Иманды күшейтетін 3 нәрсе
Кейде елге елеулі, сыйлы адамды көрсек, оны сыйлап, төрге шығарып, құрмет көрсетіп жатамыз. Әлгі адаммен қарым-қатынас жасағанда аса сақтық танытып, көңіліне келетін сөз айтып қоймауға, ол кісімен байланысты үзіп алмауға тырысамыз. Айтқанын орындаймыз. Бұйырғанын тыңдаймыз. Алдында әдеп сақтаймыз. Тіпті, өзіміздің әйел, бала-шағамызбен де дәл сондай нәзік әрі тығыз қарым-қатынастамыз. Себебі, көп уақыт көңіл бөлмей қойсақ, бір күні әйеліміздің де суып кететінін білеміз. Ұзақ уақыт көріспесек, «Өзіңнен туған жас бала, сақалы шығып жат болмай» деп Махамбет ақын айтқандай, бауыр еті баламыздың да жат болатынын сеземіз. Сондықтан да өзімізге қымбат болған жандарға көбірек көңіл бөлеміз, оларды бағалаймыз, іздейміз. Олармен байланысымызды үзбейміз.
Ал Жаратушымен ше?.. Онымен қандай байланыстамыз? Әлгі адамды ренжітіп алмайын деп жүгіріп, қолымыздан келгенін жасағандай, Алла үшін де дәл солай тырыса алып жүрміз бе?..
***
Иә, әр нәрсенің өткінші, бірде бар, бірде жоқ болатыны секілді, иман да бірде күшейіп, бірде әлсіреп тұрады. Өткір қылышты қайрап тұрмаса, кесуге жарамай қалатыны секілді, иманды да үнемі суарып, жаңартып отыру керек. Сондықтан бүгін иманды қуаттаудың ең негізгі, маңызды деген 3 жолын атай кетуді жөн көріп отырмыз.
БІРІНШІ, ДҰРЫС ОРТАДА БОЛУ
Негізі адамға жүрген ортасы, сөйлесетін, араласатын достары қатты әсер етеді. Қанша жерден «мен жеке тұлғамын» десең де, айналаңдағы адамдар ықпалын тигізбей қоймайды. Егер досың лайдың үстімен жүргенді жақсы көретін адам болса, оны таза жермен жүруге шақыр. Көнбесе, өзің алыста. Себебі, сен қанша таза жермен жүрсең де, лайдың үстінде жүрген досың бір күні саған батпағын жағады. Арада біраз уақыт өткенде үстіңді былғайды. Сөйте-сөйте бір күні өзің де қара батпақтың ішіне қалай кіріп кеткеніңді байқамай қаласың.
Ал «қандай адаммен дос болу керек?» деген сұраққа түсі игі, жаны ізгі, сөзі дұрыс, ісі тиянақты адамдармен жолдас болу керек деп жауап берер едік. Себебі, «Адам – досының дінінде». Ең жақсы дос – Құдайды ұмытсаң есіңе салатын, ал ойлап отырсаң көмектесетін дос! Ендеше, жаныңа бірігіп күнә жасайтын емес, жұмылып Құдай риза болатын істерді атқаратын жандарды жина!
ИМАНДЫ КҮШЕЙТУДІҢ ЕКІНШІ ЖОЛЫ - ҚҰРАННЫҢ СОҢҒЫ ПАРАЛАРЫН ОҚУ, ТЫҢДАУ, МАҒЫНАСЫНА ОЙ ЖҮГІРТУ
Расында, Құрандағы Меккелік, яғни Меккеде түскен соңғы сүрелер Алланың алдына баратын күнді, Қияметті еске салады. Және Құранның соңғы параларында бір Аллаға сыйыну, жәрдемнің де, азаптың да Алладан болатыны, еш нәрсе Алланың қалауынсыз, білімінсіз болмайтыны, Құдайдың құдіреті жайында көп айтылады. Сондықтан Алланың сөзін оқып, тыңдап, оның мағыналарына ой жүгіртіп, түсіндірмелерін оқыған адамның әлбетте, иманы көтеріледі. Жүрегі тазарады, санасы нұрланады. Аяттардың мағынасына мән беріп, ізденген адам намазда оқыған сүрелерінен ләззат алады. Иманның басқа еш нәрсемен салыстыруға келмейтін тәп-тәтті дәмін татады! Сондықтан иманым күшейсін деген адам Алланың сөзі болған қасиетті Құранға көңіл бөлуі керек.
ҮШІНШІ, НАСИХАТ
Яғни өз білгеніңді өзгелерге үйрету. Себебі, Алла Құранда:«Адамдарды Раббыңның жолына даналықпен және көркем үгіт арқылы шақыр…» («Нахыл» сүресі, 125- аят), «…Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер...» («Мәида» сүресі, 2 аят), «Сендерден жақсылыққа шақыратын, сондай-ақ, дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосатын бір топ болсын. Міне, солар - құтылушылар» («Әли-Имран» сүресі, 104 аят), - деген.
Сондай-ақ, ардақты елшіміз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жақсылыққа шақырушыларға соны жасағандардың сауабындай сауап жазылады», - деген. (Муслим) Сондықтан біреуді жақсылыққа шақыру арқылы өзіңнің де иманың, білімің артатынын және дәл сол жақсылықты жасамасаң да, жасағандай сауап алатыныңды ұмытпауың керек.
Міне, бұл ең үлкен байлық, ең үлкен қазына болған жүректегі иманды күшейтудің ең маңызды 3 жолы. Алла баршамызды ойы азат, жаны таза иманды құлдарының қатарынан етсін!
Міне, бұл ең үлкен байлық, ең үлкен қазына болған жүректегі иманды күшейтудің ең маңызды 3 жолы. Алла баршамызды ойы азат, жаны таза иманды құлдарының қатарынан етсін!
asylarna.kz