Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Егіздердің жаратылысы ерекше

Егіздердің жаратылысы ерекше

Егіздер Жаратқанның ерекше жаратылысы екені ақиқат. Осы күні өмір есігін ашып жатқан егіз нәрестелердің артуын мамандар жастардың кеш үйленуімен және бедеуліктің көбеюімен байланыстырады. Алла тағала әрбір тіршілік иелерін аса шеберлікпен қандай үйлесімді етіп жаратқан десеңізші! Әрбір адамның қалыптасу деңгейі әртүрлі. Солардың қатарында егіздерді ерекше атап өткен орынды.
Адам баласының ана құрсағында өзі сияқты екінші бір ұрықпен (баламен) қатар жетіліп, дүниеге бір уақытта келуі, егіз болып туылуы —үйреншікті жағдай. Бірақ егіздер жайлы біз не білеміз? Адам ұрпағы саналатын егіздердің негізгі екі түрі бар. Бірі – бір жынысты, бір-біріне қатты ұқсайтын егіздер, екіншісі – бір-біріне қатты ұқсамайтын, түрлері ағайынды адамдар сияқты ұқсас болып келетін егіздер. Бірдей қасиетке ие екі ұрықтың дамуының қыр-сырын ғалымдар осы күнге дейін дөп басып айта алмай келеді. Оның басты себебі — ұрықтың екіге бөлінуін реттеп отыратын биохимиялық механизмдердің күрделілігі.
Егіздердің мінездері екі түрлі болады. Бірі – «жақсы», бірі «жаман» деген аңыз әлі күні халық арасында жүр. Олар өсу барысында бір-біріне әсер етуі мүмкін. Бірақ олардың мінездері, әдеттері бір-біріне емес, ата-аналарына ұқсайды деп айтқан жөн болар. Осылайша адамдар салыстыру арқылы жаман мен жақсыны айырғысы келеді.
Енді бір деректе егіздер айнымастай ұқсас әрі оларды ажырату мүмкін емес дейді. Егіздер еш уақытта бір-бірінен айнымастай ұқсас болып келмейді. Гендері мен хромосомдарының топтамасы бірдей болғанының өзінде, олар біз ойлағандай біріне-бірі ұқсамайтын көрінеді. Қай жағынан қарасақ та, бойы, салмағы, мінезі – бәрі де 100 пайыздық ұқсастық бермейді. Және жеке отбасын құрып, бақытты өмір сүріп жатқан егіздерді күнделікті өмірден көруге болады.
Ата тегіңде егіздер болған болса, міндетті түрде қайталанады деген сөз қаншалықты ғылыми дәлелденген? Егіздердің туылуы генетикалық тұрғыдан қайталануы да, қайталанбауы да мүмкін. Бұл «ерекшелік» бір ұрпақтан кейін қайталанады дегені орындалмауы да ықтимал.
Олар бір-бірін қашықтықтан сезінеді екен. Алайда бұл туралы ғалымдардың нақты дерегі жоқ. Егіздер уақытының көп бөлігін бірге өткізетін болғаннан кейін, бірінің мінезі мен әдеттерімен жақсы таныс. Сол себепті, бір-бірінің қандай жағдайда не ойлауы сияқты болжамдарды нақты жасай алуы да түсінікті. Бірақ егіздердің өздері араларында бір сиқырлы қарым-қатынастың барын айтып жатады. Олардың арасындағы қатынасты психологиялық тілмен «эмпатия» деп айтуға келеді. Жалпы, егіз болмаса да басқа адамның ойынан хабар білу, оның сезімдер мен қылықтарына түсінік бере алатын табиғатынан қабілетті жандар болады. Көбісі қасындағы адамның ішкі жан дүниесін мейлінше түсіне алатын адамдар қасиетін көрегендікке немесе тылсым күшке балайтыны да рас. Егіздер бір-бірімен көп уақыт әңгімелесіп, бір-бірімен ақпарат алмасатындықтан, олардың арасындағы эмпатиялық қарым-қатынас тереңге бойлайды.
Егіздерді дүниеге әкелу қаншалықты қуанышты болса, соншалықты әйел ағзасына күш түсіретін биологиялық процесс. Екі баланың салмағын қосқандағы салмақ қалыпты жағдайдағы баланың салмағынан ауыр келеді. Ондай кездерде жүкті әйелдің күтімі үнемі қадағалауда болады.
Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы
 Осы орайда, Арал аудандық статистика басқармасының мәліметі бойынша 2020 жылы халық саны 80 569 болса, оның 2064-і бала, 2019 жылмен салыстырғанда халық саны 876 адамға артқан.
– Өңірімізде бала туу көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Тиісінше, егіздер де жиі туылып жатады. Өткен жылы 2064 бала дүниеге келсе, 2019 жылғы мәліметпен салыстырғанда 166 балаға артқан. Осындай бала санының артуында егіз балалардың үлесі бары анық. Аналарымыз жүктілік кезінде құрсағындағы сәбиінің егіз екенін білген бойда күтімді екі есе күшейту керек. Уақытылы тамақтанып, ұйқысының тыныш болуын қадағалау қажет. Мен әуелі кеңесті босанатын ананың отбасына айтар едім. Өмірге адам әкелу оңай емес. Анаға бар жағдай жасалуы қажет. Жүктілікті сақтау үшін әйел ағзасында жеткілікті гармон болуын қадағалап, тексеріп отырамыз.
Медицинада жүкті әйелден екі, үш (кейде одан да көп) сәбидің туылуы кездесіп тұрады. Және үшемдер дүниеге көп келу себебі – соңғы жылы квота бойынша жұбайлар көптеп экстракорпоральды ұрықтандыру жасататын болды. Бұлда егіздердің дүниеге келуіне зор ықпал ететін жағдай. Сонымен бірге егіз бала көтерудің тұқым қуалайтындығы да дәлелденген. Егіз бір ұрық клеткасының немесе екі ұрық клеткасының ұрықтануынан да болады. Бір ұрық клеткасынан дамыған егіздің бір ғана бала жолдасы болады. Мұндай жағдайда бір жынысты егіз туады және бұлар бір-біріне өте ұқсас болады. Екі ұрық клеткасының ұрықтануынан болған егіздің бала жолдасы бөлек, екеуінің бірі ұл, бірі қыз немесе бір жынысты болады. Олардың ұқсас болмауы да мүмкін. Ал бірнеше ұрық клеткасынан дамыған жүктілік кезінде әйелдің жүрек, қан тамыр жүйесінің қызметі бұзылады, аяқ ісініп, варикоз ауруы күшейеді, кіші дәретке баруы жиілеп, мезгілінен бұрын босанып қалуы да мүмкін. Егізді ультрадыбыспен зерттеу арқылы жүктіліктің алты аптасынан анықтауға болады. Егіз балалы әйелдер ерекше есепке алынады. Мұндай әйелдерге айрықша қамқорлық жасалады, босанғаннан кейін егіз сәбилер мен ананың денсаулығы жиі тексеріліп тұрады. Бала өмірге келгесін сәбилердің ана сүтімен қоректенудің пайдасы өте зор. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Осыны ұмытпауымыз абзал. Ал егіздің туылуы бұл Алланың адамға еселеп берген теңдессіз сыйы, – дейді дәрігер ?      бізбен әңгімесінде.
Егіздің дүниеге келуіне тамақтанудың қандай қатысы бар?
Ғалымдар егіздеп бала табудан әлем бойынша көш бастап келе жатқан Нигериядағы йоруба халықтарының әйелдері немен тамақтанатынын зерттеген екен. Олар бұл құпияның шешімін ямс көкөнісінен тапты. Бұл көкөніс тұрғылықты халықтың негізгі асы. Ямстың химиялық құрамы әйелдің эстроген гармонымен ұқсас келеді екен. Көкөністегі көп мөлшердегі жоғары концентрациялық зат гонадотропин гармондарын өндіруге ықпал ете алады. Екеуінің бірлесуінен бірнеше жұмыртқа пайда болатын көрінеді.
Егіздер ерекшелігі
Егіздер ерекше көрінетінін халық айтып та, көріп те жүр. Адам айырғысыз егіздерді көргенде, отбасындағылар ажырата ала ма екен деп таңырқайтынымыз да жасырын емес. Қазақ қай кезде де баланың көптігін бақыт деп санаған. Ал жас ана дүниеге егіз немесе үшем әкелсе, ол үйдің несібе-берекесі екі-үш еселенді деп жақсылыққа ырымдаған. Қазір бір үйде ондаған бала болу сирек кездесетін жағдай.
Шаңырағында бір мезетте екі-үш сәби өмірге келген ата-анаға қуанышпен қатар тұрмыстық күйбеңі де көбейетіні шындық. Сондықтан да мемлекет мұндай отбасыларға тиісті көмектерді де қарастырған.
Осы тұрғыда Қосжар елді мекенінің тұрғыны, өмірге үш рет егіз әкелген жас ана Гүлмира Нұрымованы атап өткен жөн. Кезінде атқарушы билік тарапы демографияның артуына сүбелі үлес қосқан, балаларға жарық дүние сыйлаған анаға құрмет көрсету парыз екенін білдіріп, жас отбасыға қолдау көрсету мақсатында тұрғын үймен қамтамасыз еткен болатын. Сонымен бірге осыдан сегіз жыл бұрын тұңғыштарын өмірге әкелген Назкен Оспанованың қазір Айдын мен Айбын есімді егіз ұлы бар. Олардың сыртқы келбетіне қарап ажырату оңайға соқпайды. Тек ата-анасы ғана олардың болмысының бір-біріне ұқсамайтынын айтады.
        – Негізінен жолдасымның анасы егіздің сыңары. Сондықтан болар, менің тұңғыштарым егіз ұл болып өмірге келді. Көбісі олардың сыртқы келбетіне қарап, қайсысының Айдын, кімнің Айбын екендігін ажырата алмай жатады. Бірақ олардың бойларында ұқсастық та, өздеріне тән ерекшелік те бар. Бірінші Айдын өмірге келді. Онан 15 минуттан соң Айбынды босандым. Айдынның мінезі ашық, ақкөңіл, шапшаң қимылдайды. Ал Айбын өте әлжуаз, көп ашыла бермейді, өзімен-өзі жүреді. Кейді бірі ауырса, екіншісі де ауырып қалып жатады. Бірін-бірі қатты іздеп отырады. Қазір әкесі екеуін де спортқа баулып жүр. 2 сыныпта оқиды. Сабақ үлгерімдері де жақсы, – деп, балаларының ерекшелігін айтып берді. 
Дәрігерлердің айтуынша, бала туылған сайын егіздер туылуына мүмкіндіктер көп болады. Яғни жатыр қабаттары өскен сайын ана егіздеп бала табуға қабілеті артады екен. Жасына қарай егіздер 35-39 жастағы аналардан көп туылады. Себебі дәл осы жаста әйелдің бойындағы гармондары нағыз күшіне мінетінін ғалымдар дәлелдеп шыққан. Және көктем мезгілінде ұрықтанған балалардың арасында егіздер көп туылады дейді ғалымдар. Балалардың егіз болып туылуы Жаратқанның шексіз құдіретімен болатын тектілік болар.
Түйін. Егіздердің дүниеге келуіне енді ешкім таңғалмайды. Ғалымдардың мәлімдеуінше, некедегі бір жұптың 80 баланы дүниеге әкеліп, оның біреуінде ғана егіздер тууына себепкер бола алады екен. Өмірге егіздерді әкелуді мақсат тұтсаңыз, алдымен көп балалы ана немесе әке атануыңыз абзал.
 К. МАХСҰТ
10 сәуір 2021 ж. 2 613 0