Майданнан хат
Қамысы Сыр бойының қалың ба екен,
Тербелген жағалауың талың ба екен?!
Зұлматты қан бөктірген кім аңсайды,
Бомбалар неге мынау жарылды екен?!
Қалды артта туған жерім тұрағым-ай,
Анашым зарлап іздеп жылады ма ай?!
Ер жігіт не көрмейді дүниеде,
Тәңірдің салғанына шыдадым-ай!
Дария күн жылыса тасып тұр ма,
Қара су арнасынан асып тұр ма?!
Сарғайып асыл жарым жасын сығып,
Хатымды майдан жақтан тосып тұр ма?!
Көкешім мен күткенде үште еді,
Қалды ғой түсіне алмай ештеңені.
Түн болса қара тас та болар мамық,
Ұйықтасам құлыншағым түске енеді...
Сағынам құм жағаның құрағын-ай,
Сыбдыры жеткендей ме құлағым-ай!
Қазақтың көп жігіті шейіт кетті,
Фашистің құдай атсын лаңын-ай!
Ерғали АБДУЛЛА