Теңіз қолтығында өткен өмір
Бұл белгілі жазушы-журналист Айжарық Сәдібекұлының редакция қорында қалған соңғы жазбасы болатын. Өмірден озғанына жыл толған талантты қаламгердің туындысын осы сәтте оқырманға ұсынуды жөн көрген едік.
Редакциядан
Менің ата тегім де, нағашы жұртым да бір тайпа ел Бәйімбеттен тарайды. Түп атамыз Әлім, одан Жақайым, сосын Бәйімбет. Біз көзін көріп қалған аталарымыздың дәйектерінде Бәйімбеттен: Ақтеке, Жәдік, Андағұл, Бадық болып бөлінеді. Жолдан қосылған Назарша дегені тағы бар. Назаршамен бес Бәйімбет. Бадықтан Сәйке мен Дүйсем. Дүйсемдер – менің нағашы жұртым. Тағдырдың жазуынан шығар, мен туған нағашыларымды көргенім жоқ.
Ағасы Демесін, тете інісі Көлжан мен жарық дүниеге келместен бұрын, ақ патша заманында опат болған. Екеуі де қыршын кеткен. Демесін атам 25, Көлжан атам 32 жасында. Апам әкесі Демесіннен 9 жасында қалған. Өзіне тете інісі Жұмахмет 7 жасында шетінеген. Тағдырға ол да аз көрінді ме екен, інілері Сағындық пен Әбутәліп екінші жержаһандық сұрапыл соғыста қыршын кеткен.
Сонымен, Алланың қалауына не деріңіз бар, апам туған төркінінде тігерге тұяқ қалмай жалғызсырап ғұмыр кешкен. Оның тағдырынан озып мен қайда барайын, мен де бір кем дүниенің күйін кештім. Жалғыздық жан дүниемді талай рет жабырқатты.
Ілгеріде өткен аталардың тәлімінен болар, Дүйсемнің жасы үлкендері апамды «Демесіннің көзі ғой» деп еміреніп отыратын. Жасы кішілері апалап алдынан кесіп өтпейтін, келіндері тұра қалып сәлемін жазбайтын иіліп. Апам көңілі мұңды-шерлі болса да, қарқарадай ақ жаулығын кірлетпей, кеудесін еңкейтпей, барға тасымай, жоққа апшымай өтті мына жалғаннан. Әрдайым «Алла келер жерін кең қылғай» деп отыратын. Толы көптің алқалы отырысында баяғының билеріндей толғап сөйлер еді жарықтық.
Көзімді дүние жарыққа тырнап ашқалы білгенім, географиялық картада тұр, Көкарал түбегіндегі (полуостров) ауылымыз Аққұм тұрғындарының көрген-баққаны теңіз малы екен. Асырап алған баласы Назаршамен – бес Бәйімбет болып тегісінен балықшылар еліне айналған. Аққұмның басында әуелі серіктестік, одан артель дегендерден бастап, кейін бірыңғай балық шаруашылығымен айналысатын Ленин атындағы колхоз құрылған. Бір замандарда балық дегеннің не екенін білмейтін бабаларымыздың жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегіндегі ұрпағын қызыл большевиктер қойдай тоғытып балықшылық кәсіпке салған да, жеке меншігіндегі төрт түлігін сыпырып алып, колхоздың ортақ иелігіне өткізіп жіберген.
Туған нағашыларымнан тірі жан қалмағандықтан да болар, бүйрегім ала-бөле Дүйсемдерге бұрып тұрады. Айтайын дегенім, бес Бәйімбетте ел іші Демесін мен Көлжанды әкесі «Ажығұлдың қос саранауы» дейді екен. Дейтін себебі, ағайынды екеуі де ірі сүйекті, сом бітімді болыпты. Күрескенде екеуінің жауырыны жерге тимей өткен өмірден. Дүйсемдер басқа бәйімбеттерге қарағанда, тым тегеурінді болған. Көкаралға қызылдардың өктемдігі жете қоймаған заманда, бір жылы андағұлдар мен бадықтың арасында жерге таласқан бір дүрлігіс болыпты. Аталарымыздың айтуында, Андағұл мен Бадықтың қатындарына дейін ала бақан алып, сарт-сұрт айқасқа араласып кеткен көрінеді. Бадықтар андағұлдарды еңсеріп жіберсе керек. Сондағы мәтқапылда айқасқа араласпай тек айқайшы болып шеттеп тұрған менің түп нағашым – Сүйеуқұл атам: «Әке Бадық, көке Бадық, қойдым Бадық…» деп араша сұрап, аса таяғын ербеңдетіп, ауаны сабалап жүр дейді жарықтық.
Андағұлдарды тізерлеткен Дүйсем де Дәулет атамыздың Дәрмен, Әлмен, Жәрмен, Бәймен, Құлман деген қарағайдай 5 баласы ержеткен. Бұлардың бәрі де тұла бойы тола қайратты, нағыз жуан білекті нарқасқалар болған. Бұл бесеуден біз бала кезімізде Бәймен мен Құлман атамызды ғана көріп қалдық. Деме-атаммен құрдас, төрде тоқтамай заулап сөйлеп отыратын тілгер. Бораштың Төлеуі (аталарымыз оны жалаңбас Төлеу дейтін, өйткені біздің Көкаралда ауылдас бірнеше Төлеу болған) оның бел баласы Ақаш палуан, Дәрмен атаның Байғабылы мен Жайкөргені, Төлегеннің Үдербайы мен Әрені, Жәрмен атаның Ердіғалығы мен Сәнтей шалдың аңыздағы Аплатондай ірі денелі болғасын «Жаркемер» атанған баласы Ағатай, Құлман атамның бойы сырықтай Ыбырашы. Бұларды көрдік, тұз-дәмдес болдық, бірінен бірі өткен бөрілер еді. Көңілде өкініш болмаса да, олқылық бар. Біз сияқты ашаламанда туған соғыс сүйріктері оларға ұқсай алмаппыз. Не тегімізге тарта тумай, не нағашы жұртымызға жете тумай әншейін қимыжық болып жаралыппыз.
Осы нағашыларымның дүрмегінде өркештілерінің бірі – мені туған баласынан кем көрмейтін Дәрменов Жайкөрген жөнінде айтарым бөлек әңгі-ме. Жарықтық, тұлғасы кинодағы Иван Поддубныйдан айнымайтын кесек бітімді алып еді. Ол колхозда және бүкіл аудан мен облыста ең маңдайалды балықшылардың бірі болды. Оның толағай табысын ел іші айта алмайтын. Талмастан қырық жыл теңізде тер төккен Жәкеңді үкімет пен партия болғаны «Құрмет Белгісі» деген тілдей темірмен марапаттаған. Және мақтау қағаздардан қорған соғып берген. Тек алдарқату ғой. Табыс табудан бүкіл Арал атырабында бірінші орынды ешкімге бермеген заңғардың еселі еңбегінің қайтарымы әлгі тілдей темір болғанына көңілім олқы соғады да тұрады. Жәкең сол марапатқа қанағаттанды ма, жоқ па, білмедім, ал ақиқатында, менің бұл нағашым мемлекеттік сыйлыққа да, социалистік еңбек ері деген атаққа да лайықты наркеуденің өзі еді.
Әттең, бірақ не керек, біздің ауылдың басшылары саяси санасы, азаматтық ой өрісі жетілмеген, бірінен-бірі өткен шаласауаттылар болды. Уақыт мүмкіндігін орайымен пайдалануға өрелері жетпеді. Ал егіншілікпен айналысатын басқа аудандардың аспанынан марапаттың нешеме түрі жауған бір кезең болып еді ғой сол заманда.
Ауылда, 1930-1970 жылдардың аралығында, Жәкеңнен басқа да ерен еңбек майталмандары болды. Жалпы Көкаралда жоспар мен міндеттемесін орындай алмаған бірде-бір балықшы болған емес. Олардың қатарынан менің әкемнің туған ағасы Сағынтайұлы Сәндібек әкем «коммунизмге қарай алға баса берейік» деген айқай ұранның екпінімен стахановшы болған. Ал, екілесіп келгенде, тері мен қанын теңіздің ащы суына араластырып ішкен солар мына жалғаннан не көрді? Ештеңе де көрген жоқ. Дүниеден көптің бірі болып өтті де кетті. Бар жеткені, олар әлгі коммунизм дегеннің құрбаны болды. Құдай-ау, ол заманда, біздің жалаң аяқ бала кезімізде, өкімет колхозшыларға айлық жалақы төлемейтін де еді ғой. Тек еңбеккүн жазатын. Ақшаның орнына егер бар болса дүкеннен шай-шекер, азық-түлік алуға өрлен беретін. Сонда да, колхоздың жұмысын өздерінің отбасы, ошақ қасы тірлігіндей өлімдерін салып істейтін. Шетінен қара жұмыспен шыныққан жарықтықтар жүрген жерлерін тиянақтап, бекемдеп жүретін.
Босқа кеткен есіл еңбек десеңші… Көп ұзамай елді теңіз апаты кимелеп, бүкіл бір аймақ жер сипап қалды. Ел босқынға ұшырап, Ленин атындағы қарқарадай колхоз жер бетінен ғайып болды. Бұл күнде ауыл орны тып-типыл болған, құлазып жатыр.
Енді, арада көп жылдар өткенде байырқалап отырсам, сол кездегі колхоз мүшелерінің тең жарытсы, яғни 50 проценті менің нағашы жұртым – дүйсем-дерден екен. Олардың Ақаш пен Ыбыраштан басқасы тегісінен балықшы болды. Қалған 50 проценті колхозшы – ақтеке, жәдік, андағұл, сәйкелерден еді. Енді уақыт бізді де соңғы көкжиекке қарай еңкілдетіп қуып келеді. Жас кезімізде қолына су құйып, батасын алған аталарымызды енді сағынатын болдық. Айтатындары ақыл, ағайынның бірлігі, ата жұртымыздың амандығы еді. Сол кездегі бала-шаға біздер осы күні солардың шекпенінен шыққанымызға тәубе дейміз. Кім білген, дүниеге беріректе келген болсақ, олардың қадірін білер ме едік, білмес пе едік. Сол аталарымыздың көңілдеріне үлгі-өнеге тұнған асыл қасиетінен-ау деймін, біздің ауыл тұрғындары өте қайырымды еді. Бауырмал болатын. Жалпы, ол кездегі қанаттас қоныстанған Көк-арал-Ауан-Ақбасты деген ауылдар иман ұйыған елді мекендер еді.
Бір мысал айтайын. Әрен нағашымды менің шешем туған ағасындай сыйлайтын. Әуелгі алғанынан перзент көрмегендігі себепті ажырасып, күйі кетіп жүргенінде апам кір-қоңын жуып беретін; мені жүгіртіп түскі-кешкі дастарханға шақырып тұратын. (Мұндай бауырмал қайырымдылық біздің ауылда күнде болып жататын). Кейін төсек жаңғыртқанда көрген жалғыз ұлы Сексенбай Апамның күтімінде болды. Себебі, баланың мамасы таңертеңнен кешке дейін балық өңдейтін трестің қолмен атқарылатын ауыр жұмысында болады. Үйіне талықсып шаршап келеді. Ал Әрекең жаздай үй көрмейді, жылымшылармен бірге теңіз асып, дарияның аяғындағы көлдерді жағалап кетеді. Иманды болғыр, Әрен атам да тұла бойын түк қаптаған батыр пішіндес кісі еді. Добалдай саусақтары темірдей қатты. Бойын таза ұстайтын. Ауласында да, қорасында да қылау жатпайды. Ал, қамыстан соққан қорасына ит тұмсығы батпайтын қамалдай берік болатын. Ауыл оның қайраты мен мұқияттылығын айтып таңғалатын.
Ал, ауыр салмақты Ақаш палуанның да қызығы ауылда кешеге дейін жыр болып келген еді. Оның бір оқиғасын-ақ айтайын. Ертеректе ауыл-село жастарының «Қайрат» деген ерікті спорт қоғамы болды. Әскерде төрт-бес жыл «раз-два» деп ойнап келгенімен, спорттың не екенін білмейтін ауылдың бозым баласын Шалқардағы ағайындардың намысы тұтанып, өтіп жатқан жарысқа салған. Содан Ақаң «Қайрат» қоғамы бойынша ауданның чемпионы болған. Ешқандай бапкерсіз. Жанкешті жаттығусыз. Сондағы сайысқа аңқау Ақаң әрі тұңғыш рет, әрі соңғы рет қатысқан. Қартайған әке-шешесіне бола Аққұмдағы ауылына оралып, бүкіл ғұмырын колхоз-совхоздың қызық-шыжығымен өткізген.
КТК телеарнасынан Жаңалық есімді тілші көрініп жүр. Сол журналист жігіт – Ақаш палуанның немересі.
***
Ауылдың жетіжылдығын бітіргесін апам мені нағашыларыңа апарайын деп, Көкарал түбегінің екінші басындағы Ауан ауылына алып барды. Арақашықтығы 70 шақырымдай. Апам Жүсіп деген кісінің алдына алып барды.
Ауылдағылардың бірден бірге жамырап айтуларына қарағанда, Жүсіп біреуге ашуланғанда тілін шайнап сөйлей алмай қалады екен. Бірде Мәдірейім деген ағамыз Жүсіптің әңгімесін тыңдап отырғанда «әрине, әрине» дей беріпті. Жүсекең сонда кілт тоқтап: «Әй, Дүзкейдің баласы, сенің айтып отырғаның кімнің әринесі? Менің әринем бе, әлде әкеңнің әринесі ме?» дейді ғой, тіктеліп. Мәкең: «Ойбай, Жүсеке, Құдай сақтасын! Сіздің әринеңізде нем бар менің. Ойбай-ау, айдың-күннің аманында Сіздің әринеңізді айтып өле алмай жүрмін бе? Менің айтып отырғаным өллә-біллә, өзімнің әринем ғой» деп құтылған көрінеді.
Жүсіп күркіреп ашуланғанда, тұстастары: «Ал Жүсіп жын қаптады, байқаңдар» дейді екен.
Артық болмас, иманды болғыр, Жүсіп оның тағы бір қызығын айтайын. Өзіне тете Иманәлі інісімен ауылдаспыз. Арамызда үй жоқ. Жүсіп бірде жолы түсіп Аққұмға келгенде інісімен екеуі сөзге келіп қалады, қыза-қыза шындап керілдеседі. Інісі кішірейіп ыға қоймағасын алкеуде ағасы Имекеңді отырған орнынан ұрмай-соқпай аунатып жіберіп, үстіне қонжиып отыра бергенінде, зәрелері ұшып кеткен Иманәлінің тетелес баласы Бақберген мен Бақытжан аталап Жүсіптің иығына жармасыпты. Жүсіп мойынын бұрып артына қараса – інісінің бастауышта оқитын екі ұлы. Аталап жылап тұр. Содан жарықтық: «Апыр-ау, пақырдың боқмұрындары кісі болып қалған екен ғой» деп, әлгінде ештеңе болмағандай, жайбарақат орнына отыра береді: «Келін, шырақ, шайың суып қалған шығар. Қайтадан қайнатып әкеле ғой, менің әлі де айтарым бар…» депті.
Иманәлі де ағасының қылығына кәнігі ғадетімен сылқ-сылқ күліп: «Бұйрабас-ау, мен тілімнен жазып қалдым ғой, шайыңды шалттатшы, біз шөлдеп қалдық» деген екен. (Жарықтық, әйелі Сәлима шешемізді Бұйрабас дейтін). Сол оқиғаны Салима шешеміз маңайындағыларды күлдіріп айтып отыратын. Ағайынды екеуінің сондағы қызық-шыжығы жүре-бара Аққұмнан асып Ауанға да тарап кетті.
Сол Иманәлінің өзін де «уникальный адам» десек болады. Әңгімесінің ауанын әрқайда «біздің әлгі Бұйрабас тоқал» деп бастайтын. Салима шешемізді қалайда қисынын келтіріп әңгімесіне араластырып отырмаса, әңгімесінің дәмі кірмейді. Жұмысы – Аққұм мен Ауанға пошта қатынатады. Астында піл табан атан. «Бір биеден ала да туады, құла да туады» демей ме, Жүсіптің өңі тобылғы торыға келеді, ал Имекең ашаңдау. Ағасындай ұрдажық емес, кіммен болса да әзіл қашырып отырып әңгімелеседі; ара-арасында сылқ-сылқ күліп алатыны бар. Өзі барынша асықпайтын кісі еді. Алқабел атанды таң атар-атпастан жолға салады. Қыстың қысқа күнінде түн қараңғылығында аттанады. Ауылдан Ауанға, Ауаннан ауылға пошта қатынатады.
Ауанның он жылдығында оқып жүргенімізде, поштаның қатынауы мереке күндеріне ыңғайласатын болса, Имекеңнен қалмай қапталдасып біз де жаяу жолға шығамыз. Тастап кетпейді. Ауылға жеткенше бізді кезекпе-кезек артына мінгестіріп, демалдырып алушы еді жарықтық. Үйді-үйімізге шарша-май ойнап-күліп жететінбіз.
Қарғадайынан заманның ауыртпалығына тап болып бейнет көрген көнбіс қой, қашан зейнетке шыққанша жұмысын абыройлы атқарды, ауыл-аймақтың алғысын алды. Тәртіпке мұқият еді. Өзінің молдалығы да бар еді, бес уақыт намазын қаза қалдырмайтын. Айрықша қасиеті – көпшілік жиналған жерде әңгіме ауанының әділдік жағына жығылып отырады дейтін айтушылар.
Ал енді сондай салиқалы кісінің бойында тұрмыс жайын күйттеуге жоқ қамсыздығы да болатын. (Жалпы ауылдағылардың көпшілігі баяғыда сондай сада, аңғырт келетін еді ғой). Бірінші класқа қабылданған екі ұлдың бірі алғашқыда: «Әке, мен бүгін екі алдым!» деп келеді екен мақтанып. Екі дегеннің қандай баға екенін әлі біле қоймаған кезі. Мұғалімі – менің немере ағам Сәндібеков Үрлайын. Имекең апшымайды: «Бәрекелді, Құдай қуантсын, жарығым! Екі алсаң да а-құдай, бір алсаң да а-құдай! Маған көз алдымда қарайып жүрсең болды. Үрлайын ағаң аман болса, бір қараға жеткізер…» деп, мәз болып отыратын. Және осы а-құдайын баласы екі алған сайын айтатын. Неге екі алатынына былайғы жұрт қатарлы көңіл қойып білейін де демейді. Өзінің айтқанына өзі мәз болып күліп отыратын. Мен нағашымның қожанәсірлігіне таңғалып, апама неге өйтеді деймін. Апам: «Қайтсын, Бақбергені мен Бақытжаны жер ортасынан асқанда зарығып көрген қарашықтары ғой…» дейтін.
Бұл әңгіме өмірден көшкен елдей, ескен желдей өте шығып, жарық дүниеден ғайып болған олардың тар шатқал заманда кім болғандарын білмейтін кейінгілерге айтылар хикаяның басы ғана. Олар туралы роман жазса да, артық болмас еді. Менің олардан алған ғибратым: осындай арда туғандардың қуанышын да, қайғы-қасыретін де жан дүниеме сіңіріп ержеткенім.
***
…Соғыстың тынғанына екі жылдан асты-ау деймін. Күзде мектепке қабылданатын жасқа толған кезім. Құрдастарым Өмірбек, Толыш, Ақбай, Айғара, Жарылқасын, Медеубай, Әбілғазы, Смадин, Қызай, Қалқаман, Бектұрсын бәріміз: «алақай, биыл мектепке барамыз» деп қуанып жүрміз. Кеше ойынның қызығымен сілелеп шаршаған болуым керек, ұйқыдан кеш тұрдым. Жаздың қысқа түні ғайып болған, дүние жарық жамырап кетіпті. Төсегімнен дүниенің кезекті қызықтарынан құр қалғандай ұшып тұрсам, төрде иықтасып отырған екі жігітке апам шай құйып беріп отыр екен. Аққұбасын білемін, ауылдағы жетіжылдық мектептің директоры Рахыш ағай. Екіншісін танымаймын – бөтен кісі. Екеуіне сәлем бердім, Әкемнің үйреткені бойынша ассалаума әликүм деп. Жуынып келіп дастарханның шетіне отырдым. Бөтен кісі: «Атың кім, кімнің баласысың…» – деп мені «тергей» бастады. Айтып бердім. Оған да қанағат тұтпай жеті атаңды айт деді. Шұбырттым. Нағашыларың кім деді, айттым. Қанағаттанды-ау деймін: «Оһо-о, маған ұқсаған екенсің, жаман жездеме тартып кетпей…» деп тұла бойы түгел селкілдеп күлді.
Бұл жігіттің отырғандағы бойы маған түрегеліп тұрғандай көрінді. Апама айтып отырған әңгімесінің жалғасы болу керек: «…Бір уақытта есім кіргендей болды, айналама зер салғанымда, мына қолым анадай жерде шоршып жатыр екен, апа! Содан шошындым-ау деймін, қайтадан талықсып кетіппін…» деп үндемей төмен қарап отырып қалды. Сонда байқадым, бір қолы жоқ екен. Денем тітіркеніп кетті. Соғыстың сұмдығын көріп, қан кешіп келген Рахыш ағай да күрсінді. Соғыс құрдымына бір анадан туған екі інісі мен үш қайнысын берген қамкөңіл апам қайбір жетісіп жүр, көзінің жасы құйылып жүре берді…
Теңіз төрінен оралған әкем балдыздарымен апақ-шапақ болып қалды. Ана бөтен кісі түрегеліп, әкеммен құшақтасып амандасқанда байқадым, Құдай бойды берген-ақ екен, біздің жаман қақыраның төбесін тіреп тұра қалғандай болды. Қапсағай денелі, сылыңғыр қара, кескіні сұсты. Сыңар қолымен көтергенде, әкемнің өкшесі жерден көтеріліп кетті.
Апам інілеріне семіз жайынның сүбелігінен қарма асқан екен, көк май. Дәмділігінен-ау деймін, екеуі тыңқиып тойғанша сылқытып соқты. Оның үстіне әкем: «Жаманнан жарты ас қалады болмасын. Бекіре, қаяз, жайын ауға көп түсе бермейді. Сендерге бұйырған шығар, алыңдар. Дүйсемнің апай төстеріне бір қазан қарма деген не тұрады…» деп күліп, әзіл қашырып отырды. (Дүйсем тайпасы – әкемнің қайын жұрты).
Кетерде екеуі: «Биыл күз мектепке барады екенсің. Мынаған кітап, дәптер, бояу қарындаш сатып ал» деп, қолыма ақша ұстатты. Арттарынан қарап тұрғанымда көзім түсті, ана кісінің бір аяғының да кінәраты бар екен. Сылтып басады. Апа, ана кісі бізге кім болады? – дедім. «Нағашы ағаң болады». Кім деген нағашым? «Мырзалы деген нағашың». Қайдан келген? «Ауаннан келген. Жүсіп деген нағашыңның баласы. Мындағы ағайындармен дидарласайын, үлкендеріне сәлем берейін деп келген ғой. Алла жанына жамандық бермегей де…» – деп апам ауыр күрсінді.
Менікі білсем деген кәдімгі сәби көңіл ғой. Құлағым күңгірлегендей ме: «…Мына қолым анадай жерде шоршып жатыр екен…». Денем тағы да тітіркеніп қоя берді…
***
Сондағы сол дидарласудан кейін арада жеті жыл судай ағып, желдей есіп өте шықты. Мен Көкарал жетіжылдық мектебін беске бітірдім. Жасым он төрт жарымда. Тамыздың соңғы аптасында апам мені біздің ауылдан алпыс шақырымдай жердегі Ауанға алып барды. Оқуымды сондағы онжылдық мектепте жалғастыруға. Ауан ауылы Көкарал түбегінің күнбатыс беткейіне қоныстаған екен. Бұл жерге табаным бірінше рет тиіп тұр. Ешкімді танымаймын. Апамның төркін жұрты – дүйсемдер бұл ауылда да бар екен. Мені ертіп жүріп бәрімен таныстырғасын ауылға қайтып кетті.
Ауанда өткен үш жыл. Мен орта мектепті ойдағыдай бітірдім. Мақтағаным емес, жақсы оқыдым.
Ол кезде (жиырмасыншы ғасыр ғой, елуінші жылдардың екінші кезеңі) жердің мойыны қашықтығынан және бүгінгідей шұбырып жатқан машина деген көліктің жоқ есебі, теңіз түкпірінің жағалай ықтасын қуыс-қолтығын паналап отырған балықшы ауылдарына аудан орталығынан көмір жіберіп тұру үрдіске айнала қоймаған. Жергілікті жұрт отынға нар қамысты араластырып малының тезегі мен жыңғыл жағады.
Аққұмдағыдай емес, Ауанның жерінен тұщы су шықпайды. Сондықтан, тұрғындар балық зауытының мұзқаласынан шұбырып мұз тасиды. Нағыз суы сорғалаған ауыр бейнет. Сорыққан шыны мұздың суы нәрлі болады, асқазанға жағымды. Қыста малдарын да сол мұздың суымен суарады, мал іш тастамас үшін әйдік қазанның астына түтінін бұрқыратып от жағып, жылытып береді.
Мұзқала дегеніміз жерді қазып салынған өте терең алап, іші даладай, түйелер еркін жүреді. Төбесі қалың қымталған, шілдеде күн қызуы өтпейді. Ішін төртбұрыштап ойып алған қалыңдығы екі-үш кереқарыс теңіз мұзымен толтырады. Халықтың әрі ауызсуы, әрі жазда балықты сонда тоңазытып сақтайды. Мұзды шаналарға тиеп, атан түйелермен тасиды. Өте ауыр жұмыс мұзқаланы күн жылығанша толтырып үлгеруі керек. Жатқан бір жанталас. Қыста Ауан елі мұзқаласын барынша толық толтырып алмаса, катастрофа дегеніңіз сонда болады. Жұмысшы бейбақ сондықтан да өлген-тірілгендеріне қарамай жанталасады.
Жалпы ол кездегі адамдарды Алла арылмас бейнетке бола жаратқандай еді. Жұмыстың бәрі күшке түсетін, қолмен атқарылады. Елді мекендерде мал ұстамаса, күн қараң: иығыңды жаңартып киіне алмайсың, көйлек-көншегің бүтінделмейді. Соғыстан кейінгі жылдардағы шық бермес сараңнан сұрап алғандай жартымсыз жалақы жыртығыңды бүтіндеуге жетпейді. Барыңды сыпырып алған соғыстың кесірінен еңсесі түскен халық кеудесін тіктеп күнкөру үшін не істемеді. Сол кездегілер де қазіргілердей өз күндерін өздері көрген. Өкіметтің жоспарлы жұмысы мен өзінің күнкөріс бейнеті екі жақтап қысты. Соған көніп төзді. Малы үшін жазда маңдай терлерін сорғалатып жүріп өрістен қара шөпті шалғымен жайпап, теңіз қолаттарынан жасыл майса қауылдырығын жалбыратып пішен орды; күзде отынға деп жыңғыл, қыста көкше мұзға шығып қамыс шапты. Бәрі тіршіліктің, ұрпақ өсірудің қамы.
Осындайда ойды ой қозғайтыны бар. Черчиль деген ағылшындық сұңғыла саясаткер: «Мұратқа жету үшін қанды да, терді де, жасты да төгу керек» деген екен. (Қазақ тіліне тәржімалаған – Асқар Сүлейменов). Әлбетте солай. Мемлекеттік мүдде үшін де, сол мемлекетті қорғайтын адамдардың жеке тағдыры үшін де. Осы ыңғайда саясатқа салып айтар болсақ, кешегі жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде туғандар, Черчильдің айтқанындай, бәрін көрді. Қан дейсіз бе? Айтарыңыз не, оны біздің әкелеріміздің буыны 18 жасқа толар-толмас бозбала кезінен-ақ көрген.
Тер дейсіз бе? Бұл буынның бағзы замандардағы бабалары бес бірдей Франция мемлекеті еркін сыйып кететін далиған Даламызды жан-жақтан анталап қамаған көп дұшпаннан қорғау жолында тақымдары бір кеппей-ақ өткен бұл өмірден. Майданнан қан кешіп келген ағаларымыздың буыны да бүлініп қираған, барынан айырылып қалжыраған елдің есін кіргізіп, еңсесін көтереміз деп өле-өлгенше қанын ішіп, терін төгумен өтті өмірден.
Көз жасы дейсіз бе? Ағылшынның ғана емес, қазақтың да көз жасы талай-талай көл болған. Әсіресе, біздің әкелеріміз бен ағаларымыздың буыны. Бұлар тарихымызда қара таңбасы қалған, халықты қынадай қырған екі бірдей аштық аранынан да, екі бірдей сұрапыл соғыстан да шет қалған жоқ. Өмір бойы көрген бейнеттері мен шеккен азаптары өз алдына таусылмайтын жыр-аңыз. Бұл нендей тағдырлар еді?!
Олардың қоғамға бергені көп те, алғаны аз болды. Ең сорақысы сол, еркін жүріп-тұра алмады, бірде жетіп, бірде жетпей жататын тұрмыс тапшылығын молынан көріп, тоталитарлық тәртіптің қыспағында ғұмыр кешті. Аталарынан арда туған олардың өмір өткелдерінің ауыртпалығына қасқиып қарсы тұрды. Жүздерін термен жуа жүріп мұраттарына жетті; ұрпақтарын да мұратына жеткізді. Аллаға да, бүкіл адамзатқа да аян, олар бүкіләлемдік екінші жанкешті шайқаста жеңіске жетіп, біздің бүгінгі тәуелсіздігіміздің іргесін қалап беріп кетті. Тақыр жерге шөп шықпайтыны рас болса, іргесі жоқ елдің дербес мемлекет бола алмайтыны да рас. Орны бар ғана оңала алады. Егер 1945 жылғы жеңіс болмаса, кім білген біздің тағдырымыздың қалай боларын?! Бізді осы күнімізге жеткізгені үшін де ардақтаймыз оларды. Ардақтау – парыз.
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ