Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өкінішті өмір

Өкінішті өмір

tolqyn.kzТілеу ақсақалдың тамағынан ас өтпей төсек тартып жатқанына 2 айдың жүзіи болды. Кәріліктің ауыр дертіне іліккен жаны жүдеу қария кейде өміріне өкпе айтып та алады. Кейде барына шүкір етіп, тәубесіне келеді. Не десе де, ол тағдырдың тәттісін де, ащы, кермек дәмін де татты. Міне, бүгін үшінші күн әлсіз тамырлары екпені де қабылдамай, жарылып жатыр. Медбике қыз жүзі жылы, жаны жүдеу тартқан ақсақалдың әңгімесін тыңдай жүріп, ол туралы бәрін біліп алды. Қартайған шағында жалғыз қалған ақсақалдың да жалғыз сырласы осы медбике қыз болды.
– Ата, бұл үйде сізден басқа ешкім жоқ па? Сізге кім қарап жатыр? –деп сұрады мейірбеке.
– Келінім мен үш немерем бар. Бірақ келінім күні бойы жұмыс істейді.Түн жарымында бір-ақ келеді. Менің балаға қарайтын шамам болмаған соң, интернатта оқып жатыр. Үйге тек демалыс күндері келеді. Тентектерімді сағынып жүрмін. Әл-қуатым барда бәрін де мойнымнан түсірмей бағып едім. Қазір жатысым мынау. Бүйтіп қор болғанша бейнетімді көрсетпей Хақ тағаламның құзырына кеткенім жөн еді. «Ажалың болмаса, 40 жыл соғыс болса да өлмейсің» деген ғой. Алладан әмір келмей тұр ғой, – деген Тілеу ақсақал ішкі сырын ақтара бастады.
– Қызым, анау тұрған суретті алып берші, – деп қария жарда ілулі тұрған көне суретті нұсқады. Суретке ұзақ қарап отырды да, өзінің бастан кешкен өмірін баяндай жөнелді.
– Мен әке-шешемді білмеймін. Ес біле бастағанымда олар жоқ болатын. Менің бір жарым жасымда қайтыс болған. Мені үлкен әпкем Үрзада бағып, өсірген. Ол сол кезде он бес жастағы қыз еді. Апамнан бөлек екі ағам болды. Төре – он жаста, Бектұр – он екіде. Біз қарақалпақ жерінде туып- өстік. Мен он жасқа келгенде апам тұрмысқа шықты. Әке-шешемізден мұра болған кішкентай үйде үш жігіт қалдық. Ағаларым әйел алатын жасқа келсе де, ешкімі жоқ жетім деді ме, ауылдықтар қыздарын бермеді. Өз күнімізді өзіміз көріп, күнелтіп жаттық. Апам да қанша дегенмен қыз бала ғой, бізге келіп қарайласып, оны-мұны тыққыштап әкеліп беріп жататын. 1941 жылы соғыс басталып кетті. Екі ағам майданға аттанды. Мен ол кезде 16 жаста едім. Жасым толмаса да, жалған құжатпен создырып алып, екі бауырымнан қалмайын деп майдан
даласына аттандым. Сондағы ойым – не көрсем де ағаларыммен көрейін дегенім ғой. Бірақ бізді таратып әр ротаға бөліп тастады. Мен Ленинградты азат ету жолында соғыстым. Ағаларым басқа батальонда шайқасты. Арагідік хат алысып тұрдық. Сұңғақ бойлы, ірі денелі, шапшаң қимылдайтын, әрі анау-мынау ауыр затты иыққа іліп алып жүре беретін қарулылығымды ескерсе керек, мені командир алғашқы күні-ақ назарына алды. Содан алдыңғы қатарда шайқастым. Майдан даласында жүріп көп жарақат алдым. Денемде содан қалған оқ іздерін көріп отырған боларсың, – деп медбике қызға қолы мен білегіндегі тыртықтарды көрсетті.
Төрт жылға созылған соғыс өрті басылды. Кеңес Одағы жеңіске жетті. Тұс-тұстан «уралаған» дауыстар естіліп жатты. Ал мен бұл жаңалыққа қуана алмадым. Өйткені тап осы күні қос бірдей бауырымның майдан даласында қаза тапқандығы туралы қара қағазды алдым. Мен барымнан айырылдым. Ес білгелі әкем де, шешем де болып, бар тәттіні менің аузыма тосып, өздері ашқұрсақ жатқан бауырларыма інілік ізет көрсете алмағаныма налыдым. Ыза мен өкініштен өзегім өртенді. Сөйттім де, тұтқында тұрған неміс солдаттарын жайратып салдым. Менің бұл қылығымды Сталиннің қатал саясаты кешірген
жоқ. Майдан даласындағы ерлік істерімді ескерместен темір тордан бір-ақ шығарды. Түрмеде жатып Мырзабек деген жаны жайсаң, иманды жігітпен жолдас болдым. Ол да жетім бала екен. Екеуіміз бірге босап шықтық. Содан досым:
– Тәке-ау, енді қайда барасың? – деді. Сол кезде мен қайда барарымды білген жоқпын. Ақыры ешкімің қалмаса, менімен бірге менің еліме жүр деді. Сөйтіп осында келдім. Мырзабектің үйінде бір баласындай болып кеттім. Бірде ауыл тойы тойланды. Жастар сауық құрып жатыр. Көзіме қараторы, шашы ұзын, көздері мөлдіреген қыз оттай басылды. Жанына жетіп бардым. Аты Айсұлу екен. Ол кезде ажарлы едім ғой. Сөйтсем, сол жердегі ең бай адамның қызы екен. Бұл тойды да сол кісі ұйымдастырып жатыр екен. Менің
маңайлап жүргенімді көріп, ауылдың Айсұлудан дәмелі бір жігіті тісін қайрап, қыр көрсетті. Біздің жанжалымыз
бәрінің назарын аударды. Айсұлудың әкесі өте әділ кісі екен. «Таластарың менің қызым болса, төбелесті қойып, халық алдында күреске түсіңдер. Кім мықты болса, қызымды соған жар етем» деп шорт кесті. Не керек, мен жеңіп, Айсұлуды жар етіп алдым. Бірақ анасы: «тақыр кедейге бергенің не, енді қалай өмір сүреді байғұс қызым» деп зар жылады. Шынымен де, менің түгім жоқ еді. Бірақ құдай берген қайратым бар. Бастапқыда біреудің жаман сарайын жалдап тұрдық. Төсенішіміз де жоқ тақыр жерде жататын едік. Күн-түн демей вагоннан зат түсіріп, небір түрлі ауыр жұмыстарды істеп, ақша жинадық. Мәскеуге барып, зат әкеліп саттық. Әйелім де менімен ақырындап бірге небір қиындықты көрді. Сөйте жүріп балалы болдық. Жағдай жақсарды. Үй- жайымыз болды. «Саудада береке бар» деп бекер айтпаған. Біз ең бай адамға айналдық. Айсұлу өте пысық еді. Бәрін ұршықша үйіріп әкетті. Менімен еріп бір рет барған соң Мәскеудің бар базарын біліп алып, өзі барып келе беретін болды. Балаларымызға елдің алды болып киім кигіздік. Не жеймін, не ішемін демеді. Мына үйді де сол кезде сатып алдық. Ішін дүниеге толтырдық. Елдің алды болып жайраңдап жүрген соң, жұрттың тіл-көзіне ілктік пе қайдам, Айсұлу екеуміздің арамыз дұрыс болмады. Жиі жанжалдаса бердік. Мен балаларымды алып, апамды іздеп Қарақалпақстанға кеттім. Барсам, апам үлкен әже болған. Мені көріп, өлгені тіріліп, өшкені жанғандай болып қуанды. Туған жерге келгеніме бір айға жуық уақыт болғанда Айсұлудың қайтыс болғандығы туралы хат келді. Ести сала келсем, маған хабар жеткенше екі апта өткен екен. Не керек, Айсұлуды жер қойнына тапсырыпты. Үй іші қаңырап қалған, дүниеден түк жоқ. Балалар да «мамалап» аналарын іздеп тұс-тұстан шулап жатыр. Ол кезде ес біліп қалған,бәрі мектеп қабырғасында оқып
жүрген еді. Жан дүнием қаңырап, бос қалғандай. Сол сәтте ғана бар дүниені ұмыттым. Байлық пен барлықтың, ақша мен дәулеттің бәрі қолдың кірі екендігін түсіндім. Енді бар жауапкершілік өзіме артылды. Алты баланы жеткізу, адам етіп өсіру менің борышым еді. Өзім жардан жас қалсам да, әйел атаулыға көз сүзген жоқпын. Балаларымды өгей анаға телмірткім келмеді. Кейде соныма өкінемін де. Қартайғанда қасыңда
кемпірің болмаса, дүние ғаріп екен ғой, – деп атай білдіртпей ғана көзінің жасын сығып алды.
         ...Енді баяғы баршылық дәурен артта қалды. Вагон түсірдім. Жалшылық жұмыс істедім. Балаларым да тұрмыстың жүгін бірге көтерісті. Үлкен ұлым жетіншіден кейін мектепті тастап, менімен бірге бауырларын бағу үшін қабырғасы қатпай жатып ауыр жұмыс істеп жүрді. Қайратым барда балаларымды аш-жалаңаш етпедім. Несін жасырайын, ананың тәрбиесі жетпеді. Ұлдарым тентек суға жақын болды. Өзіме тартқан өжет, тік мінезділіктері де бар еді. Сонысынан да талай мәрте түрмеге де түсті. Бірақ жаман бала болды деп айта алмаймын. Бауырмал, шаруаға пысық, ақкөңіл,жанашыр еді алтауы да. Өзімнің жетімдерім аз болғандай, тағы екі жетім баланы бауырыма басып өсірдім. Оларды да үйлендіріп, үй қылып, еншілерін беріп жібердім. Ешкімнің ала жібін аттап, қарғысын алмаған едім. Жаратқанның маған берген қайғысы артылмады. Ұлдарымды үйлендіріп, қыздарымды құтты орнына қондырдым. Немере сүйіп енді көңілім жайланды ма дегенде, ортаншы ұлымнан айырылдым. Аты Берен еді. Спортқа жақын, мінезі момын, өзге балалардан ерекшелеу де осы болатын. Бұл қайғы менің жүрегіме ақау салды. Сонан соң екі жыл өтпей жатып Рысбала қызым дүниеден озды. Осылай бес балам менің алдымда кетті. Олармен бірге мен де өлдім. Қазір құр сүлдерім ғана қалды. Келіндерім жақсы еді. Бір- бір үй болып, немерелерімді бағып, ұлдарымның шаңырағында отыр. Қолымда кіші келінім бар. Бұған да обал. Нан табу осының мойнында. Қара жұмыс істеп, қолдары тілім-тілім болып кешке бір келеді. Менің де тамағымды беріп, кірімді жуып, қарап отырған осы келінім. Өзім пенсия дегенді алып көрген адам емеспін. Баяғыда ерлігімді ескермей соттап жібергенде «ешқашан үкіметке қол жаймаспын» деп өзіме серт бергемнмін. Жеңіс күні парадқа барып, ел қатарлы тамашалап қайтамын. Бірақ соғыс ардагері болып құрметті орында отырмаймын. Міне, қызым, әркімнің өз пешенесіне жазылған тағдыры, ешкімге ұқсамайтын өмір жолы болады. Менің бұл фәниде бастан кешкен кереметім де, кемтігім де осы болды. Ешкімге өкпем жоқ. Тек өкінішім болмаса...
Тілеу атаның сырлы әңгімесін тыңдап отырыған медбике қыз атайдың солғын тартқан жанарына тіке қарады. Сөйтті де, өмірден бақытын таппай, үміті үзілген жанның жанарына тамған тамшы жасты көріп, қарт адамның жан күйзелісіне шыдамай, өзі де жылап алды. Атаны жұбатқысы келді. Бірақ не дерін білмеді...

Назерке Бақырадин
14 қазан 2019 ж. 1 105 0