Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел ертеңін еңселі еткен егемендік

Ел ертеңін еңселі еткен егемендік

Ата-бабамыз армандаған тәуелсіз күн арайлап атып, көк байрағымыз көкте желбіреді. Тәуелсіздіктен биік ұлы мұрат жоқ. Еліміздің егемендігі – ұлтымыздың ежелден еркіндік аңсаған асқақ рухының және ұлт тарихындағы барлық азаттық үшін болған күрестердің жеңісі. Биіл ел тәуелсіздігіне 30 жыл. Осы 30 жыл ішінде еліміздің шекарасы шегенделіп, ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет болып тарихта қалдық.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында бүгінге дейін қазақтың басынан өткен айтулы оқиғаларды сөз етіп, мемлекеттің даму жолындағы жағдайларға тоқталып, тәуелсіздіктің жеңіл жолмен келмегеніне айрықша басымдық берген болатын.
"Өткен күнде белгі бар" демекші, өткен жылдарға шегініс жасасақ. Сонау 80-90-жылдары ыдырамастай көрінген Кеңестер Одағының жағдайы қиындады, Алып державаның саяси-экономикалық жағдайы құлдырады, оның соңы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына әкеліп соқты. Одақтық билікке қарсылық білдіріп, бой көтерген өршіл жастардың бұл бас көтеруі сол кездегі үкімет басындағыларға ұнамады. Жастар "Қазақ еліне өз ұлтының өкілі басшы болуы керек" деген қағиданы ұстанған еді. Алаңға жиналған жастардың бетін қайтарғысы келген күштік құрамның ойы іске аспады. Елдің тұрмыстық, әлеуметтік жағдайының төмендеуі, мемлекет басына басқа ұлт өкілінің келуі халықтың наразылығын, ашу-ызасын тудырған еді. Халықтың бұл наразылығы мемлекеттің саяси өзгерістерге бет бұруына бірден-бір себеп болды. 1990 жылы Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР Президентінің мәртебесін бекітті. Сөйтіп, басым дауыспен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Сол жылдан бастап тарих бетінде тәуелсіз Қазақстан мемлекеті қалыптасты.
Міне, сол тәуелсіздік еліміздің басына бақ болып қонған сәттен бері егемен Қазақстан түрлі жетістіктерге қол жеткізіп, елеулі өзгерістерді басынан өткерді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың көреген басшы, сарабдал саясаткерлігінің арқасында біз талай асуларды бағындырып, еліміздің озық мемлекеттер қатарынан көрінуге лайықты екенін сан рет дәлелдедік. Ата Заңымыздың қабылдануы – ең алғашқы жетістігіміз. Конституция – тәуелсіздіктің айғағы, теңдігіміздің бұлтартпас дәлелі. Кейін, еліміз түрлі даму сатыларынан өтіп, ресми тіліміз, валютамыз біртіндеп қабылдана бастады және бұл елімізді ерекшелеп көрсететін, тарихымызды айқындайтын ұлттық құндылықтарымыз еді.
Егемен ел болғаннан кейін еліміздің жеке мемлекет ретінде сын-сипатын анықтайтын белгілері қалыптасты. 1992 жылы ҚР Президенті «ҚР Мемлекеттік Туы», «ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы», «ҚР Мемлекеттік Әнұраны туралы» Заңға қол қойды.
Еліміздегідей, ауданымызда да барлық салада даму, өсу қарқыны белең алды. Өндіріс орындарында өндіріс көлемі артты, индустрияландыру бағдармаласы аясында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Ауданда жылдық қуаттылығы 23900 тоннадан асатын 9 балық зауыты жұмыс істейді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артқан. Білім, спорт, мәдениет пен өнер, құрылыс пен ауыл шаруашылығы салаларында жетістіктер жетерлік. Тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жақсарды. Жолдар жөнделіп, көшелер абаттандырылды, байланыс желісі жақсартылып, елді мекендердің жол қатынасы жақсарып, ауызсумен қамтылуда. Міне, осы игі жұмыстардың барлығы ел тәуелсіздігінің, елдің ауызбірлігінің, ынтымағының арқасында жүзеге асып жатыр.
"Өткенді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді" деген ұлы даналық сөз бар. Өткенімізді өшірмей, болашаққа дұрыс бағдар қоя білейік. Келер ұрпақтың сана-сезіміне тәуелсіздік бақыты қалай келгенін, егемендіктің қадірін білуді насихаттап, үлкендер білгенін үйретіп, жастар білмегенін сұрастырып, Отанға деген сүйіспеншілікті арттырғаны абзал. Сонда ғана еліміздің егемендігі мәңгілік, тұғыры биік бола бермек. Біздің тарихымыз айтулы жетістіктерге толы. Ертеңіміз айқын, келешегіміз жетістіктерге толы болғай.

К. МАХСҰТ 
17 наурыз 2021 ж. 799 0