Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жезтырнақты жеңген Бекбауыл батыр

Жезтырнақты жеңген Бекбауыл батыр

Қазақ таныса келе алдымен ру сұрасады. Бұл – біздің даланың бұлжымас қағидасы. Тарихы том-том халықтың ұрпақ сабақтастығы да сонау ес білмес ерте заманда басталғанымен, ауыздан-ауызға жетіп келген шежіре-жазбалары осы ру негізінде құрылған. Би-шешендер мен хандардың, абыздар мен әулие, ишан, ахундардың ұрпақтары бүгінде өз өткенін өрнектей айтып, елге, келер буын жастарға үлгі етіп отыратыны да осы қазақ шежіресінің байлығында. Соның ішінде «Кіші жүзге найза беріп, жауға қой» дегендей, көбіне Кіші жүз ұрпақтары бабаларының батырлығын өнеге етіп отырады. Аңызға бергісіз әңгімелерінен төбесінде ақ бұлт бірге көшкен Ақтанымен қаракесек руы ұрпаққа мәлім десек, сол секілді бала күнімде естіген мына бір оқиға ескіргенімен, санамнан өшкен емес.
Аға баласы саналған Жақайым руының бір тармағы Бекбауыл атамыздың саятшылығы бүгінгі әңгімемнің арқауы болмақ. Ол кезде қазіргі жусанды дала ну орман, бітік тоғайлы болған деседі. Аңшылықты бүгінгідей ермек емес, кәсіп қылған Бекбауыл атамыз жақын-жуық пен ауылдастар арасында аңшы ғана емес, қанжығасына ілінген олжасын таратып берер жомарт атанған. Күніге бір рет айнала торуылдап, аң аулағаны бір бөлек, саятшылықтың қызығына ілесіп, апталап, айлап аң аулап кететін көрінеді. Ұзаққа созылған сондай бір саятында жалғыз жолдасы астындағы атымен айлы даланы кезіп келе жатып күтпеген жағдайға тап болыпты.
Кең даланы кезіп келе жатқан Бекбауыл аңшы жылқысының құлағын қайшылап, тепсініп, тоқтап қалғанына таңырқайды. Әдетте, үстіндегі екі аяқты серігін сайын далада бұлай қинайтын әдеті жоқ жылқының бұл ырымы жақсылық емесін сезген ол төңіректі көзімен барлап өтеді. Түннің ортасы болса да, толған айдың жарығынан айнала аппақ сәулесімен нұрланып, анық байқауға болатындай еді. Көзге шалынар алыстан бір топ қараңдаған сұлба көрінеді. Солғын ғана құлаққа жеткен даусынан әрі тұмсығын көкке көтеріп тұрған сұлбасынан олардың қасқыр екенін жазбай таниды. Не істемек керек? Жапан даладағы жалғыздың жәрдемшісі Алла емес пе?! Қашқанмен қандыауыздан төнер қауіптен құтылу мүмкін емес. Мұндай кезде пенденің екі-ақ амалы болады. Не өледі, не қалады. Үстіндегі иесінің бұл ойын адамша түйсінген жылқы да ұзақ уақыттық қимылсыз қалпын бұзып, ақырын ғана алға жылжиды. Жақындаған сайын жоны күжірейген тайыншадай арлан бастаған қасқырлардың сесі басқанымен, жарықтық жылқы жануардың жүректігі жүрісінен жаңылдыра қоймады. Айнала тұрған бір топ бөрінің ортасынан өте барды. Алланың берген өмірі болар, тылсымның әсерінен азулары қарысқа жететін қасқырлар сол күйінде Бекбауылды шығарып салады.
Ажалды өледі, ажалсыз жарықты көреді. Бұл қатерден аман өткен Бекбауыл атамыз да атар таңның жарығына ілесіп, жалғанның сәулесінде саятшылығын жалғап кете берді.
Құралайды көзге атқан аңшының сарапындағы келесі кезіккен тылсым сыйы тіпті ерекше болған. Күндегі әдетінше азығын жолдан іздеп, кең даланы кезіп жүрген оған бір топ киік кезігеді. Еті адал, адамның қорегіне жараған бұл жануардың жүйріктігі бөлек қой, шіркін! Атқан оғының тіпті сол жүйріктігі желден де жылдам киік атаулы қашып құтылмаған аңшы қанжығаның майлайтын күні деп көңілденіп-ақ қалады. Алыстан төбесі көрінген бір үйір киік секіре жүгіріп жақындап келеді. Бекбауыл да кезегін күтіп, қамданған қалпы дайын тұрды. Бірақ, аң атаулыны ала түсетін аңшының қолы мен мерген жанары әлденені сезгендей дегбірі қашты. Киелі аңға балаймыз ғой. Бұл жолы сол киіктің тұрпаты мен түрі кәдімгідей-ақ көрінгенімен, тұяғы таптаған жерден көтерілетін шаң өзгешелеу екен. Шаң деймін-ау, кәдімгі бу еріп келеді. Аңшы ақылынан адасқан адам шарасыз тұрып қалды. Әлгі киіктері «шаптырып» келеді. Зәрі тамған тұстың шөбі от тигендей қурап, жанып қалып жатты артында. Сонда ғана нысанасындағының «у сідік» екенін сезіп, атуға дауаламай, бұл қатерден де аман қалыпты.
Бірақ, Бекбауыл атамыздың бала кезімде маған қатты әсер қалдырған әңгімесі бұл екеуі емес еді. Тылсымды тереңіне байлап түсіне қоймайтын мен үшін тек ертегілерде ғана елең ететін келесі оқиғаның кейіпкерін өзімше елестетіп, ойша суреттеп, санамда сақтап қалдым. Аңшы атам түзде түнеп, жолыққанды қанжығасына байлап жүрген күндердің бірінде тоғайлы даланың ашықтау тұсында ұйықтап алмақ болып, кеш бата ас қамдайды. Ағаштың бұтақтарын тамызық етіп, от жағып, олжасының бірін кешкі тамақ қылады. Темір ыдысқа дайындаған асын енді алдына ала бергенде, тоғай арасынан ұзын етекті, жеңі кең көйлек киген келісті келіншек шыға келеді. Жапан далада жалғыз жүрген қызды көрген Бекбауыл атам іштей жамандық сезгенімен, батырлығын бойынан таса қалдырмай, қонағына қолындағы ыдысын ұсынады. Қонағы да сыр білдірмегендей жанына жайғасып, темір ыдысты қолына алады. Қасық қайдан болсын. Әлгі сұлу ыдысты көтеріп, ас ішкен кезде ыдыстың сыры ұшқандай дыбыс шығып, Бекбауыл елең етеді. Жоғарыда айтқан екі сынақты есіне алған ер іштей «біткен жерім осы болар» деп ойлайды. Бірақ, қонағы асын ішіп, ыдысын өзіне қайтарып, қайтадан тоғайдың арасына еніп кетті. Асығыс ыдысына көз салған ол, темірдің табаны ойылып түскенін көріп, «білген едім» дейді де, жуан ағашты шауып, сырт киімін жауып, өзі отырған ашық тұсқа тастайды да, тасада сұлудың келер сәтін жасырынып күтеді.
Қас қарайып, айналаны қараңғылық басса да, кірпік қақпай қаруын қамдаған аңшы таңды ұйқысыз атыруға дайын еді. Бірақ, әлгінде ғана қонақ болып кеткен сұлу қайта келетін түрі жоқ. Таң да таянды. Осы кезде тоғайдың арасынан майда шөпті жаймен ғана жапырып келе жатқан біреудің дыбысы естілді. Демін ішіне тартып, жуан ағаш жатқан тұсты нысанаға алып тұрған Бекбауыл әлгі сұлуды да көрді. Енді өзінің сәтін күту керек. Кең етекті күткен қонағы да ағаштың үстіне отыра кетіп, «Бекбауылым, жаттың ба?» деп айқара құшақтаған кезде, мерген де атып қалды. Мүлт кетпепті. Күткен аруы ағашты құшақтаған күйі қимылсыз қалады. Осылайша Жезтырнақты жеңген аңшы таң атқан соң, ағашқа айқаса еніп кеткен қолын шауып алып, ауылға қайтады. Бұл саятшылығының соңы болатын.
Бүгінде Жезтырнақтың тырнағы қай жерде екенін анық білмеймін. Бірақ ұрпағына ұран болған Бекбауыл атамыздың тылсымды жеңгенін ұрпақтары ұмытпаса деймін.

Оңталап ЖОЛДАСОВ.

27 наурыз 2019 ж. 2 287 0