Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұлдыз жаққан ана / Қарлығаш Мақашева :12 бала тапсам да, "Батыр ана " емеспін

Жұлдыз жаққан ана / Қарлығаш Мақашева :12 бала тапсам да, "Батыр ана " емеспін

tolqyn.kz Арал өңірі – өнер әлемінде танылған таланттарға бай өлке. Олар жайлы ақпарат алу қазір оңай. Әлеуметтік желідегі парақшасы мен түрлі бағдарламада берген сұхбаттарын ақтарсаң, біраз қырын тану қиын емес. Ал сол көптен дара дарын иесін өмірге әкелген аналар жайлы көп көрсетіле бермейді. Тіпті олардың көбі қазір Аралда тұрса да, танымаймыз. Өйткені олар баласының амандығын Алладан тілеп, барына шүкір еткен қарапайым жандар. Бүгінде отандық кино өндірісінде айшықты орны бар актер Әділжан Шомбаловтың туып- өскен үйінде болып, анасы Қарлығаш Мақашевамен әңгімелесіп қайтқан едім.
Керуетте қарттық жеңген кейуана жатыр. Бойынан қуаты кетіп, қайраты азайса да, көздері нұрлы. Жанына жақындап, қайырлы ұрпақ тәрбиелеп, мерейі өскен ананың қолынан алып амандастым. Мені жылы шыраймен қабылдаған Қарлығаш әже ауырып жатса да, ізеттілік танытып орнынан тұрды. Жөн сұрасқан соң, ақырындап әжеммен әңгіме өрбіттік.
– Е-е-е, айналайын. Мен 1934 жылы өмірге келгенмін. Менің арғы атам қанында тектілік тамырлаған адам болды. Анам Жетес бидің қарындасы еді. Менің заманым аштық пен қуғынсүргіннің дәуіріне тап келсе де, дәулеті мен сәулеті келісті өмір сүрдім. Жолдасым Жұмағазы Шомбаловпен 1951 жылы шаңырақ көтердік. Ол кезде біз Арал қаласында тұратын едік. Кейіннен Сексеуіл кентіне қоныс аудардық. Жұмағазы өте жайсаң адам еді. Елге қайыр-қомы мол, жомарт адам болды. Сол кезде халық оны депутат етіп сайлады. Алдына көмек сұрап келген адамды құр қайтармайтын. Жаны ізгілікке толы еді. Мінезі сыпайы, салмақты, әдептілігі сонша, қанша ашуланып тұрса да, бір анайы сөз аузынан шықпайтын мәдениетті жан болатын. Ол осындай қасиетімен ел алдында сыйлы болды. Оның жібектей мінезі бала тәрбиесінде де ерекше маңызды рөл атқарды, – деп отағасын ойлы жүзбен еске алды.
Қарлығаш ана басынан көп қасірет өткерген жан. Ол өмірге 12 бала әкелді. Бірақ сол баланың сегізін жер қойнына тапсырған. Бәрі де азамат болып, атқа мінер шақта қапыда кеткен. Бұл өкініш ананың өзегін өртейді. Тағдырдың дегеніне көнген жан күні-түні Тәңірден қалған төрт баласының амандығын тілеумен келеді. Дей тұрғанмен, 12 балаға жарық дүние сыйлап, бағыпқағып өсірген ана «Батыр ана» атанып, кеудесіне орден тақпапты. Тылдағы еңбегі де ескерілмепті. Осы бір ренішін жеткізген ана «барыма тәубе» деп өзін жұбатты. «Аллаға шүкір, балаларым ел мақтарлық, мен марқаярлық ұрпақ болды. Мен үшін содан асқан биік мәртебе жоқ», – деді күбірлей. Мұнан соң әңгіме шаңырақтағы баласы Мұхан мен келіні Әлиямен жалғасты.
– Ешкім баласына жаман бол деп тәрбие бермейді. Бәрі де тек жақсылыққа қарай бағыттайды. Бірақ ата-ананың өздері жақсы адамның үлгісін көрсете алмауы мүмкін. Бала айтқанды емес, көргенді істейді ғой. Бұл тұста біздің ата-анамыз бізге керемет үлгі көрсетті деп айтсам артық болмас. Әкем бізді еркін өсірді. Бетімізден қаққан емес. Әкем мен анамнан көрген бауырмалдылық, қайырымдылық, адалдық сынды асыл қасиетті бойға сіңіріп өстік, – деген Мұхан аға өзінің осындай жандардың баласы болғандығына мақтанатындығын айтты.
Бүгінде Жұмағазы ата мен Қарлығаш ананың балалары өмірден өз орындарын тапқан. Бәрі де бір-бір шаңырақтың тұтқасын ұстап отыр. Қызы Мейрамкүл – Сарыағаш қаласында білім беру саласының қызметкері. Мұхан аға – теміржол саласында. Мұратжан аға – талай өнерлі баланың бағын ашқан продюсер. Ал үйдің кенжесі Әділжан актерлігімен танылған.
Әділжан бала күнінде алғыр, мектепте озат оқушы болды деседі. Мұны мектептегі мұғалімдері мен ауылдастары жақсы біледі. Тіпті мектеп бағдарламасынан озық жүретін ол, бастауыш сыныпта жүргенде-ақ көбейту кестесін жаттап алған екен. Жеңгесі Әлияның айтуынша, кітапты көп оқитын болған. Әдеби шығармалардың бәрін оқып шыққан. Кітапханаға жаңадан келген кітап бірінші Әділжанның сүзгісінен өтетін.
– Болатын бала белгілі ғой. Өзі кішкентай күнінен өз ортасында дараланып жүретін. Ашық-жарқын, бауырмал мінезі тағы бар. Оқуға да өз білімділігінің арқасында түсті. КазГУ-дің филология факультетін бітірді. 1999 жылы Раушанмен шаңырақ көтерді. 2 жыл бірге тұрдық. Бұл кезде талай қызықты күндер өтті. Әдок (Әділжанның жеңгесінің қойған аты) ол кезде ауылдағы азды-көпті той-жиындарда асаба болып жүрген. Раушан да сондай ибалы келін. Абысын-келін болып жақсы сыйласып келеміз. Кейін олар әкеміз бен анамыздың батасын алып, Алматыға кетті. Содан бері сол жақта өз орындарын тапты.
Алматыға келген бетте Әділжан Құдайберген Сұлтанбаевпен кездеседі. Сол кезде Құдайберген аға жас жігітке батасын береді.
– Құдайбергеннің балама талай көмегі тиді ғой. Аралдық деп бауырласа керек-ті, балама «Әділжан, мен сенің көзіңнен нұр көрдім. Сенің алдыңда ашық даңғыл жол жатыр. Ешқайда қарама, тек алға баса бер» деген екен. Осы сөздер Әділжанымды жігерлендірді. Ағасы айтқан даңғыл жолмен жүріп келеді. Алла оның бағын ашты. Тәубе деймін, – деді Қарлығаш ана.
Әділжан анасы мен бауырларына ылғи көмек көрсетіп, қолдау жасап отырады. Өзі қайнауы көп салада қызмет етіп жүрсе де, ауылға жиі келіп тұрады. Келгенде көршілерді тегіс аралап, амандасып шығады. Туысқанның қуанышы мен қайғысына ортақтасады. Анасының 85 жасқа толған тойын «Асыл анама» атты арнау кешімен атап өткен. Бұл тойға өнердегі әріптестері мен эстрада жұлдыздары арнайы келген. Сондай-ақ әкесі мен анасының қара шаңырағын қайта тұрғызған. Жыл сайын анасын алып кетіп, түрлі шипажайлар мен емдеу орындарына қаратуды әдетке айналдырған. Отбасына ғана емес, туыстар мен ауылдастарға да көмегін аямайтын көрінеді.

Шүкір деймін, балаларымның арқасында еңсем биік, көңілім шат. Алланың небір сынағынан өтсем де, сынған емеспін. Барымды осыларға бердім. Үмітім ақталды. Алланың мейірімі шексіз ғой. Енді осылардың тілегін тілеп отырған жайым бар, – деді Қарлығаш әже.
Қарлығаш ана бүгінде 86 жастың төріне шыққан.
68 немере мен шөберенің әжесі. Жас күнінде бейнеттеніп, қартайған соң зейнет көріп отырған ананың тілегі біреу. Ол – елдің тыныштығы, ұрпағының амандығы. Қарлығаш әжеден ниеті мен амалы түзу, елдің алғысына бөленген ардақты ананың озық үлгісін көргендей болдық.
Назерке Маратқызы
28 қаңтар 2020 ж. 1 426 0