Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жылқы – киелі жануар

Жылқы – киелі жануар

Қазақ халқының ерекше қадір тұтатын жануарының бірі де бірегейі – жылқы. Оны ең алғаш қолға үйреткен де қазақ. Халқымыздың қазақы болмысын айқындайтын құндылық және ежелгі көшпелі халық болғанымызды білдіретін басты нышан – қазақ жылқысы. Жеті қазынамыздың біріне баланған жануардың жұрт біле бермейтін қасиеттеріне үңілгенді жөн көрдік.
Жылқының басты қасиеті сол – туған жері мен жүрген жерін ешқашан ұмытпайды. Көзі күндіз-түні бірдей көретіндіктен, түнде айналасын жұлдызға қарап барлап жүреді, әрі айналасын түгелдей бақылай алады. Аңқасы кеуіп, шөлдеп тұрса да лай су ішпейді. Тіпті ағын судың өзін кешіп жүріп, тұмсығын суға батырып барып, тұнық жерінен таңдап ішеді. Сондықтан да болар, оның еті ерекше дәмді болады. Ғалымдар жылқының етінің 17 түрлі ауруға ем болатынын дәлелдеген. Бие сүтінің пайдасы ана сүтіне жуықтау. Осындайда бабаларымыздың сәбилерді қымыз сүтімен өсірген көрегендігіне таң қаласың.
Қазақ халқы балаларын бес жастан бастап атқа мінуді үйрете бастағаны белгілі. Сол сәттен бастап ат үстіндегі бала ерекше шабыттанып, ержете бастайды. Ата-бабаларымыз турашыл, жүректі, еркін, шалт қимылдайтын адамды «жылқы мінезді» деп атаған. Бабаларымыз «жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек. Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» деп бекер айтпаған.
Жылқының еркегі «айғыр» – өз үйірін бастап, оны қорғай алуы шарт. Себебі егесінің аманатын арқалаған жануар үйірі үшін басын бәйгеге тігеді. Кереметі сол, айғыр құлынның туылған сәттегі кісінеген үнін ешқашан ұмытпайды. Сәйкесінше, осындай қасиет құлынына да дариды. Осы жерде жылқы жасына ден қойған жөн секілді. Атап айтар болсақ, жылқының жас төлін – «құлын», құлынның алты айдан асқан шағын – «жабағы», ал бір жастан асқанын – «тай», екі жастан асқанын – «құнан», үш жастағысын – «дөнен», төрт жастан асқанын – «бес­ті» дейді. Ал ұрғашылары тайға дейін бірге аталады да, одан кейін өзгеше айтыла бастайды. Мәселен, екі жасарды – «құнажын», үш жасарын – «дөнежін», үштен асқанды – «дөнежүн байтал», төрттен асқанды – «бесті бие», жеті-сегізге келгенін – «қасабалды бие», он бір-он төрт жастағыны – «кәрімтас бие», жиырмадан асқанды – «жасаған бие» деп атайды. Жалпы, жылқы жануары 25-30 жыл өмір сүреді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атқа міну мәдениеті туралы басымдықты бірінші орынға қояды. Деректерде алғашқы болып Ботай мәдениеті энеолит дәуірінде қолға үйреткен деп көрсетіледі. Қазақ жылқыларының тұқымын қалыптастыру сол дәуірде басталып, мыңдаған жылдар бойы жалғасып келеді. Қазіргі уақытта медицина мамандары атқа мінгенді адам денсаулығы үшін өте пайдалы екенін айтып жүр. Ұлттық ойындарымыздың дені де осы атпен тікелей байланысты. Мәселен, көкпар, жамбы ату, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу, аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс, тай жарыстар бір жағы спорттық шара болса, екінші жағынан тосын оқиғаларға қарсы жаттығу алаңы іспетті.
Жылқыны қадірлеген ұлтымыз баласын – «құлыным» деп еркелеткен. Бұл үрдіс қазірге дейін жалғасуда. Қаратай, Құнанбай, Дөнентай, Жылқыбай секілді кісі есімдері де халқымыздың жылқыны құрмет тұтқанының нақты дәлелі болса керек. Байшұбар, Тайбурыл, Құлагер секілді жануарлар да өткен күннің тарихынан сыр шертіп, адамның жан серіктеріне айналды.
Қазақты тануда жылқының алатын орны айрықша. Жалпы халқымыз үшін жылқы қастерлі. Тіпті ер жігіттерге «ат жалын тартып мінген», «ат құлағында ойнайды» деп мақтау айтады. Жылқы иесі – Қамбар ата, қазақтың сенім-нанымында жылқы малының пірі. Кейбір аңыздарда Қамбар ата есімі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың күйеу баласы Әзірет Әлінің атбегі болған Ганбар есімді тарихи тұлғамен байланыстырылады.
Жылқыны түріне қарай жүк жылқысы, мініс жылқысы, жазық дала жылқысы, тау жылқысы, солтүстік дала жылқысы болып келеді. Дүние жүзінде жылқының 250-дей түрі бар болса, Қазақстанда жылқының 20-ға жуық түрі өсіріледі. Ертеден өсіріліп келе жатқан қолтұқымның бірі – қазақ жылқысы. Оның «жабы» деп аталатын түрі де бар. Бұл тұқым көлік ретінде және еті мен сүтін пайдалануға өсіріледі. Олардың ерекше қасиеті – суық ауа райына төзімді. Жайылым, жем-шөп талғамайтын, мінуге көнбіс.
Жер жүзінде жылқының жасын, мінез-құлқын, түр-түсін, қадір-қасиетін, бәрінен артық білетін халық болса, ол – қазақ. Ат ән мен күйге де арқау болды. «Маңмаңкер», «Ақ бақай», «Сал торы», «Қара жорға» сынды әндер, «Құлжагер», «Тел қоңыр», «Қос күрең», «Көк дөнен» сияқты күйлер өмірге келді.
Жылқы – киелі жануар. Қазақтар жылқыны ұрып-соғу былай тұрсын, оның киесі атады деп, желіден, жылқышы ұстайтан құрықтан аттап өтпейді. "Бақан аттаған жарымайды" деген сенім бар. Жылқыға байланысты салт-дәстүрлер мен ырым-тыйымдар өте көп. Қазақ халқы жылқыны жеті қазынаның бірі санап, оны киелі деп есептеп жыл қайыруда жетінші орын берген.
Қазақтың сән-салтанатының көркі де – жылқы. Сондықтан да бүгінгі жас ұрпақтың келешегі кемел, туған елін жан-тәнімен сүйетін, рухы биік азамат болып ержетуі үшін ұлттық тәлім-тәрбие беруде жас буынның жылқы түлігі туралы танымын байыту – бүгінгі күннің талабы.
К. МАХСҰТ 
24 сәуір 2021 ж. 24 678 0