдеңге түсіп, көп ойландым. Анам айтушы еді: "Өзіңді біреу алдаған болса не ренжіткен болса кешіре сал. Себебі ренжіткен адамды кешіру арқылы жаңа күш пен мүмкіндік аласың. Жаңа қатынас бастауға, сенуге және жақсы көруге үйренесің" деп.  Анамның сөзінің де әсері болар, кешіре білу де – мықтылықтың белгісі ғой деген оймен кешірдім, – деп сөзін түйіндеді.       
          Иә, өмір санға толы есеп емес қой. Кейде есебіңнен де жаңылып жатасың. Жазушы Қабдош Жұмаділовтың "Сіз, тегінде, өмір сүру деген оп-оңай деп ойлайсыз ба? Бұған біркелкі жауап табу қиын. Өйткені біреуге өмір сүру – жеп-жеңіл, ал екінші біреуге өте ауыр, тым қиынға түседі. Жаратушы Құдырет сізге қандай жүрек, қандай жүйке сыйлағанына байланысты. Өмірдің біреуге ауыр, екінші біреуге жеңіл болатыны содан деседі" деген сөзі бар. Осыдан-ақ өмір ауыртпалығын көтеретін де, көтере алмай жеңіл жол іздейтіндер де баршылық. Кешірім – көңіл кеңдігі. Сол себепті Асқардың осы әңгімесінен өмірде кездесетін түрлі жәйттерге салмақтылықпен қараудың маңыздылығын ұқтым.
Күнзипа Өтепбергенқызы
11 қараша 2019 ж. 849 0