Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » КҮНДЕЛІК ІШІНДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҚ

КҮНДЕЛІК ІШІНДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҚ

 Аманжол Жолмағамбетұлы сегіз жылдан бері күнделік жаза­тын қария. Көңілге түйгенін қағазға түсіріп, ел арасындағы бәтуалы сөздерді, газет-журналдан байқаған қуатты ойларды беттеп оты­руды әдетке айналдырған. Бармақ басына қалам байлай отырып жазған дүниесін бірінің үстіне бірін қойып өлшесең, белдің тұсына келіп қалады-ау, шамасы. Бұл – нағыз еңбек. Көз майын тауысып жазған дүниесін көзі қарақты оқырманға ұсынсақ деген ниетпен ақсақалдың үйіне арнайы барған едік.
 Қазақтың өзге ұлттан өзгеше бір тұсы бар. Біз–қиссалатып сөйлейтін, әңгімені қисынмен жеткізетін халықпыз. Айтарымызды түйеден түскендей етпейміз, әлқиссасын әріден бастаймыз. Әсіресе, көпті көрген қазақтың қарияларына жа­раса кететін болмыс бұл. Аманжол ағаның жазғандарымен танысуға барғанда кейіпкеріміздің бойынан көрген ең бірінші қасиет осы болды. Асықпайды, аптықпайды. Дастарқан басына жайғасқаннан майдан қыл суырғандай етіп бір-екі әңгіменің тиегін ағытты. – Мынау қазақтың кемеңгерлігіне таң қаласың кейде, – деп даусын бір көтере сөйлегеннен біздің құлақ тыңдауға кірісті.
– Таңғалатыным, ауыз әдебиетін, тәлімді сөзді көп қалдырған ғой қазекем. Жақында бір әңгіме оқыдым. Ел ішіндегі бүлік жайында. Ертеде бір бай бір адамның тамағын жеп, он адамның жұмысын істейтін, қолынан бәрі келетін құлды сатып алады. Бірақ, алар кезде сатарман кісі әлгі құлдың өз ісінің мықтысы екенін, соның ішінде ең ерекше меңгергені адамдар арасына іріткі салудың «шебері» екенін ескертеді. Бай бұнысын аса қатты елемей, жұмыскерлігіне қызығып сатып ала­ды. Құл шынында қара күштің иесі, тапсырманы мүлтіксіз орындай­тын еді. Бірде бай жолға шығады. Ауру қалса да, әдет қалған ба?! Құл бұрынғы салтымен байдың әйелін азғырады. «Күйеуіңнің көздегені не деп ойлайсың? Ол тоқал алуға атта­нып барады» дейді. Әйелдің әлсіздігі ғой, сеніп қалады. Оны байқағасын, құл одан әрі үдетеді. «Менің сиқыршылық қасиетім бар. Бай келген соң ұйықтап жатқанда оның үш тал сақалын пышақпен кесіп әкел. Оны дуалап, басқаға көз салмайтындай етемін» дейді тағы да. Содан келісіп, күткен күн де келеді. Әйелі күйеуі ұйқыға кеткенде пышағын алып, иегіне тақай бергенде, бай оянып кетіп, өзін бауыздайын деп жатыр деп ойласа керек, әйелін өлтірген екен. Міне, көрмейсің бе, бір ауыз сөз қандай бүлікке апарып отыр. Қазақтың ауызбірлікті ең бірінші орынға қоятыны осыдан ғой, – деп сөзге бұйда салды да одан әрі жете­лей кетті.
Қария қара сөздің дәмін келтіре отырып, тағы да бір-екі әңгімеге кезек берді. Тыңдай берер едік, бірақ уақытты сатып ала алмайсың. Сондықтан, қиссаларына құшырланып алған соң, күнделіктері жай­лы сұрадық. Басты көздегеніміз осы болатын. Қазір күнделік жазатын адам бар ма? Жоқ демейміз, бірақ сирек. Сол сиректердің қатарындағы Аманжол аға алдымызға қабат-қабат, қатқыл мұқабалы дәптерлерін әкеліп қойды. Қойды да, – мен бір жа­зушы емеспін, бірақ осыны ермек қылғалы он төрт дәптерді тауысып­пын. Ішіндегі – оқығандарымнан, күнделікті күйбеңнен тізбектеген ой­ларым ғой, – дейді.
Адам кейде айналасындағы оқиғаларды байқай бермейді ғой. Байқамайтыны көзі түспегеннен емес, көргенін түйсінбейтіндігінен. Өз- өзінен есеп алып отыру–ақылдың ісі. Қарияның жазғандарына қарап отырасың да, осындай ойға келесің. Тілшілік қызығушылық тұрғыза ма, алғашқы дәптерді ашып көрдік. Немересімен болған әңгімені жа­зыпты. Көз жүгіртіп жатқанбыз, қария қарқылдап бір күлді де «бұл немеремнің мені сөзден ұстаған кезін жазғаным ғой» деді.
– Бірде кішкентайды еркелетіп отырып, «папаңа неге темекіні қой демейсің? Сен айтсаң қоятын шығар» дегем, қызық көріп. Сонда әлгі боқмұрын «Кішкентай кезінде өзің айтуың керек еді. Енді менің айтқанымды тыңдай ма?» деп іле жауап берді. Боқмұрын дейміз-ау, жаны бар сөзді айтып тұр ғой. Мен ойланып қалдым сонда. Бұл әр үйде кезігетін жағдай шығар. Күліп қана қоямыз. Бірақ, астарында бала тәрбиесіне қатысты үлкен ой жатыр ғой, – деді.
Аманжол аға ұзақ жыл мұғалім болған адам. КСРО және ҚР білім беру ісінің үздігі. Мектептегі дағды шығар. Жазған дүниесін құнттап от­ырады. Кәдімгі папка-папка етіп, өз орнымен қойған. Одан бөлек, таңғалғанымыз ел арасындағы әңгіме, газет-журналдағы қуатты ойларды жазуға арнайы дәптер арнапты. Оны­сы да қабат-қабат боп жиналып тұр. Халық арасындағы баталы сөздің барлығы соның ішінде. Құжатқа құнттылығы ғой, қажеттілерін қызылмен түртіп, оңай табатын етіп қойған. Жазуды ермек ете отырып, жансарайын кемелдендіріп жүр.
Бата деген киелі ұғым бар ғой қазақта. Тәңірден тілемей тірлік бастамаған халықпыз. Бет сипа­май ісіміз оңалмас дейміз. Міне, осы батаның да қадірін көтеріп жүрген кісінің бірі – Аманжол аға. Қазалыда қазақтың ауыз әдебиетін дамы­ту мақсатында аузына жұрт қараған қарияларды жинап жарыс өткізіледі. Сол бәйгеде кейіпкеріміз жүлдені бермей, сөз-жүйрік атанған. Одан бөлек, аудандағы түйткілдердің түйінін тарқатуға атсалысып келеді. Ай­дынды өңірдің айтылмай жүрген мәселелерін мінберге жеткізіп, шешілуіне де үлес қосып жүр. Алған марапаттары да осындай жанашырлығының арқасында болса керек.
Қазір жазудан алшақтап бара­мыз. Жазғаны былай тұрсын, оқуға да уақыт табылмайтын кез бол­ды. Оның үстіне қаламды компью­тер ауыстырған заман ғой. Ал, парақ бетіне парасатты сөздерін жиысты­рып жүрген қарияларды көргенде қуанасың. – Бұнымен тарихта қалайын деген ниет жоқ. Тек ойларымды түсіре берейін, кейін балалар қажетіне жаратар деген тірлік біздікі, – дейді ол.
Ал біздің мақсат – оқырманға ой тастау. Күйбең тірлік ешқашан бітпейді. Дегенмен, осының арасын­да уақыт тауып, өмірден түйгеніңізді күнделікке түсіріп жүрсіз бе? Соңғы рет қашан өз-өзіңізге есеп бердіңіз?
М. ҚҰРМАНӘЛІ
21 қаңтар 2019 ж. 1 180 0