Бақытымды ауылдан таптым

– «Шаруаларым көп, асығыспын»,– деп жауабын қысқа қайырды. «Тік мінезді екен ғой» деген іштей ой болды. Мен де қатулы қабағыммен бір қарадым да, сөмкені сүйрете вагоныма қарай беттедім.
Бұл жолы жолсеріктердің де жұмысы қауырт болып кеткен-ау шамасы. Жолаушыны мінгізбестен бұрын, жол жүру билеттерін тексеріп жатыр. Ал билетсіз жолаушыны тіптен маңайына жолатар емес. Билетімді бере қояйын деп, кішкене қол сөмкемді иығымнан алмақшы болып едім, жоқ екенін байқадым. Жанымда тұрған бір қызға киім салынған үлкен сөмкені қарай тұруын өтіндім де, әлгі такси келіп тоқтаған жаққа жүгіре жөнелдім. Келсем, мені алып келген көлік кетіп болыпты. Не істерімді білмей сол жерде тұрдым да қалдым. Маған аса қажетті билет те, төлқұжатым мен ақшам да сол сөмкеде кетті. Бұл сапарымның сәтсіз болғанын сездім. Сәл бөгелдім де, үйге қайтып оралдым.
Мені вокзалға алып келген әлгі көлік пен жүргізуші де есімде. Дереу іздеуге кірістім. Ол көлік маркалары қалада саусақпен санарлық болған соң, табу қиынға соқпады. Алайда, тапқан көліктің тізгініндегі жігіт басқа болып шықты. Мән-жайды түсіндіріп, тауып беруін өтінген едім. Қалта телефонымен біреуге қоңырау шалды. Сөйтсем, менің сөмкемді алған және мені вокзалға алып барған жігіт көлік иесінің інісі болып шықты. Дереу үйіне бардық. Сөмкемді алмақшы болып едім. Маған айтар өтініші барын жеткізді. Мен ашуланған күйі қандай өтініш деген едім. Аты-жөнім мен телефон нөмірімді беруімді өтінді. Қарсы болмадым. Өзі де ауылдың ақ жүрек жігіті екен. Ол кезде бәлкім бағым болар деген ойымда да болған жоқ. Сөмкемді алып, үйге оралдым. Сол сәтсіз сапардан соң, менің өмірім күрт өзгере бастады. Жұмысым жөніне қалды. Бәлкім, осының бәрі қазіргі өмірлік жарымды жолықтырған сол кездердегі тағдырдың маған тарту еткен сыйы шығар. Мен осылайша үш ұйықтасам түсіме кірмеген ауылға келін болдым. Ауылда бәрі жақсы. Әр үйде үй телефоны бар. Сол арқылы қаладағылардан хабар алып тұрамыз. Есесіне, ауылда телефон шұқылап, бұрыш-бұрышта тұрған жанды жолықтырмайсыз. Барлығы да қайнаған тіршіліктің бел ортасында жүр. Тауық оянғаннан бастап мал сауу, отын жағу, шай қою сынды тіршіліктер басталады. Содан кеш түскенше қарбалас. Бірақ ауыл өмірі сонысымен қызықты. Балалармыз алаңсыз асыр салып ойнайды. Қауіп тигізер оқыс жағдайлар қаладағыдай жиі болмайды ғой. Сондықтан ештеңеге алаңдамаймыз. Таза табиғи өнім пайдаланған соң денсаулығымызға да көп шағым айта бермейміз. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың жайлы тірлігі мен ақжарқын жұрты мені өзіне баурап алды. Мен сол бір қазақы байлықтың бел ортасында болғандықтан, басқа өмірді қаламадым. Бұл байламым үшін ешқашан өкінбеймін, қайта бақыттымын.
Менің ауылға келін болып түсуім жайлы оқиға осыдан жеті-сегіз жыл бұрын болған еді. Жай ғана таныстығымыз махаббатқа ұласқан біз, бүгінде үлкендер жол салып берген берекелі шаңырақтың бақытты мүшесіне айналдық. Бүгінде өзімді бақыттымын деп есептеймін. Алланың берген перзенттері бар. Бәлкім, мен сөмкемді ұмыт қалдырмағанымда, өмірім басқалай өрілген болар ма еді. Әйтсе де, өткеніме де, қазіргі күнім үшін де шүкір деймін. Мен өзімді бақытты ана, аяулы жар, келісті келінмін деп есептеймін. Және сол сенімді ақтауға тырысып жүрмін. Өзімнен кейінгі сіңілілеріме бүгінгі күнімді арқау етіп «ауылға келін болғанның әбестігі жоқ» дер едім. Себебі, бақыт іздеген жанға ауыл мен қаланың айырмашылығы жоқ. Мен соны ұғындым. Егер ауылды таңдаған болсаңыз, ұтарыңыз да көп болар.
Айнұр АБДУЛЛАЕВА.