Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Терең білім тәрбиеде

Терең білім тәрбиеде

Бүгінде жаһандану заманында жас ұрпаққа жақсы тәрбие мен білім беру үлкен мәселе болып отыр. Өз елін, халқын сүйетін нағыз ұлтжанды тұлға тәрбиелеуде ең бірінші ата-ананың және мұғалімдердің рөлі ерекше орын алады. Ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын ізгілік, адамгершілік, үлкенді құрметтеу, ұяңдық сияқты халқымыздың асыл қасиеттері ерте заманнан бері атаның қанымен, ананың сүтімен бойымызға сіңіп келеді.
Баланың миы тап-таза қағаз секілді тап-таза болады. Оған айналасындағы адамдар қалай әсер етсе, бала миы, санасы солай қалыптасатынын әрқашан жадымызда ұстауымыз қажет. Балаға айналасындағы өмір шындығы ауадай қажет. Ең алдымен өз ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениеті, салт-дәстүрімен, тілімен, тарихымен, өнерімен тереңірек таныс болуы тиіс. Осындай талап тұрғысында әке мен шеше және баланың басқа да ересектерінің өзара жақсы қарым-қатынас, көңіл-күй ерекшеліктері, жүріс-тұрысы, еңбек сүйгіштігі, ізденістері бәрі балаға өнеге.
Жалпы қазақ халқы баланы оқытуға көп көңіл бөлген. Ата-аналары кішкентай жастарынан сөйлеуге, санауға, заттарды және олардың өзіндік ерекшеліктерін атауға үйреткен. Ал баланың тілі шыққан бойда оған тақпақтар мен өлеңдерді, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды жаттатқан. Бұлар баланың есте сақтау қабілетін дамытумен қатар, оған қоғамның әлеуметтік құрылымы, көшпелі тұрмыстың шаруашылығы, отбасы мүшелерінің қарым-қатынастары туралы ең қарапайым түсініктер берген. Қазақтар балаларды сауаттылыққа үйретуден бас тартуды үлкен қателік деп есептеген. Әдетте балаларды 7-8 жастан бастап оқытуды көздеген. Жазуға, санауға, оқуға, шариғатты үйренгісі келетіндердің барлығы жасына қарамастан молданың киіз үйіне жиналған. Оларға қарапайым бастауыш білім беріп, сауаттылықтың, жазу мен санаудың әліппесін үйреткен. Бірақ, мына бір жайтты ұмытпау керек, дәстүрлі қоғамда балаларды шаруашылық және қоғамдық өмірдің нормасына, осы қоғамның негізгі құндылықтарына баулу отбасының ішінде жүрді. Балаларды тәрбиелеу мен оларға өмірлік қажетті машықтарды үйрету нысандары әркелкі болды. Балалар кішкентай кездерінен-ақ отбасының күнделікті тұрмысын, ересектердің жұмысын, олардың өмірінің түрлі жағдайларындағы іс-әрекетін бақылап, өздері еңбек үдерісіндегі көмекшілер мен қатысушылар рөлінде болды. Халық педагогикасында дәстүрлі білім беру түрлерінің бірі ретінде ауыз әдебиетіне үлкен мән берді.
Осыған қарап ертедегі қазақ баласының балалық шағы қаншама қиын кезеңдерге тап келсе де, білімнен, өнерден, жалпы адами қасиеттерден алыстамағанын аңғарамыз. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі, сондықтан қазақ өз баласын тәртіпті, кішіпейіл, білімді, шебер, еңбекқор, келешекте үлгілі отбасы иесі болғанын қалап тәрбиелеген. Өйткені ұлтымыздың болашағы – тәрбиелі ұрпақтың қолында.
Бұл ұран әлі күнге халықтың қолданысынан түсіп қалған емес. Расында ұлттың болашағын тәрбиелеу міндеті бүгінгі ұстаздар қауымына артылған үлкен жауапкершілік болып отыр. Себебі атақты ойшыл, екінші ұстаз саналған ұлама Әбу Насыр әл Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген. Бірақ терең тәрбие беру де көп жұмысты талап етеді. Бүгінгі таңда бұл міндетті ұстаздар қауымы абыроймен атқарып келеді. "Біреудің баласын сүйе біл" деген қазақтың даналығы мұғалімдердің санасынан бір сәтке болса да ұмытылмайды.

Ғазиза БАЛМАНОВА,
№2 облыстық дарындылар мектебінің мұғалімі
17 мамыр 2021 ж. 691 0