Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарлығаш ұя салғанда...

Қарлығаш ұя салғанда...

Қарлығаш. Осы бір тамаша жаратылыс иесі жайлы адамзат баласының әсте айтып кеткен аңызы мен оған деген құрметі ерекше. Неге дейсіз бе? Себебі қарлығаш – бейбітшіл және мейірімді құс. Ал оның адам баласына еш қиянат тигізбегені өз алдына. Сонау наным-сенімдік мифологияның өзінде қарлығаштың адам баласына тигізген пайдасы жайлы жиі айтылады. Демек оның адалдығы мен киесіне бас иген бабаларымыздан асып, белгілі бір байлам жасау бізге сын болар. Әрине оның киесі мен қасиеті жайында да айтыла жатар. Дегенмен сол құстардың ұя салудағы шеберлігіне таңмын.
Әдетте, бұл көші-қон құстарын әлемнің кез келген жерінен кездестіруге болатын шығар. Қыс жақындаған кезде оңтүстікке ұшып кетіп, тек көктемге қарай ғана қайтып оралатын қарлығаштардың өзге жаратылыста жоқ ерекше қасиеттерінің бірі – олардың кей жағдайда ұшып келе жатып ұйықтай алатындығында. Шапшаңдығына көз ілеспейтін кереметі бір бөлек. Және де бұл құстар ұя салғанда, өзінің сілекейін кәдімгі желім ретінде пайдаланады екен. Расында, оның құрамында жабыстырғыш қасиет бары дәлелденген де. Бұл құстар жылы жаққа келген соң, бірден ұя салуға және балапан басып шығаруға кіріседі. Сондай-ақ ұшуға бейімделгені сонша, олар басқа құстардай жерде дұрыс жүре алмайды. Қонақтап отырғаны болмаса, қарыс қадам жерге жету үшін қос қанатын пайдаланатын ерекшелігі бар.
Иә, әдетте қарлығаш үйдің төбесіне ұя салатын болса, онда бұл отбасыда бақыт пен береке болады деген ырым бар. Ежелгі адамдардың айтуынша, оның ұясын бұзу – үлкен сәтсіздікке әкеледі. Осы құсқа қатысты аңыздар мен ертегілер жеткілікті. Солардың бірі – Төле бидің ел арасында «Қарлығаш әулие» атанып кетуі.  
Аңыз бойынша, елге жоңғарлар шауып, ауыл адамдары үйлерін тастай қашқан. Осы уақытта тек Төле би ғана түтінін бұзбастан орнында отыра беріпті. Ауылға басып кірген жоңғар қонтайшысы түтінін түтеткен жалғыз үйді көреді. Ел үдере көшкенде, өзінен қорықпай отырған адамның кім екенін білмекке кісі жібереді. Баса-көктеп үйге енген жоңғарлар жөн сұраспастан, бірден жауап алмаққа дүрсе қоя береді. Сонда Төле би жоңғарларға амандықсыз сөз бастағанын айтып бір тықыртса, жұртпен бірге бас сауғалап көшпеуінің себебін былай түсіндерген екен: «Биыл шаңырағыма қарлығаш ұя салған екен. Балапандары қанаттанғанша үйімді бұзбайын деп шештім. Жау жағадан алды екен деп ұясын бұзып, балапандарын шырылдатқым келмеді. Сендердің де үйлеріңді ойран етіп, бала-шағаларыңды шырылдатса, өздеріңе жақсы болар ма еді? – депті.
Төле бидің жауабын естіген жоңғар қонтайшысы Төле биді «әулие» деп танып, әскеріне би шаңырағына да, ол отырған ауылға да шаппауын бұйырады. Содан бері Төле би «Қарлығаш әулие» атанып кеткен екен.
Рас, бала күнімізде қарлығаштың үйдің шатырына, есік пен терезенің үстіне, кіреберіс бөлменің жоғарғы жақ бұрышы мен қоралардың қуысына ұя салып, балапан басып шығарғанын талай көрдік. Алайда ауылға осы сапар барғанымда, сол қарлығаштың ұя салу өнеріне тағы бір мәрте таңғалып қайтқаным бар. Қалай дейсіз бе?! Әдетте, өзіне қолайлы жақтаулар мен берік қабырғаларға ұя салатын киелі құс бұл жолы жоғарыдан төменге салбырап тұрған қос тал сымның бойына салыпты. Ауылда ескі сарай бар-тұғын. Сол сарайға жүргізілген жарық сымының басына берік етіп ұясын орналастырыпты. Қазіргі уақытта бұл құстар балапандарын ұшырып әкеткендіктен, ұя бос қалған. Алайда ол ұяның пайдаланылғаны байқалады. Ішіне мамық ретінде төселген қауырсындар жымдасып жатыр. Ұяның іші мамық әрі жылы. Осы бір тамаша туындыға қарап тұрып, қарлығаштардың өте еңбекқор және сақ құс екенін анық байқағандаймын.
Қарлығаштың жер бауырлап ұшуында да дәлелденген тұжырым бар екен. Яғни жаңбыр жауардың алдында қарлығаштың өте төмен ұшуы қауырсындарының ылғалдануынан екен. Бұл – әлі күнге дейін өмірде көріп келе жатқан тұжырымымыз. Шындығында, қарлығаш жер бауырлап ұшса, жаңбыр жауады. Міне, бұл да қарлығаш атты құстың тағы бір ерекшелігін байқатады. Осындай қасиеттерге ие қарлығаштың құйрығының айыр болуында да аңызға бергісіз әңгіме бар. Онда да адал құстың адам баласына тигізген пайдасы жайлы айтылады. Осындай құстың қос қанаты арқылы бүгінде әлемге мейірім төгіп жүруі Алланың шеберлігін тағы бір айғақтай түсетіндей. Айта берсек таусылмайтын айыр құйрық адал құстың бізге пайдасы тиерін білмесек те, зияны болмасын жадымызға тоқып жүрсек жөн болар. Себебі олар – адалдық пен бейбітшіліктің символы.
А.Қарасай
29 қыркүйек 2020 ж. 3 199 0