Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйел сәні – орамал

Әйел сәні – орамал

       Орамал тағу – салт-дәстүрдің бірі. Кешегі әже-апаларымыз ақ жаулықты құрметтеп, әдебін сақтай білді. Ұлттық болмысын ұмытпады. Орамал келіншектің отбасылы екенін аңғартады. Адал ниетпен аттаған шаңырағының анасы екенін білдіреді. Осыдан-ақ оның қадір-қасиетін ұғынуға болады.
       Қазақ халқы «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық» деп, жаулықты таусылмайтын байлыққа теңеген. Аталы сөзден аттамай, ата салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген, қасиеті қанына сіңген қазақ ұлтының өнегеге толы өмірінің бір бөлшегі – ақ орамал. Орамал – сұлулықтың символы, адалдықтың белгісі, балалықты артқа тастаған бойжеткеннің жаңа өмірінің бастамасы. Сонымен қатар орамал қазақтың тарихымен тікелей байланысы бар. Қыз бала орамал тартпаған. Қыз бала ұзатылып, келін болып түскенде беташар болғаннан кейін енелері басынан сәукелесін шешіп, ақ орамал салған. Талай аумалы-төкпелі ықылым заманда ерінің жоқтығын пайдаланып, баса-көктеген озбырдың әрекеті орамалын ту еткен әйел затының арына нұқсан келтірмейтін еді. Жаулығын жерге құлатпаған қазақ ханымының бар ойы – ерінен қалған тұяқты аман-есен жеткізу. Тауқыметті қиын-қыстау күнде орамалына дақ түсірмеген ана келбеті айшықты. Қазір осы байлығымыздың қадірі қашып бара жатқандай. Әрине көпке топырақ шашудан аулақпын. Десе де қадірлі дүниеге қол сілтеп, тек келіндік борыш көрінетін тұста ғана тағатындар да жетерлік. Тазалықты қанына сіңірген қазақ үшін жаулық әуелгі ретте тазалықтың бір нышаны іспетті. Басындағы ақ жаулығының кіршіксіз ақтығы да әйел адамның қаншалықты үлгерімпаз әрі жинақы, тиянақты екендігін көрсетіп-ақ тұрады. Бірде немересі әжесінен:
              – Апа, неге қазақтың келіндері орамалсыз жүрмеуі керек? – деп сұрапты. Сонда әжесі:
              – Е, қарағым-ай! Әйел орамал тақпаса, арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады. Шашы тамаққа түседі, өзіне келген қонақтың назары түседі, – деген екен. Сондықтан тектілігімізді тік ұстасақ, ұлттың да, отаудың да, өзіміздің де беріктігіміз нығая түсері сөзсіз. Болашақ бір елдің тұтқасын ұстап, бір шаңырақтың иесі атанатын азаматты тәрбиелейтін ананың да даналығы осал болмайтыны анық. Бөлісіп жейтін нан қиқымын таппай қалған заманның өзінде келіндер асқан төзімділік танытып, әдет-ғұрыптан аспағанын кітаптан оқыдық. “Еркек жерден, ал әйел көктен қуат алады” демекші, әйелдің шашы магнит тәрізді. Ауадағы шаң-тозаңды жинайды. Басты жабық ұстау арқылы әйел заты өзіне жағымсыз энергиядан сақтана алады. Сондай-ақ қазақ халқының дәстүрі дінмен біте қайнасқан. Ислам дінінде де орамалдың үкімі сақалдың үкімінен де жоғары қойылады делінген.         Қазақылығымызды айшықтап, ұлттық тәрбиемізді айқындайтын орамал тағу бүгінде трендте. Жылдың төрт мезгілінде де сәннен қалмайтын жаулықты келбетіңізге келісті етіп жиын-тойларға да тағып барсаңыз болады. Әлеуметтік желілерде сәнді тағуды үйренетін парақшалар мен бейнежазбалардың көбеюі қуантады. Сондай-ақ базар нарығында да түрлі-түрлі орамалды көресің. Қалауыңа қарай, ұнағанын аласың.
              Орамалды күнделікті тағып жүретін сондай жандардың бірі – Айнұр Шерімбетова. Үш баланың анасы. Қазір орамалды түрлі әдіспен тағудың хас шебері.
              – Орамалды жақсы көремін. Сәндеп тағуды бейнежазбалардан үйрендім. Қазір түрлендіріп қолдану хоббиіме айналды. Бұрынғыдай емес, орамал тағу үрдіске айналып келеді. Ежелгі шығыс, араб стилімен ұштастырып, заманауи үлгіде тағылатын түрлері көп. Біріншіден, жалаңбас жүргеннен, орамалмен жинақы көрінесіз. Екіншіден, орамал – әрбір келіншек пен әйелдің ары мен сәні, – дейді Айнұр.
              Сондай-ақ орамал сыйлық, жол тарту ретінде маңызды рөл атқарады. Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды. «Орамал тон болмайды, жол болады» деген орамды сөз содан қалыптасқан.
              «Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем, Ақ кимешек астынан сені көрем, Ақ кимешек жоғалса, нені көрем?”, – деп М.Мақатаевтың әжесіне жазған өлең жолындағыдай ақ жаулықты аналар салып кеткен дара жол үзілмей, одан әрі жалғасын тапса дейміз.
Ақтоты Шынықұл
29 қазан 2019 ж. 3 276 0