Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Пышақ пен қамшы

Пышақ пен қамшы

Жұмыста отырғанмын. Аяқ астынан қайта-қайта айғайлаған бір ащы дауыс шықты. Баспаны басына көтеріп барады.
«Не болып қалды?!» – деп бөлмеден атып шықтым. Ащы дауыс директордың бөлмесінен естіліп жатыр. Жүгіріп кірсем, ат шаптырым кабинеттің ортасында Шона Смаханұлы ағамыз біреуді жерге алып ұрып, үстіне атша мініп, алқынып отыр екен. Ауық-ауық:

– Тұрсынзада! Адам! Дүйсенбек! – деп өзі ышқына айғайлап қояды. Даусы құлақты кесердей тым өткір-ақ. Қос қолымен аттың жалына жабысқандай желкесінен қатып ұстап алған. Жерге жаныштап, тізерлей мініп отыр. Астындағы иленіп жатқан кісіде тырс еткен үн жоқ. Баспамыздың бастығы Әбілмәжін Жұмабаев ағамыз боп-боз болып, креслосының жанында сілейіп тұр. Әлденеден тілі байланып қалған сыңайлы. Аса мәдениетті, сезімтал кісі мұндай оқыс оқиғадан есі ауып қалған болуы керек.

– Тұрсынзада! Адам! Дүйсенбек! – деп қоймай айғайлайды Шона ағамыз. Ентіксе де даусы әлемге жетіп жатыр.

– Шөке, олар жоқ, мен келдім, – дедім мен.

– Сенің керегің жоқ. Шамаң келмейді. Мынау жатқан ит тұрып кетуі мүмкін. Шақыр ана дәу ағаларыңды! Дүйсенбек! Тұрсынзада! Тез жетіңдер!

– Шөке-ау, не істеу керек? Айтсаңызшы! – дедім мен оның астында етпетінен жатқан кісіге үңіле қарап.

– Шөке, босат, қоя бер… Мен қойдым… – деді астындағы кісі. Даусынан таныдым – жерде жатқан ақын Тоқаш Бердия- ров екен.

– Сен қоймайсың! «Қойдым» дегенің өтірік! Ұлықбек, шақыр деймін Тұрсынзаданы. Шақыр бір-екеуін. Дәулерді шақыр. Сенің әлің келмейді. Бұл қанішер тұрып кетсе, екеумізді де ұрып кетеді. Мен басып отыра тұрамын. Тез жүгір! Осы кезде Шөкеңнің ащы даусына қараң-құраң кісі жиналып қалды. Іштерінде ол шақырған Тұрсынзада Есімжанов, Адам Мекебаев, Дүйсенбек Қанатбаев та бар. Кілең денелі жігіттер.

– Шөке, тұрсаңшы, болды ғой… – дейді әбден жуасыған Тоқаш аға үні құмыға шығып.

– Шона ағамыз орнынан тұра қоймай, Бердияровтың белінде отырған күйі жиналғандарға өз қылығын түсіндіріп әлек:

– Әлгінде директордың кабинетіне қолжазба көтеріп кіріп келсем… Мынау оңбаған… Әбекеңе пышақ салайын деп… жалаңдатып… пышағын кезеп тұр екен. Кәдімгі үлкен пышақ! Қолында! Енді болмағанда Әбекеңді жарып тастамақ! Бастықты пышақтатып қарап тұрайын ба? Жүгіріп келдім де, бас салып, қолын қайырып, пышағын тартып алдым… Өзін жерге алып соғып, содан бері басып отырмын. Құдай қолдап, күш қосты. Қалай алып соққанымды өзім де білмеймін. Енді қоя берейін десем, тұрып кетсе, әл бермей, сабап кете ме деп, қорыққанымнан жібермей басып отырмын.

– Шөке, болды ғой, қоя бер, саған тиіспеймін, – дейді Тоқаш аға тұқырып жатып. Бәріміз жабылып алдымен Шонаны, соңынан Тоқашты орнынан тұрғызып, ажыратып қоя бердік. Тоқаң бойын жазып, үстін қаққыштап тұрып, онсыз да өзіне-өзі келе алмай аңтарылып тұрған баспа бастығына:

– Кітабымды биыл шығармасаң бәрібір бір күні бауыздап кетемін! – деп доқ көрсете шығып кетті.

– Айттым ғой қанішер деп… Өздерің естідіңдер. Көрдіңдер ғой! Міне, мен болмағанда… Нақақ қан төгілетін еді. Құдай айдап кіре қалмаймын ба? Қолында мынадай үлкен пышақ (Шөкең білегін созып көрсетті)! Қайда кетті өзі? Осы жерде жатқан шығар… Қанжар болуы керек! Осы жерде, ешқайда кеткен жоқ.

– Мынау ма? – деп мен үстел астында жатқан бір бәкіге көзім түсіп, жерден көтеріп алып шықтым. Кішкентай ғана бәкі. Ұшы тұтамдай ғана. Қарындаш ұштауға жараса жақсы. Шөкеңнің көзіне зорайып көрінген сияқты. – Тіпті титтей ғой, – дедім мен.

– Жоқ, оның пышағы бұдан үлкенірек болатын, – деді Шона ағамыз бәкіні танымай.

…Бірер апта өтті. Бір күні ойда-жоқта бөлмеге тағы да Тоқаш аға кіріп келді. Өткен жолғыдай емес, түсі жылы, кіреберістегі менің сәлемімді алып, адамша төрге оза беріп еді, Шона ағамыз орнынан қарғып тұрып:

– Кет, оңбаған, кет! Жақындама! – деп даусы шаңқылдап, үстелінің суырмасынан мен көрмеген бір дырау қамшыны суырып алып, төбесінде үйіріп-үйіріп жіберді. Ауаны тіліп ысылдаған қамшыдан лажсыз ыққан Тоқаш аға:

– Ау, Шөке, сәлемдесуге болмай ма? – деп қауіпсіздеу жерге шегініп тұрды.

– Шық деген соң шық, қанішер! Сенің сәлемің де, өлеңің де керегі жоқ! Ендігәрі бұл бөлмеге аттап басушы болма! Шық! – деп Шона ағамыз бұрынғыдан бетер айбат шегіп, қамшысын одан әрмен үйіре түсті. Тоқаң мырс етіп күліп, сыртқа шыға жөнелді.

Кейін осы оқиға тағы бірнеше мәрте қайталанды. Тоқаш кіріп келсе болғаны, Шөкеңнің шаңқ еткен ащы даусы шығып, қамшысы ысылдап қоя береді. Тоқаңның сәлемдесуге шамасы келмей шыға жөнелетін болды.

Бірде Шона аға екеуміз жұмыстан бірге қайттық. Алыстан Тоқаш ағаны көріп қалған мен:

– Шөке, алдымызда, әнеу бұрышта біреулермен Тоқаш Бердияров тұр. Ішіп алған сияқты. Қазір келіп ұрынса қайтесіз? Қорықпайсыз ба? – дедім.

– Несіне қорқам? Жақындап көрсін! Қамшымен тартып-тартып жіберейін! – деді ол.

– Қамшыңыз кабинетте қалған жоқ па?

– Тоқаш сыртта жүргенде қамшымды бөлмеде қалдырып мен жынды болыппын ба? Қамшым өзімде. Қайда жүрсем де алып жүремін, – деп Шона ағамыз жеңінің ішінен дырау қамшысын суырып алып, төбесінде үйіріп-үйіріп қойды. Бұзау тіс қамшы ауаны осқылап, жыланша ысқырды.

Ұлықбек Есдәулет

syrboyi.kz
24 наурыз 2021 ж. 740 0