Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Уақытыңызды сатып алайын әке!

Уақытыңызды сатып алайын әке!

Жақында ғаламтордан осы бір әңгімені көзім шалып қалды. Қалам ұшымен жазылған дүние өмірімді өзгертетіндей әсер қалдырады деп ойламағанмын алғашқыда. Бірақ, тек мен ғана емес, әрбір әке мен ананың бойында болуға тиісті сүйіспеншілік сезімін оятатындай әңгіме екен. Өз алған әсерімді өзгерелермен бөлісуді жөн санадым.Арман жұмыстан үйге шаршап үйіне кіргені сол еді, есік алдында 5 жасар баласы Ерден қарсы алады. Көрген бойда:
– Әке, сағатына қанша ақша табасыз? – деп сұрады. Өзі де шаршап келген Арман ұлының сұрағына ашуланып:
– Онда шаруаң болмасын, – деп қатты өктем дауыспен жауап қатты. Ұлы берілмей “Айтыңызшы, білгім келеді”, – деп қайта сұрағанда, Арман ызаланып “2 мың теңге! Ал не істейін деп едің!?” – дейді. Сонда Ерден:
– “Маған 1 мың теңге қарыз ақша бере тұрасыз ба?” – деп сұрайды. Арман одан әрі ашуланып: “Мен сенің онсыз да толып жатқан ойыншықтарыңа беретін ақшам жоқ. Мазамды ала бермей, бөлмеңе бар”, – дейді. Көзі жасаураған бала еш жауап қайтармай бөлмесіне барады.
Ашуы басылғаннан кейін Арман Ерденді босқа ренжіткенін, баланың ақшаны не үшін сұрағанын да білмейтінін ойлап, “Мүмкін шынында да қажет болып тұрған шығар”, – деп, ұлының бөлмесіне кіреді. Төсекте жатқан ұлына жақындап, “Ұйықтап жатсың ба?” – деп сұрайды. Баланың “Жоқ” дегенін естіп, “Міне, мың теңгеңді ала ғой. Саған ұрсып тастағаным үшін ренжіме. Жұмыстан шаршап келген едім”, – дейді басынан сипап. Ерден төсегінен ұшып тұрып, “Әке, рақмет!” – деп, әкесінің қолынан мың теңгені алып, жастықтың астынан мыжылған ақшаларды шығарады. Әкесіне жәутеңдеп қарап қойып, ақшаны санай бастайды. Мұны көрген Арман таңдана қарап:
– Ақшаң болса, неге менен сұрадың? Сенің бала ойындарыңа уақытым жоқ, – деп қайта ұрса бастайды. Сонда баласы:
– Иә, айдың басынан жинадым. Бірақ олар жеткіліксіз болғандықтан сізден сұрадым, – дейді де, ақшалардың бәрін уысқа жинап әкесіне созады:
– Міне, екі мың теңге. Әке, бір сағат уақытыңызды сатып алсам болады ма? – дейді жанары үнсіз әкесінің мейіріміне сұранып.
Расымен-ақ, біз бүгін балаларымызға қаншылықты уақыт бөлеміз?! Ойланып көрдік пе? Таң атысымен ағыла көшіп жұмысқа кетеміз. Тіпті түскі үзілістің өзінде асын алдына қойып, шайын дайындап бергенге қуанамыз. Ал кешкі жұмыстан өз тыныштығымызды іздеп келіп, төсегімізге жантая кеткенше асығатынымыз жасырын емес.
Себебі, перзент алдындағы әкелік міндет пен аналық борышымызды ұмытып бара жатқандаймыз. «Қатарынан кем болмай, бүтін киініп, тоқ жүрсе балаға бергеніміз» деген ой санамызда тұрақтап қалған. Бірақ, біздер осы ойдың салдарынан баламызға не керегін сезбей келеміз.
Шындығында, балаларымыз үшін тәннің тоқтығынан жанның тоқтығы әлдеқайда маңыздырақ. Өмірлеріндегі аз ғана қуанышын бөлісуге, тіпті мектептен бестік баға алып келгенінің өзін сізге қуана жеткізіп,
«жарайсың» деген бір ауыз сөзіңізді естуі құлшыныс сыйлайды. Әрбір қошемет сөз бен аялы алақанымыз, еркелете бауырымызға қысқанымыздың өзі ана мен қыз, әке мен ұлдың арасындағы махаббатты оятары анық.
Баланың тасбауыр болып өсуі, мейірім мен жылуды олардың жанарынан көре алмауымыз заманның, қоғамның кінәсі дейміз. Бірақ, бір шаңырақ – бір қоғам. Қоғамды түзету үшін шағын мемлекетіміздегі міндетімізді жауапкершілікпен атқарсақ жетіп жатыр. Біздің жауапкершілігіміз ертеңгі күні елдің жауапкершілігіне айналады. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей мейіріммен мен махаббатты жастайынан сезбей өскен баладан, көрмеген, білмейтін нәрсесін көргіміз келу қателік.
Бала жүрек уақыттың сатылмасын қайдан білмесін. Бірақ, біз сатып алуға келмейтін қолымызда тұрған перзент дейтін бақытты бағалай білейік. Себебі, бағалай білгенге бақ, қадірлей білгенге құт қонады.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.
06 ақпан 2019 ж. 1 357 0