Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Жанталаспен өтіп барады": Айнұр Тұрсынбаева жақын адамдарды бағалауға шақырды

"Жанталаспен өтіп барады": Айнұр Тұрсынбаева жақын адамдарды бағалауға шақырды

Айтыскер ақын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында үлкен өзгеріс күтеміз деп кішкентай ғажайыптарды елемейтінімізді жазды. Бақытты болғаныңды сезіне білу де өнер екенін айтады ол. Жақындарыңның жаныңнан табылуының өзі адамды қаншалықты керемет күйге бөлейтінін де жасырмады. Адам өмірді қанша өзгерткісі келсе де, өзгерте алмайтынын жеткізді ақын.
«Жанталасқан өмір. Бәріміз белгісіз бір бақытты күтіп жүрміз. Ертең бір орасан зор байлық төгіле салатын сияқты үміттеніп жүрміз. Бір нәрсе жетпейді. Қатыгез енеден шаршап, жалқау күйеуді өзгерткіміз келіп, қырсық баланы жуасытқымыз келіп жанталаспен өміріміз өтіп барады. Ал енді ойланайықшы. Біздің қателік неде?! Үлкен өзгерісті күтеміз деп қасымыздағы кішкентай қуаныштарға мән бермей жүрген жоқпыз ба?! Күн сайын тыныш ұйықтағанымыз үшін, қайғысыз қара су ішкеніміз үшін, баламыздың тәтті күлкісі үшін шүкіршілік етеміз бе?! Кішкентай ғана бақытты шақтардың қадірін білмейтін адамға Алла үлкен байлықты бермейді ғой... Ата-ананың амандығы не деген бақыт?! 12 мүшеміз сау жүргеніміз не деген байлық?! Бауырымыздағы баламыздың амандығы не деген нығмет?!» - деп жазды Айнұр Тұрсынбаева.
Байлыққа жетеміз деп, бақытты қолдан ұшырып алуымыз мүмкін деген Айнұр әр нәрсені өз уақытында бағалау қажет екенін жеткізді.
«Үлкен мақсаттарға жетеміз деп, үлкен байлықты іздейміз деп арпалысып жүріп дәл жанымыздағы жақындарымызды жабырқатып алмайық. Асықпай отырып жан-жағыңызға қараңызшы. Көзіңізді жұмып ойланыңызшы. Сіз дәл қазір де бақыттысыз ғой. Осыны жүрекпен сезінген кезде ғана сізге ғажайып өмірдің есігі ашылады. Алла сіздерді сүйеді», - деп жазды айтыскер ақын.
http://stan.kz
30 сәуір 2019 ж. 1 897 0