Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Мейірім...

... Мейірімге сараңсыңдар!
Түбі содан жазым да табарсыңдар.
Бір жылы көзқарастарыңа зарыққанымда,
Соның өзі-ақ бақыт қой, қамыққан ұлға!
Найзағайдай, атқылап жанарларың да,
Біржола сөніп үмітім, балаң жаным да,
Жыртқыштар қамап алғандай тарықпадым ба?
Қазақтың бір туар ақыны Ф.Оңғарсынованың осы «Жетімнің монологы» жырын білмейтін жан кемде-кем болар. Қалайша толқымайсың? Жалғыз қалған бала тағдырдың ұясыз қалған балапандай күн кешуі көңілімізді босатып-ақ жібереді. Сараңсып кеткен мейірімді бойымыздан іздеп әлек боламыз. Бірақ, артынша тасқа айналуға аз қалған жұдырықтай жүрекке жазылып қалмағандықтан жасанды мейірім мәңгілік болсын ба?! Қаламгер бір ғана жырмен осылайша ой салады. Жетімнің монологы арқылы қоғамның жетімдігін жырлап-ақ берді.
Иә, бүгінгі таңда жүрегіміздің жылуы суып, тіпті өзімізге мейірім жетпей жатады. Өзімізге, жақынымызға, тіпті бауыр етіміз баламызға сыйлай алмаған жылу мен төге алмаған мейірімді өзгеге қалай жеткізбекпіз?! Қара бастың қамын күйттеген кезімізде «жоқ, біз мейірімдіміз» деп кім айта алар екен? Өзге түгілі өзіміз жауап таппай қиналатын күйге ұшырадық.
Иә, көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ, мейірімге жаны жүдеп кеткендер көбейген күні кешегі Төле бидің ерлігі өнеге болса деймін.
«Қарлығаш әулие» атанып кеткен Төле бидің еліне жоңғарлар шауып,  ауыл адамдары үйлерін тастай қашқан. Осы уақытта тек Төле би ғана түтінін бұзбастан орнында отыра беріпті. Ауылға басып кірген жоңғар қонтайшысы түтінін тұтатқан жалғыз үйді көреді. Ел үдере көшкенде, өзінен қорықпай отырған адамның кім екенін білмекке кісі жібереді. Баса көктеп үйге енген жоңғарлар жөн сұраспастан, бірден жауап алмаққа дүрсе қоя береді. Сонда Төле би жоңғарларға амандықсыз сөз бастағанын айтып, бір тықыртса, көшпеуінің себебін айтып, екінші тықыртқан екен. Жұртпен бірге бас сауғалап, үйін тастамағанының себебін би былай түсіндірген: «Биыл шаңырағыма қарлығаш ұя салған екен. Балапандары қанаттанғанша үйімді бұзбайын деп шештім. Жау жағадан алды екен деп ұясын бұзып, балапандары шырылдатқым келмеді. Сендердің де үйлеріңді ойран етіп, бала-шағаларыңды шырылдатса, өздеріңе жақсы болар ма еді?» дегенде, бидің жауабын естіген жоңғар қонтайшысы әскеріне би шаңырағына да, ол отырған ауылға да шаппауын бұйырыпты.
Құсекеш құсқа мейірімге танытып, ұясын бұзбаған бидің ұрпағы бүгінде қайда жүр? Осы сияқты төрелік пен туралықты күніге есітіп жатсақта таңданбауымыз керек емес секілді. Бірақ, бүгінде ондай жандар өте сирек.
Аманөткел ауылы №73 мектепте ұстаздық ететін Еркін Жақаевтың мына бір оқиғасы ойыма оралып отыр.
«2014 жылдың маусымы. Үйіме жақын салынған ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеуі кезінде ашық қалған жоғарғы бұрышына қарлығаштың жұбы ұя салып, балапандары жұмартқасынан шыққанын да байқаған болатынмын. Таң атысымен балапандарына жем таситын қарлығаштар кеш батқанша дамыл таппайтын. Сондай күндердің бірінде сәске түсте ұяларына кіре алмай, ұяны шырылдай айналып ұшқанын көрдім. Бала кезден Нұх Пағамбардың кемесін құтқарғаны, қарлығаштар жайында өзге де аңыздар есітіп өскендіктен бе, киелі құстардың қатарынан санаймын. Тіпті, қызық қуып аша ағаштан қару жасап, бала мерген атанып, ағаш басындағы құстарға аңшылық қылған кезде де қарлығашты атуға дәтім бармайтын. Ал, мына бір көрініс тіпті қатты әсер етті. Не істемек керек?! Әрине, көмектен басқа шара жоқ. Мәдениет үйінде жұмыс жасайтын Маратқа жүгіріп барып болған жағдайды түсіндірдім. Ол да көне кетті.
Ұяның ауызы бітеліп, қанаты қатпаған сары ауыз балапандары шырылдап жатыр. Көмекке ұмтылған ісіміз оңынан болып, ұяның аузын ашып, балапандарды құтқардық. Бізге алғысын білдіргендей қос қарлығаш айналаны әнге бөледі. Кейін үш балапаны қанаттанып, тізбектеле ұшып күзбен де, бізбен де қоштасып кете барды.
Мен бұл оқиғаны шәкірттеріме де айта жүремін. Олар да қанаты қатпаған балапан секілді. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген емес пе? Кіршіксіз көңілдеріне мейірім шуағын түсіріп, ойларында қалсын деймін» – дейді ұстаз.
Шынымен-ақ, М.Шаханов шығармашылығында кездесетін компьютер басты адамдардың көбейіп бара жатқан заманында рухани байлық, рухани жан дүние туралы да тереңнен ойламасақ болмайтыны белгілі. Мейірімді болайық. Себебі, мейірімді адам жұмаққа жақын.

Оңталап ЖОЛДАСОВ.
04 сәуір 2019 ж. 1 171 0