Орамалда кие бар
Ақжаулықты ана, ақ кимешекті әже… Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, қандай жарасымды. Бала күнімде орамалдың қасиеті туралы әжемнен жиі еститінмін. Егер әйел кісі орамал тартса, иманының күшейгенін байқатады» деуші еді марқұм әжем. Ол ұйықтап жатса да басынан орамалын тастаған емес. Себебі оның да өз құпиясы бар.
Сүлгіні жаба салды…
Ал қазіргі күні орамалға деген қасиет қаншалықты деп ойлайсыз… Бірде танысымыздың үйі құдайы жол берді. Жан-жақтан ағайын-туысы келді. Дастарқан басында отырған қыз-келіншектердің біразы жалаңбас екенін көзім шалды. Арнайы дін өкілін де шақырыпты. Бір кезде Құран оқылатын болды. Әдетте ондай кезде орамалсыз отыруға болмайтынын жақсы білеміз. Содан әлгілерге орамал тарту керектігі сол кезде естеріне түссе керек, жалма-жан орамал сұрата бастады. Бірі дастарқандағы майлықты, енді бірі сүлгіні бастарына жаба салды. Құран оқылып болғаннан кейін дін өкілі оларға орамалдың қаншалықты қасиетті екенін байыппен жеткізді. Сол кезде отырғандарға сабақ болды деп ойлаймын.
Расында да, айдың, күннің аманында аналардың көбі жалаңбас жүр. Бастағы орамалдың мәнісі де жат жұрттық болып, ана атану еді. Қазір қызы да бір, анасы да бір. Баяғыда үлкендер шашта қасиет бар, ол жуып, күтілмесе, ұзатылған соң көзден жаулық арқылы көлегейленбесе қасиет қайтады деп айтатын.
Қарап отырсаңыз, орамал тартпайтын әйелдер қауымы біртүрлі көрінеді. Әсіресе орта жастан асып, немере сүйіп отырған кейбір апаларымыз бен самайын ақ қырау шалған әжелерімізді жалаңбас күйде көргенде ыңғайсызданып қаламыз.
Кезінде күнкөріс қамымен ауылдық жерлерден қалаларға аттанған әйелдер қауымының арасында да барған ортасының ықпалымен орамалын шешіп, шаш бұйралап, әлгілердің легіне ілесіп кете барғандар көптеп кездесті. Яғни қалаға келіп, орамалын тастады. Мейлі, өз-өзіне қарап, әдемі бола берсін. Бірақ орамалды ұмытуға бола ма? Қазақта «Әйел орамал тартпаса арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың назары түседі» деген сөз бар. Міне, талай ақынның жырына, шешендердің нақыл сөзіне арқау болған орамал қадірінің төмендеп кеткенін сезінгенде іштей қынжыласыз.
Әже әңгімесі
Негізі өзім көбіне ата-әжелермен әңгімелесіп, өнегелі сөздерін тыңдағанды, жазғанды ұнатамын. Жақында қала тұрғыны ақжаулықты әжеміз Шыныркүл Аманатқызы орамалдың қасиетіне ерекше тоқталған еді.
– Орамал – ана екеніңді, біреудің Құдай қосқан жары екеніңді, ақ-адал ниетпен аттаған шаңырағың бар екенін білдіретін белгі. Басты қасиеті де осында жатса керек. Жалпы қазақта оның қадірін ұқтыратын әдет-ғұрып пен жөн-жоралғы баршылық, – деп ақжаулықты әжеміз әңгімесін жалғастырды.
Ырымдардың бірі ретінде араша үшін ортаға орамал тастау ишарасын айтуға болады. Бұл көбіне жесір дауы орын алып, екі рулы елдің арасы бүлінуге шақ қалған кездерде болған. Бұдан бөлек, басқа да келеңсіз жағдайдың кесірінен туындаған ағайын арасындағы тартыс кезінде тіпті бүкіл ел өміріне зардабын тигізетін оқиғалар барысында беделі жоғары, сыйлы аналар тараптарды арашалап, бейбіт келісімге, мәмілеге келуге шақыру мақсатында орамалын ортаға тастаған. Ал ананы сыйлайтын, орамал қасиетін бағалайтын ер азаматтар әлгі орамалдан аттап өтуді ар санап, оның киесінен тайсақтап, қара күшке емес, сөзге жүгініп, келісімге келген. «Өзім басымнан орамалымды тастаған емеспін. Қазақ қыздары да орамалсыз жүрмесе екен» деген ойын жеткізді әзиз әже. Міне, кереметтілігі де осында.
Қала тұрғыны Мира Рахметова да орамалдың мәнін ұққан жан. Ол кісі үйде де, түзде де орамалмен жүреді. «Орамалым болмаса, басым ауырады» деп отырады. Оның келіндері де осылай тәрбиеленуде.
Тілші түйіні:
Иә, кешегі ата-әжеміздің ақ жаулықты қадірлей білгенінің себебі мен астарына үңіліп, бабалар үрдісін жалғай түссек, нұр үстіне нұр болар еді-ау… Әлгі сүлгіні емес, орамал тартқанға не жетсін… Түйіндей келе, сөмкеңізде бір жапырақ орамал жүрсе артық болмас дегіміз келеді.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ
aqmeshit-aptalygy.kz