Зардап шеккендердің саны жетіге жетті: Қостанайда газ жарылып, өрт болды

"Адамдар көмектесті. Оқиға ауық-ауық есімде. Не болғанын түсінбедік. Ғимарат қирап жатты. Аман-есен шығуды ойладық. Қызметкерлерді дер кезінде құтқардық", - дейді зардап шегуші.
Апатқа табиғи газбен жұмыс істейтін құрылғы себеп болған деп болжайды облыстық төтенше жағдайлар департаменті. Жарылыстан кейін үйінділердің ішінен өрт тұтанып, тілсіз жау айналаны шарпыған.
"Бұл бекетте автокөліктерге газ орнатады. Бір кісі көліктегі газымда ақауым бар деп келіпті. Алдын ала болжам бойынша, сол ақаудың кесірінен жарылыс болған", - дейді Қостанай облысы ТЖД бастығының орынбасары Руслан Орынбек.
Оқиғадан жеті адам зардап шегіп, бесеуі ауруханаға жедел жеткізілді. Екі адам бас жарақатын алып, жансақтау бөлімінде жатқандар бар. Зерттеу нәтижелері бойынша адамдарды екінші және үшінші дәрежелі күйік шалған.