Келешекке сеніммен көз тіккен жыл

Мұрағаттағы тарихи деректерге сүйенсек, 1992 жылы еліміздегідей ауданымызда әр сала бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Кіші Арал теңізін жасау қолға алынды. Осы мақсатта Көкаралда ұзындығы 250 метр, ені 150 метр бөгет салынды.
1991 жылы ауданда қосалқы егіс шаруашылығымен 24 мекеме ғана айналысса, 1992 жылы 70-тен аса мекеме қосалқы егіс шаруашылығымен айналысты. Жаңадан Жаңақұрылыс мемлекеттік жалгер шаруашылығы, "Ақбай" мемлекеттік кіші кәсіпорны ұйымдастырылды. Бұлардың болашағы үлкен. Жемшөп базасы нығайтылды. Көтеру-транспорты жабдықтары зауыты вагон жөндеу зауыты болып қайта құрылды. Және басқа да көптеген мәдени-тұрмыстық объектілер салынды.
Аудан бойынша 54 гектар бидай, 50 гектар күріш, 154,5 гектар тары, 30,6 гектар қант қызылшасы, 231,6 гектар картоп, 134,3 гектар көкөніс, 211,5 гектар бақша егіліп, онан 402 центнер бидай, 150 центнер күріш, 1028 центнер тары, 4280 центнер қант қызылшасы, 9033 центнер картоп, 4194 центнер көкөніс, 16470 центнер бақша өнімдері жиналды.
Электротехникалық зауытқа инвестициялық қордан 30 млн сом қаржы бөлініп, бұл қаржы зауытты қайта жабдықтауға пайдаланылмақ. "Ажар" тігін фабрикасында 41 мың дана балалар және әйелдер пальтосы тігіліп, 40333 мың сомның өнімі өндірілді. Ауданда байланыс саласын жақсартуға 4,8 миллион сом қаржы игерілді. Алматы теледидарын көруге мүмкіндік беретін "Жарық" ретрансляторын Ақбасты, Құланды елді мекеніне алып беруге қол жетті.
Қала бойынша 5,1 шақырым су құбыры, 25 шақырым Бердікөл-Ақбасты су құбыры және аудан бойынша 25445 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауданда құрылыс қарқынын дамыту мақсатында Қызылорда құрылыс тресіне қарасты жылжымалы мехколоннаның өндірістік базасының құрылысы басталды. Оның құрамында жылына 25 мың текше метр темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыт бар.
Обаға қарсы күресу стансасы Қызылордадан Аралға қайта көшіріліп әкелінді. Қамбаш стансасында жедел жәрдем филиалы, Қызылжарда рентген кабинеті, Сексеуіл қыстағында аудандық тазалық сақтау және індетке қарсы күрес станциясының филиалы, Көнту елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Осындай жарқын істердің басы-қасында Арал ауданының әкімі Биғали Қаюпов болды.
Жыл ішінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тарихи маңызы бар VІІІ, ІХ сессиялары болып өтіп, заң актілері, тарихи құжаттар қабылданды. Соның ішінде біздің аудан халқы үшін "Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Заңның қабылдануы 1992 жылдың тамаша тартуы болды. Бұл Заң күшіне еніп, өмірге жолдама алды.
1992 жылы Арал халқы үшін тарихы маңызы зор жыл болды. Аралдықтар бұрын-соңды болмаған жаңа кәсіп – егіншілікке бет бұрып, қолдарына кетпен ұстады. Жер-Ана сыйының алғаш дәмін ауыздарына алып, қуанышқа бөленді. Теңізі тартылып, көңілдері ортайған Арал халқының келер күнге деген сенімі артып, үміті оянған жыл болды. Кіші Арал толып, бірер жылда теңіз жағалауына қайтадан су келіп, ақ шағалалар үнін есітеміз деген үміт оты жанды.
К.МАХСҰТ