Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сөз сойыл : Ауылдың айтқыштары

Сөз сойыл : Ауылдың айтқыштары

Ауылдың айтқыштары
Бүгінде Күршімде тұратын атбегі, теңге алудан әлі күнге ешкімге дес бермей келе жатқан шабандоз, саятшы Көксауов Мұратты (Киска) білетіндер көп. Бірнеше тазы ұстайтын Мүкеңнің қыс түсе түлкіні қырып салатын өнері де көпке мәлім. Сонысына орай оған тапсырыс беретіндер де аз емес. Көңілшек Мұраттың біреуге деп ұстап, сойып, тұздап қойған терісін әлдекімдердің қолқалап алып кететінін де естіп жатамыз. Сөйтіп, ол байғұстың аяқ астынан «өтірікші» атанатыны да бар.
Бір күні ойда-жоқта жолығып қалған сондай тапсырмашылардың бірі:
– Әй, Мұрат, әлгі менің түлкім қайда? – деп сұраса керек. Сонда Мүкең абыржымастан:
– Кәке, түлкіңіз аман-сау, күйлі. Әзірше далада жортып жүр, – деп жауап берген екен.
х х х 
Бізге мектепте сурет пәнінен сабақ берген тілі мірдің оғындай Дүйсек ағайымыз туралы менің жазып жүретінімді таныс жұрт жақсы біледі. Кей сәтте марқұмның кейбір қылықтары еріксіз езу тарқызатыны да шындық.
Кей уақытта аздап қызып жүретін Дүйсек ағай кешке таяу жолыққанда таңертең амандасқанын ұмытып қалып,  жаңадан сәлем беретін еді.
– Ой, ағай, таңертең амандасып едік қой, – десең, жалғанда абыржып-саспайтын ағамыз:
– Жаздыгүні күн ұзақ, сондықтан екі рет амандасу керек, – деп жол тауып кететін еді.
х х х 
Нұрболат деген жігіт тойға барса орынды-орынсыз сілтеп, елдің алдымен масайып қалады екен. Жолдастары амалдап үйіне жеткізіп тастап жүретін болса керек. Бір күні ішкенді қойғанын айтып, үремкеге қол тигізбей отырған ол той аяқталып, сыртқа шыққан соң:
– Жігіттер-ей, тойда екінші үстелде ет береді екен ғой, – деп қатты таңырқапты.
Хасен ЗӘКӘРИЯ
Шығыс Қазақстан облысы


МҰРА
Сегізінші сыныпта бізге әдебиет пәнінен Өздебай ағай сабақ берді. Өзінің айтуынша осы бір пәннен дәріс оқытқанына он жылдан асыпты.
Бұрын: «Өздекең сегізінші сыныптың әдебиетін басынан аяғына дейін үтір, нүктесін айта отырып, жатқа соғады», – дейтінін еститінбіз. Жарықтық, талай жыл өтсе де түрлі себептермен сол конспект менде әлі күнге дейін сақталыпты. Ол: «Фольклор дегеніміз – ауыз әдебиеті. Ауызша айтылғандықтан, елден-елге ауыз арқылы тарағандықтан, ауыз әдебиеті деп атаймыз. Ол кезде жазу, сызу бол­маған. Өлең, жыр, дастан, хикая атаулы ауызша шығып, ел-жұртқа ауызша таралған...» – деп бас­талып, тарау-тараумен тарамдалып кете баратын.
Бірде сегізінші сыныпты тәмамдап қалған өзім­нен он бес жас кенже інім: «Аға, Өздебай ағайдан жыл бойы сабақ жазып бекер әуре болыппын ғой, кеше сандықтың түбінен сіздің бір кезде жазған конспектіңізді тауып алып, салыстырып көріп едім, сөзбе-сөз айнымайды-ау, айнымайды. Бір сөз, бір сөйлем өзгерсейші», – деп жаңалық ашты.
...Көп уақыт өтпей, ағайымның сегізінші сыныпта оқитын баласының әдебиет дәптерінің алғашқы бетін ашып едім. «Фольклор дегеніміз – ауыз әдебиеті», – деп басталған абзац көзіме оттай басылды. Ескі досыммен кездескендей, көзден еріксіз бір-екі тамшы жас та шығып кетті.
...Бірде өзімнің сегізіншідегі ұлымның сабағына қатыстым. Әдебиет пәнін оқытатын өзіміздің баяғы Өздекең. Жаңа оқу жылдарымен құттықтап, бірден сабақ жаздыруға көшті. Баяғы заманда сабақты бізге қаққан қазықтай тік жүріп айтатын, қазір отырған қалпы қағазына қарап оқитын болыпты.
«Фольклор дегеніміз – ауыз әдебиеті. Ауызша айтылғандықтан...».
Оқушылар жапа-тармағай жазып жатыр.
...Бірде өзімнің қырықтан асқанда көрген кенжемнің сыныбында отырдым. Тағы да баяғы Өздекеңе тап келіппін. «Фольклор дегеніміз», – дей бергенде, ары қарай тыңдауға шыдамым жетпей шығып кеттім. Балам: «Өздебай ағай, сабағынан сіздің шығып кеткеніңізді де байқамады», – дейді.
Жақында немерелеріміздің бақытына Өздекең де құрметті демалысқа шықты-ау, әйтеуір. Дүрілдетіп той жасады. Қуанғанымыздан тойына да бардық.
Орнын институт бітіріп келген баласына беріпті. Тойда әкесі мұраның үлкені деп, өмір бойы ұстап келген конспектілерін баласына сыйға тартты...
Ертеңінде есік алдында отыр едім, қаздиып киінген бір бала сәлем берді. Сөйтсем, мектепке бет алған Өздекеңнің кешегі баласы екен. Қолындағы әкесі сыйлаған «мұра» көзіме оттай басылды.
Қайтейін: «Фольклор дегеніміз – ауыз әдебиеті...» – деп күбірлеп, келер жылы мектепке барғалы отырған немеремнің басынан сипап қала бердім.
Берік САДЫР
Нұр-Сұлтан

egemen.kz
01 сәуір 2021 ж. 558 0