Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Балам" деп қабылдай алмаймын: Танымал актердің анасы сыр ақтарды.

"Балам" деп қабылдай алмаймын: Танымал актердің анасы сыр ақтарды.

     tolqyn.kz Белгілі өнер қайраткері, сатира әлемінің сайып қыраны Асылбек Боранбаевтың ата-анасы Аралда тұрады. Біздің тілшіміз актер туып өскен үйде қонақта болып, ата-анасымен сұхбаттасып қайтқан еді. Әңгіме барысында анасы Әмина апа Асылбектің атасының бауырындағы бала болғандығын айта келіп, өзін әлі күнге дейін "ана" деп атамайтындығын жеткізді.
     – Жұрт «балаларым пәлен деген жерде жұмыс істейді» деп мақтанып жатады. Мен өз басым ондайды аса жақтырмаймын. Тіпті таныс адамдарым болмаса аралдықтардың өзі менің Асылбектің анасы екенімді білмейді. Әрине баламның жақсы болып, ел алдында жүргеніне қуанамын. Бірақ жалпақ жұртқа жариялауды жаным сүймейді. Ол жетістікке өз еңбегімен жетті. Бір жағы Асылбек ата баласы, сол себепті мен оны «балам» деп айта алмаймын. Ол да бізді «апа, әке» деп айтпайды. Арамызда бір салқындық, бөгет бар сияқты. Мені «апасы-ау» деп атайды. Бірақ басқа балаларым құсап құшағыма құлап еркелеп көрген емес. Десе де, шаруашылықтарын айтып ақылдасып отырады, - деді.
     Бұлай болуынан да себеп жоқ емес. Бірда Әмина ана баласының кезекті концертіне: «мен де өзге аналар сияқты сахнада баламды құттықтайын» деп шапанын, гүлін алып әзірлік қылып жүреді. Кенет кешке аз уақыт қалғанда, жақын ағалары өмірден озып,  сол себепті бара алмай қалады. Ырымшыл ана мұнан кейін атамның баласын бауырламаспын деген шешімге келеді.  
      – Асылбек жақында қызын құтты орнына қондырды. Сол тойда көпшілік алдында: «Ендігі жерде мен туған ата-анамды «әке, ана» деп айтамын» – деді. Бірақ, мен бұл шешімін қабылдай алмадым. Өйткені атам Асылбекті ерекше жақсы көрді. Сонда білдім, атаның немереге деген ықыласының ерекше болатындығын. Қазір өзім де әже болып немере бағып отырған соң да бұл жағдайды жақсы түсінемін. Мені сыйлап алдымнан кесе өтпейді. Сөзіме қарсы келмейді. Соның өзі маған жеткілікті, – дейді апа.
18 қазан 2019 ж. 1 447 0