Тұлғамыз неге тасада тұр?

Негізі, балмұздақтың тарихы тым әріден бастау алады. Кейбір деректерде ол осыдан 2 мың жылдай бұрын қытай елінің дастарқанындағы ас ретінде пайдаланылғандығы жазылады. Кейін дүние жүзінің көптеген елдеріне балмұздақ дайындаудың жолы италиялықтар мен испандықтардан таралған деген де дерек бар. 1676 жылы француз қаласы Пломбирда тәтті тағамдар дайындайтын мамандар балмұздақтың жаңа түрін жасап шығарады. Осыдан бастап балмұздақтың «пломбир» атауы осы қаланың атымен аталып қалса керек. Ал «эскимо» деген атауды қай ел бергені белгісіз, бірақ француздар мен америкалықтар әлі күнге дейін өздеріне меншіктеп, таласып келеді. Тұңғыш рет Нью-Йоркте балмұздақ 1786 жылы 10 маусым күні сатылымға шығыпты. Содан бері осы күнді «Балмұздақ күні» деп атап келеді. Бірақ та балмұздақтың сол кездегі кең таралуы мүмкін болмады. Себебі бұл тәулік бойы өндірушілерді мұздату мен суыту құралдарымен қамтамасыз ету қиын болды. ХІХ ғасырдың соңында мұздату машиналарының пайда болуынан соң жағдай өзгерді. Ресейде балмұздақтың барлық түрін қарапайым халық арасында жақсы көрді, ал еуропалық рецепт бойынша тек патша алаңы мен бай тұлғалар үшін дайындалды. Тез еритін балмұздақтың қазақ даласына қай уақыттан бастап келгені белгісіз. Алайда Абай атамыз бұл дәмді татып көрмеген болар. Олай деуіміздің себебі, Абай атамыздың өмір сүрген жылдары мен мұздату машиналарының бізде көршілес Ресейде ХІХ ғасырдың соңында пайда болуы біраз дерекке шынайы арқау болып тұр. Демек, Абай атамыз балмұздақ жеген жоқ деген пайымға келуімізге негіз жоқ емес.
Иә, кәсіп иесі Абай атамыздың суретін жарнама ретінде пайдаланып, өзінің жұмысын жүргізуге ниеттенгені белгілі. Бәлкім, келушілер қатары көбейер деген ойы да болған шығар. Бірақ, жарнаманың да естісі бар, есері бар. Мен бұл көріністі есерлік дер едім. Шындығында, осы бір кереғар көрініс жайында редакциямызға да бірнеше хат келіп түскен еді. Оқырмандардың пікірі де осыған саяды. Басқасын былай қойғанда, қазақтың ойшыл ақыны Абай атамызды жарнамаға пайдалану және оның орнын төр емес, табалдырыққа шығару барып тұрған бассыздық дер едім. Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі, қоғам қайраткері Ы.Алтынсарин атамыздың суреті бейнеленген жаюды Корея елінде еденде жатқан жерінен қазақтың баласы жоғары көтерткен еді. Біз өз жерімізде жүріп ұлыларымызды төрге шығара алмай келеміз. Осы мақаланы кәсіп иесі көріп, ескерер деген оймен жазып отырмыз. Ал одан қандай да бір нәтиже шығарар деген ойымыз да жоқ емес.
А. АҚТАН.