Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі

Әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алланың сендерге берген нығметін санайтын болсаңдар, санына жетпейсіңдер» деген («Ибраһим» сүресі, 34-аят). Шынында Алланың адамзат баласына беріп жатқан нығметі сансыз.


Соның бірі – ұрпақ сүю. «Босағасын алтыннан соқсаң-дағы, Перзент сүймей адамның мейірімі қанбас» деген Шал ақын. Ұрпақ сүю – үлкен нығмет. Дүниені көрікті ететін – бала- шаға. Бала үшін еңбек етіп, әрекет қыласың. Олар үшін қуанасың, олар үшін қам жейсің. Сондықтан Алла ұрпақ нәсіп етсе, оған шүкірлік ету қажет.
Әрбір адамның бала сүю арманы бар. Әр адам Алладан ұрпақ тілейді. Алайда қандай ұрпақ сұрау керек? Әрине Жаратушы Иеден салиқалы ұрпақ сұрауымыз керек. Баласының салиқалы болуы үшін әрбір әке атсалысуы қажет. Яғни балаға жақсы тәрбие беруі тиіс.
Ақиқатында, балаға берілетін тәрбиенің ең бастысы – имандылық. Әкенің баласы алдындағы ең алғашқы міндеті – Алланы таныту. Баланың шынайы мұсылман болып өсуіне жағдай жасау.
Дініміз баланың жастайынан тәрбие алуына ерекше мән береді. Бұған Құран мен хадис дәлел болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әкенің баласы алдындағы міндеті – Құран үйрету, жүзу, садақ ату және көркем мінезге баулу» (Байһақи).
Баланы қалай тәрбиелейміз? Тәрбиені неден бастау қажет? Балаға берілетін тәрбие жайында ғалымдар көп ғибрат айтқан. Соның кейбіріне қысқаша тоқталсақ.
1.Іс-әрекетімен көрсету. Яғни әке баласына өзінің жақсы амалымен үлгі-өнеге көрсетуі тиіс. Мысалы, баласы әкесінің намаз, Құран оқығанын, садақа бергенін көру керек. Сонда бала әкесінің іс-әрекетін қайталайды. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекер айтылмаған. Сондықтан әке өзінің ізгі амалымен баласына тәлім көрсетіп, тәрбие бере алады.
2.Балаға насихат айту. Бұған Лұқман хәкімнің ұлына айтқан өсиеті дәлел болады. Лұқман хәкім баласы есейген кезде былай деп насихат айтады: «Әй, ұлым! Аллаға серік қоспа. Өйткені серік қосу – өте үлкен зұлымдық. Әй, балам! Намазды орында. Жақсылыққа шақыр, әрі жамандықтан қайтар. Және басыңа түскенге сабыр ет. Адамдардан бетіңді (менменси) қисайтып бұрма, әрі жер бетінде кердеңдеп жүрме! Ақиқатында Алла әрбір өркөкіректі әрі мақтаншақты жақсы көрмейді. Әрі жүрісіңде орташа, бірқалыпты бол және дауысыңды бәсеңдет. Өйткені дауыстардың ең жағымсызы – есектің дауысы» деген («Лұқман» сүресі, 13-19 аят). Яғни әке балаға жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажыра білуді түсіндіріп, дұрыс бағытқа бағыттауы тиіс.
«Ұят болады», «жаман болады», «обал болады» деген сөздерді, сондай-ақ Құранда келген 25 пайғамбардың өмірінен қысқаша мәлімет беру қажет.
3.Балаға дұға жасау. «Раббымыз! Мені және ұрпағымды намазды толық орындаушы ет» («Ибраһим» сүресі, 40-аят). «Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың алды ете гөр!» («Фурқан» сүресі, 74-аят). Бала-шаға – дүние көркі. Егер бала салиқалы, иманды болса, осы өмірдің көркі. Ал егер бала салиқалы болмаса әрі Құдайдан қорықпаса, ол – қасірет. «Егін өнбесе – бір жылдық қайғы, балаң оңбаса – ғұмырлық қайғы» деп қазақ бекер айтпаса керек.
Алла балаларымызды салиқалы, Құдайдан қорқатын ұрпақ болуын нәсіп етсін!

Арал аудандық орталық мешіті

28 мамыр 2021 ж. 783 0