Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қара сөзі қазаққа қуат берген

Қара сөзі қазаққа қуат берген

Өз заманының озық туған ойшыл ақыны, тегіне тартып, турашылдығынан айнымаған Алашқа ортақ ұлы тұлғамыз Абай Құнанбаев осыдан 175 жыл бұрын жарық дүние есігін ашқан. Қалың ұйқыда жатқан қамсыз қазақтың қамын жеп, қайтсем қазаққа жат қылықты құрдымға жіберемін деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген Абай атамыз сол кезде-ақ адамнан адам түбінде ілім-біліммен озатынын айтып кетті емес пе?! Міне, сол жолмен жүріп, ұлы мұраттарға қол созған қазақ баласы әлемнің алпауыт елдерінде жүр. Осының бәрі білімнің арқасы емес десек, қателесеріміз рас.
Әрбір қара сөзі терең ойға жетелеп, өлеңдері идеялық жағынан бір-бірімен қабысып жатады. Әйтсе де, кейбір қара сөздерінің тақырыбы тың, бұрын-соңды айтылмаған пікір қозғалады. Және де қара сөзді өлеңмен қатар қолдануы ақын қиялының жүйрік екенін байқататындай. Дүниеге, сапырылысқан сан мыңдаған тіршіліктің арасынан өзін өсірген қазақтай ұлтқа деген көзқарасын қалайда қалдырып кетуді азаматтық борышы санаған. Әрине сынап айтса да, шексіз көңілінің арғы жағында ат төбеліндей елінің амандығы көңілінің алаңы ретінде байқалып жататынын қара сөздерінен де байқаймыз.
Өз елінің жатқа деген жамандығын көргісі келмеген, қазаққа кесір болған қырсық мінездерден қайтсем арылтамын, осы қазақтың досы кім, дұшпаны кім деген шетсіз-шексіз ойлардың жетегінде жүрген ұлы тұлғаның қара сөздерінің өзі Алаш баласына әлі талай азық болары күмәнсіз. Абай Құнанбаев атамыз: «Ақыры ойладым, осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен сияны ермек қылайын, кімде кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім, басқада ешбір жұмысым жоқ» деп жазды. Расында, елге пайдам тисін деген оймен жазылған қара сөздерінің әрқайсысы ғасырға татырлық құндылыққа ие. Бір қара сөзінің өзін талдайтын болсақ, терең мағынаға ие екенін аңғарамыз.
Айталық, жетінші қара сөзі. Меніңше Абай атамыздың қара сөздерінің ішіндегі маңыздыларының бірі – жетінші қара сөзі. Онда: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі–ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі– білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген», – деп жазады.
Адам баласының туа бітті бойында қалыптасатын осы бір екі құмарлықтың орнын басқа қажеттілікпен алмастыру көбіне қолымыздан келмей жатады. Абай атамыз есімізден шығып кететін сол құмарлықты ержете келе ғылым, білім тапқандардың жолына арнай білу керектігін баса айтқан емес пе?! Абай атамыз атаған осындай кемшіліктер адамзаттың қас жауы іспетті көрінеді бізге.

 А.Барақова,
№227 негізгі мектеп мұғалімі
16 ақпан 2020 ж. 926 0