Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлылардан ұлағат

Ұлылардан ұлағат

Ауданымыз күннен-күнге жағымды жаңалықтармен қуантумен қатар, қаламыз да жаңарып, жасарып келе жатқаны көңілді көншітеді. Соның бірі–қала келбетіне үн қосып тұрған аудандық сот ғимараты жанында орналасқан Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бабаларымызға арналып салынған мүсіндері айрықша көз тартып, тереңнен сыр шертіп тұрғандай менмұндалайды. Енді осы үш биден бізге жеткен баға жетпес құнды өсиеттері кейінгі ұрпаққа өнеге болса деген ой ғой.
Төле би бабамыз:
– Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы өмір сүру, оның ішінде ең тәттісі – сыйластық, – деген екен. Расында, өміршеңдігін жоймаған осы бір тұтам ойдың терең мәні адамзат баласына сарқылмас азық болатындай. Бұл Төле бидің «Төбе би» екенін байқатып-ақ тұрғандай.
Қаз дауысты Қазыбек би, Төле би өмірден өтті деген суық хабарды естігенде:
– Төле би өлді дегенше, дүниеден әділет өтті десейші. Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен, бұл екеуіне кім жеткен? – деген.
Атақты қаз дауысты Қазыбек қалмақ қонтайшысы Цэбан Рабданға барғанда, «Дат тақсыр» деп суырыла алға шығып:
– «Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Бірақ асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз. Сен темір болсаң, біз көмірміз, еріткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз. Танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан, алысқалы келгенбіз. Бітім берсең жөніңді айт, бермесең тұрысатын жеріңді айт» деп қайтпас қайсарлық танытыпты. Осындай қайсарлық, батылдық қазірде де қажет болатын жерлері бар-ау.
Әйтеке: "Ақылды сөзді хан да айтады, қара да айтады. Бірақ қараның аузының дуасы, киесі жоқ" дейді екен.
–Би аға, сақтанатын не нәрсе?
–Үмітсіздік, уайымшылдық, менмендік, соңғысы хақында бұрынғылар «менмендік» мешеудің ісі. Сіз бен біз көсемнің ісі.
–Жетімдік пен жалғыздық туралы не айтасыз?
–Азамат жетім болмайды, халықтан болса панасы.
Бала жетім болмайды, қасында жүрсе анасы.
Халық жетім болмайды, басшысы болса данасы.
Сәті түссе ісіңнің, қас пен көздің арасы, жеткізіп болмас асқар тау, көрініп тұрса қарасы. Жоғалғанда білінер, қолдағы бардың бағасы. Тірлікте бітірер ісің көп, келмейтін адам шамасы. Жақсының басына іс түссе, жаманның атар табасы. Жалғыздық жоқ жігітке, барында аға-інісі.
– Сөз қай жерде қадірлі?
– Қадірлі сөз кісісін, орнын, уақытын тауып айтылған сөз. Зердесізге айтқаның, өлікті емдегендей есірлігің. Орнында, уақытында айта алмағаның –жағыңды сауған тіл безерлігің», – деп жауап беріпті.
Үш арысымыз ағалы-інілі ретінде бірін-бірі төмендегіше бағалап, ізет көрсетіп, Төле би: «Уай, қос інім, қос шырағым» десе, Әйтеке би: «Уай, Төкем! Аға – бордан, іні –зордан» демей ме, «іні – найза, аға – қорған» дейді. Ал Қазыбек би: «Уай, асыл ағам! Уай, асқақ інім! «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» демес пе дейді? Бұл неткен жарасымдылық, неткен сыйластық!
Міне, түбі бір қазаққа төрелік айтқан осы үш биге арналып салынған ескерткіш біз айтып келе жатқан рухани жаңғырудың нақ дәлеліндей емес пе?! Осы шағын алаңда тұсаукесер, бесікке салу, басқа да қазақ дәстүірімізге тән шараларды ұйымдастырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінгі аға буынның тілегі де осы деп ойлаймын. Тұрғындар үшін демалып, әңгімелесіп отыратын жайлы орындықтар да бар. Міне, күн де жылынып сала берді. Осындай алаңның аумағы жасыл желекпен көмкеріліп, келушілерге ерекше көңіл сыйласа жарасымды емес пе?! Алаңның табаны таспен төселген, қоршауы да үйлесімді жасалған. Мұның барлығы елмен тілегі бір азаматтардың бастамасымен қолға алынған жұмыстардың нәтижесі.

Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
аудандық билер кеңесінің мүшесі
15 маусым 2021 ж. 653 0