Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ақ көгершін, көгершін!..

Ақ көгершін, көгершін!..

Наурыз шуағы. Күн мен түн теңелді. Жаңбыр сіркіреп жауды да, сәлден кейін басылды. Жарқырап күн шықты. Қыс өтті. Көктем күліп келді. Бұл өңірді қыс аса қыса қойған жоқ. Бұрқыраған алай-дүлей боран да бұрқасын да болмады. Содан ба, жерге ылғал аз түсті. Мүлде аз. Ұрлық-қарлық та толастамай тұр-ау! Әйтеуір оқыс оқиға болған жоқ. Адам да, мал да аман. Жылу да, жарық та, су да үзіліссіз берілді. Коммуналдық қызметке де пәлендей өкпе-қақпа естілмеді. Аудан әкімінің жылдық есебінде кеңінен ұсыныс-пікір айтылып, қанағаттарлық деп бағаланды.
Осының бәрі үйде отырып құлақ түрген ардагер ата-әжелердің де көңіл күйлерін мәз етті.
***
Ал балалар доп қуалап, ақ тер-көк терге малынып жүр. Ара-арасында біздің үйдің тентегі Білгенің де алыса-жұлыса допқа таласқан өрлігі де байқалады.
Шарбаққа кептер келіп қонды. Біреу емес, екеу.
Ақ көгершін, көгершін
Қолғанат құс сен едің, – деп ыңылдап жүріп, екі құсқа жем шаштым.
– Ата, не дедіңіз? Ойын балдары менің жаныма жинала қалды. Және қайталадым.
Сірә, Мейірбек немеремнің сыныптас достарының бірі-ау деймін, қара домалақ, пысықай оқушы:
– А-та!.. «Қолғанатың сен едің» дегені қалай? Оның мына бізге қандай қолғабыс, көмегі болуы мүмкін. Жем тастасаң, тез-тез қомағайлана жеп алады да: «Қ-ош» деместен пыр-р етіп ұша жөнеледі.
Бәрі ду-у күлісті.
– Англия деген ел бар. Оны білесіздер ме?
– Білеміз ата, білеміз.Уинстон Черчилль деген мықты премьер-министрі болған. Рузвельт және Сталин үшеуі түскен суреті үйде тұратын...
Сол Англияда осы көгершіндерге арналып ескерткіш қойылған.
– Ес-керт-кіш дейсіз бе, ат-а!
– Балалар сенер-сенбесін білмей өздерінше қауқылдасып, әлгіде ғана шапқылап ақ тер-көк терге түскен ойын балалары менің көз алдымда ойын емес, ойлы азаматқа ұқсап кеткендей еді... Күбір-күбір сөздерін есіткім-ақ келді, бірақ құлағы құрғыр жөнге келмеді. Бәрі Мейірбекке:
– «Енді сен сұра, сен сұра» деп қолқалағандай-ау! Айтқандай-ақ, Мейірбектің өзіме таныс:
– А-та! – деген сүйкімді дауысы саңқ етті.
– Иә, иә... Айта бер!
– Сонда көгершінге не үшін ескерткіш қойған? Құйтақандай құстың қандай еңбегі болған, ата!
Әрине еңбегі болғаны ғой. Еңбексіз ештеңе еленбейді де. Оны жақсы білесіздер. Көгершін расында құйтақандай жәндік. Қанатының ұзындығы – 180-250 миллиметр, салмағы – 240-350 грамм-ақ. Негізінде жұптасып өмір сүреді. Ұшқанда сағатына 70-75 шақырым жерді қусырады.
– Ой-й, ұшқыр екен ғой, а-та!
– Енді адамзатқа жасаған бір қызметіне құлақ тосыңдар!
– Міне, міне... Бәріміз де Сіздің қасыңызда тұрмыз, ата!
– 1941-1945 жылдары болған екінші дүниежүзілік соғыстан хабарларың бар ма?
– Бар, бар!
– Сол соғыста ағылшынның сүңгуір кемесіне неміс ұшағы дәлдеп тұрып бомба тастайды. Кеме теңіз түбіне батады. Кемеде екі кептер болыпты. Екі кептердің аяғына кеме шөгіп қалған жердің кординаты көрсетілген қағаз байланады. Сосын екеуін арнайы темір қорапқа салып, торпедо аппаратымен су бетіне атады. Су бетіне шыққасын қорап ашылады. Сол екі кептердің бірі, яғни ұябасары базаға аман жетіп, оның аяғындағы жазу арқылы су түбіндегі теңізшілерге дер кезінде көмек келеді. Сөйтіп кемешілер толық қауіптен құтқарылады. Бұл ерлік пе, жоқ па?!
– Әрине ерлік ата, ерлік!
– Ал-л көгершін құстың да адамзатқа қолғанат болғанын есіттіңдер ғой. Енді мына біздің, қартайған ата-анаңның қолғанаты, қомқоршысы кім болмақ, – деп жүздеріне барлай қарадым.
– Топтасып, сыбырласып, кроссворд жұмбағын шешетіндей ақылдасып алды да:
– Ол біздер а-та, біздер! –деп бір дауыспен (хормен) шырқағанда, жүрек байғұс елжіреп қоя берді...
Жазушы-журналист, ақын Қази Данабаев ініміздің:
Мен болармын, болмаспын
Сен аман бол,
Жаһандағы жалғыз—Қазақстаным, дегені есіме түсіп кеткені-ай!
Е-е, тәубе дейік! Тәуелсіз еліңнің іргетасын бекемдей түсетін жас ұрпақ – ақ көгершіндерім, қанаттарыңды білім-ғылыммен қатайта түсіңдер деп, ой үстінде толқи отырып қалай қалғып кеткенімді өзім де байқамай қалыппын...
Захир ЖҰППАМБЕТ,
тыл ардагері
Арал қаласы
03 сәуір 2021 ж. 1 910 0