Асыл адам айнымас
Біздің аталарымыз, ақ кимешекті әжелеріміз түгелдей мектепке барып, әліппенің бетін ашқан жоқ. Кәсіп меңгеремін деп мамандық таңдап оқу оқыған жоқ. Кешегі Кеңес үкіметі кезіндегідей қасаң да қаттылау моральдық кодекс жаттаған жоқ. Ел ішінде бір-жар ауқатты адамдар ғана ши борбай балаларын тілін сындырмақ мақсатпен молдаға оқытқан. Олардың бүгінгідей оқудың түбіне жеткізетін бакалавр, магистрант, профессор деп баспалдақтап кете беретін тағы да басқа ғылыми атақтары болған жоқ. Солай бола тұра, олардың өмірдегі арғы-бергіні моншақтай тізген зерделілігі мен өмір жалғастыратын ұрпақтарына, айнала ағайын-туысқа, ата-анасына, кір жуып, кіндік кескен туған жерге деген ұлы да адал парызға толы махаббатының соншалықты тұрлаулы шексіздігіне таңдай қағып, тамсана тыңдап таңғаласың. Оларды сайын сахараны жайлаған дала данышпандары дерсің.Расында да, қай жерде туған елге деген, алаш жұртына деген мағыналы махаббат жоқ болса, сол жерде іште шынашақ айналмайтын көреалмаушылық, себепсіз ызақорлық, баса-көктейтін жуан жұдырықты зорлық пен қатыгездік, оспадар опасыздықтарды иектеуімен барлық жиіркенішті істер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай бой алады. Ал сол айналаға, адамзат қауымына нұр шашып тұратын махаббаты мол, сырбаз да сыйлы, жайсаң адамдар арқылы ауыл-аймақта, одан әрірек айтсақ, барша қоғамда айрандай ұйыған ынтымақ-бірлік қалыптасады. Төртеудің төбесін тескен, алтаудың басын алты жаққа тентірететін алауыздық азаяды, мамыражай, майдақоңыр, бейбіт өмір орнайды.
Ұлы теңіздің бір шет қойнауы, құтты қойнауы Ауан, Көкарал халқы қияндағы түбекте, әлемді алға бастырған өркениеттен шалғайлау болғанымен, қай заманда да, қай кезеңдерде де болмасын, қазақ елінің бүкіл тыныс-тіршілігінен хабардар болып, әр кезде ертеңі үшін ерен еңбек еткен, тер төккен елдік істерімен даңқтары шығып отырған. Әйтеуір елеусіз, бұйығы тірлік кешіп қалмаған.
Адамдықтың ақ туындай болған адал пиғылды, ажары нұрлы ата-әжелеріміздің арқасында Бәйімбет батыр бабамыздың байрағын тіккен жерде нешеме ғасырлар бойы бірлігі мен ынтымағы жарасып, тонның ішкі бауындай араласып, ағайын-туыс болып, осы өңірді бауырына басып, жағалай қоныстанып келген. Өткен ғасырдың басында жаңа қоғам – кеңестік қызылкөз дәуір орнап, әр салада жұмыс көзі ашылып, малдан басқа да сан-салалы жұмыстар табылғанмен де, бұрынғы ағайын-туыс арасындағы сыйластыққа бірте-бірте бітеу жарадай сызат түсіп, әркім қарақан басын қайттағандай өз қамымен кете бастағанда, ел-жұртқа, бұқара жамағатқа «тәк» деп тоқтау айтатын ақ жағалы, қамқа тонды ағаларымыз да қуаңның шөбіндей азая бастаған. Бұрынғы ел бүтіндігін танытатын асарлар жойылған. Кедей-кепшік, жоқ-жұқа адамдарға шөп шауып беру, қора-қопсысын жөндеу, үмелетіп үй тікейтіп беру, құрал-сайманын пайдалануға беру сияқты қазақ тіршілігінде бұлжымас заңдай қалыптасып қалған елдегі игілікті істер бәсеңси бастаған-ды. Жұт жеті ағайынды дегендей «дін апиын» деп атеистік қоғам жау іздеп ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ұстаным – мұсылман құндылықтарын жоқшылыққа шығарды. Содан да болар, бірімен бірі жарысып, бірінің үстінен бірі «жаптым жала, жақтым күйе» дегендей, жалған айтып, елдіктің еншісіндей болған халықтық дәстүр, халықтық жол-жоба жойыла бастаған.
Міне, осы кезде өмірдің жастайынан бүкіл қиыншылығын көрген, адамзат тарихындағы жаһандық сұмдық соғыс өртіне қатысқан, жырақ шығып ел таныған, атқа мініп жер көрген асыл сүйекті ағаларымыз қанды қырғын соғыстан туған жерге қайтуымен-ақ елдегі ізгі игіліктерді қайта қалыптастыруға айрықша үлес қосып, жарқын болашаққа жол ашылуына атсалысып, елге қызмет етудің қарқарадай үлгісін көрсетудей-ақ көрсетті. Олар талай-талай аймаңдай арыстарынан айырылып, аңырап қалған аналарымыз бен боздап қалған жетім балаларға мейірімді жәрдем қолын созып, ұрпақтарының жасып қалмай бәйтеректей бой түзеп, алғырлықпен ой түзеп жетілуіне есепсіз көмектескенін бүгіндері кейінгі ұрпақтары таусылмас жыр қылып, аңыз қылып айтып отырады.
Сол жұртқа пана болған, қамсау тонына жаға болған жайсаңдардың бірі – сөзіміздің басында айтқан дала данышпандарының сарқытындай болған бұл азамат туралы жас та болсақ бала кезімізден қанықпыз. Жай ғана қызмет атқарғанымен де, бірлігіне селкеу түспеген Бәйімбет ағайындар арасында біртуар азамат Әбдуәли Шалмановтың «мынандай көмегі тиді, анадай жәрдемін ақы-пұлсыз берді» деген қисапсыз әңгімелерді құлағымыз үнемі шалатын. «Берісі ауыл, арысы Арал теңізінің бойындағы ағайынның торқалы тойы, әруақтарға бағыштаған құдажолы-садақасы ешқашан Әбдуәли ағасыз өтпейді» дейтін қағида қалыптасқан. Ол кісі болмаса, ол кісі басқарып жүрмесе, атқарылатын шаруада бір кемдік болатын сияқты көрінетін. Берірек келіп ес жиғасын зерделеп, зерттеп қарасам, елдегі алтынның сынығындай беделді кісілер бар екенін, ата-бабадан келе жатқан алтын арқау көшбасшысы көсемдіктің жойылмағандығын білдім. Олардың алғаусыз іс-әрекетінде, қам-қарекетінде өздерінің әр сөзін өз бауырына да, алыс-жақын өзгеге де өткізе алатын, санасына жеткізе алатын қазақтың бұрынғы ұлағатының бар екенін байқадым. Алып тұлғалы, айрықша ойлы, ақжарма көңілді Әбдуәли ағалар адамдар арасында әуелі игілікті ісімен, көркем мінезімен көрініп, баршасын мойындатып, айтпақ сөзін өткізетінін сездім.
Сондайда анау бір жылдар есіме оралады. Ол кезде түкпірдегі балықшы ауылдан аяқ аттап қалаға тосын келу, келгесін арқа сүйер танитын адамың болмаса, тап қазіргідей емес, «қайтемін» дейтіндей уайым екенін ұмыта қойған жоқпыз. Заман қайбір жетісіп тұрған кез дейсің. Тар тамның ішінен ығысып орын беріп, жөн-жосағыңды біліп, арнайы келген жұмысыңды бітіру, немесе әрі қарай алыс жолға шығарып салу дегендер сапарлатып шыққандар үшін ең үлкен қамқорлықтың басы еді. Міне, осындайда атбасын тіреп баратынымыз да, ауызға әуелі оралатын да Әбдуәли қаладағы ағамыздың қарашаңырағы еді.
Ұлы Отан соғысынан кейін әп дегеннен қалаға жұмысқа орналасқан Әбдуәли ағайдың құтты үйі бүкіл Бәйімбет, Торжымбайлардың Аралдағы үнемі есігі ашық тұратын қонақүйі сияқты көрінетін. Елден келгендердің бірі кіріп, бірі шығып сапырылысып жататын. Соғыстан кейінгі уақыт. Өмір болғасын қара-ләзи қуанышы мен қабақ түсірген уайымы қабат жүретін шақ. Ол кісінің ағайындардың бәрін нардай қылып, жетіспейтінін жетістіріп, үзілгенін жалғап, үнемі басын қосып жүретін қамқоршылдығын байқайтынбыз.
Әбдуәли ағаның өзінің өмірі де қиындыққа, мехнат-азапқа толы болыпты. Сегіз жасында аяулы анадан, он жасында асқар тау әкеден айырылып, қаршадайынан өмірдің ащы-тұщысының дәмін татудай-ақ татып, бейнетінен пісіп жетілгені білінетін. Ағайдың қайырымдылығы мен еңбекқорлығы сол қиын өмірде, талайлы тағдырда жастайынан ысылып-пісіп қалыптасқан екен. Енді еңсе көтерген шағында Ұлы Отан соғысы басталған. 1942 жылдың 1 ақпанында Әбдуәли аға соғысқа аттанып, қолына қару ұстап, майдан жолымен бүкіл Еуразияны шарлапты. Бір емес, екі соғысты басынан өткерген. Әуелі фашистік Германиямен болған шайқастарда алдыңғы сапта болса, ұлы жеңістен соң Қиыр Шығысқа бет алған қызыл эшелондармен сонда жетіп «Квантун» армиясын құртуға атсалысқан. Соғысқа да адамның ақыл-ойының алғырлығы керек екен. Әбдуәли аға зерделілігінің арқасында теміржол әскерінің құрамына қабылданыпты. «От ішінде мақтаны сақтайды» дегендей, Германия мен Жапония соғысын түгелдей аяқтап, туған жерге 1946 жылдың ортасында оралады. Жауынгер ретінде көзге түскен, сындарлы сәттерде рухы сынбаған батыр аға «Ұлы Отан соғысы» орденінің бірнеше дәрежесін, сондай-ақ «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Теміржол әскерінің үздігі» медальдарын жоғары басшылық қолынан алады.
Жеңімпаз жауынгер елге оралысымен жаңадан ашылған одақтық маңызы бар Арал теңізі Обаға қарсы күресу стансасына жұмысқа тұрып, тапжылмай бір жерде зейнетке шыққанша абыроймен қызмет етті. Бейбіт еңбекте де ағамыз елге үлгі боларлық, кейінгіге өнеге боларлық қызмет жасады. Мемлекет алдындағы елеулі қызметі үшін «Құрмет» ордені мен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін кеудесіне таққан екен. Сондай-ақ «КСРО Денсаулық ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталуы - үлкен жетістік. Медицина қызметкері емес, қарапайым қызметкердің мұндай марапатқа ие болуы оның ересен еңбегінің бағаланғандығы болар. Арада қанша жылдар өтсе де, осы мекеменің кейінгі жұмысшы-қызметкерлерінің аузында «Әбдуәли Шалманов ағамыздай болу қайда?» деген сөз мәтелге айналып кеткен.
Әбдуәли аға соғыстан оралуымен ауылдың тумасы Сермағамбетқызы Зүлхаямен (Жөкен) бас қосып, өмірге Талап, Алуа, Ақыл, Марат, Әбдісахи, Нұрлан есімді ұл-қыздар әкелді. Қазіргі таңда олардың әрқайсысы бір-бір үлкен әулет болып атақ-даңқы ел аузында қалған аталарының абыройлы ісін жалғастырып, әртүрлі салада еңбек етуде. Қазақтың ақылды бибатпа әйелі ерге сүйеу болады ғой. Ағамыздың ағайындар арасында, әріптестері арасында үлкен беделге ие болуына, дарқандылығымен танылуына жеңгеміз Зүлхаяның да үлкен үлесі бар екенін білеміз. «Бір жаман, бір жақсы әр жерде бар, екі жақсы қосылған қай жерде бар» дегендей, бұл кісілерді замандастары майын тамызып мақтап, төбелеріне көтеріп отыратын. Қоғамға абыроймен қызмет жасау әркімнің міндеті мен мақсаты десек, сол қызметтің игілігінің бір бөлігін айналаңдағы мұқтаж жандарға өркенді ісіңмен, болмаса демеу берер ақыл-кеңесіңмен жұмсасаң, мерейің тасып, шынайы алғысқа кенелетінін осы Әбдуәли Шалманов ағамыздың ғұмырбаянына көз жіберсек, «асыл адам айнымас» дегеннің мәні мен мазмұнын түсінетін сияқтымыз.
Міне, самаладай көше жарығымен келе жатып, үй-үйдің маңдайшасына қадалған «Әбдуәли Шалманов атындағы көше» деген атауды оқығаннан кейін бір кездері маңдайымыздан сипаған ағамыз туралы естеліктер ойға оралып, ыстық ықыласпен қағазға түсірдім. Иә, жақсының аты халық жадында әрқашанда сақталады.
Қуанышбай ЕРДІХАЛЫҚОВ,
Арал ауданының Құрметті азаматы,
Қазақстанның Еңбек сіңірген энергетигі