Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Банкоматтан тауып алған ақшаны иесіне қайтарған қызылордалық сырымен бөлісті

Банкоматтан тауып алған ақшаны иесіне қайтарған қызылордалық сырымен бөлісті

Қызылорда қаласының тұрғыны Қарлығаш Маханова банкоматта қомақты ақшасын қалдырып кеткен жерлесінің ақшасын түгелдей қайтарып берді. Бұл туралы облыстық «Сыр бойы» газеті жазды.
Ол таңертең «Қызылорда» супермаркетінінің ішінде орналасқан банкоматқа ақша алуға келеді. Онда банкомат алдында қомақты ақшаның жатқанын көзі шалды. Қарлығаш бұл ақшаны иесіне қайтаруға шешім қабылдайды. Осы мақсатта әлеуметтік желіге ақшаны иесіне қайтару мақсатында хабарландыру жариялайды.
«Өмірде түрлі жағдай болады. Белгісіз біреудің банкоматта ақшасын ұмытып кеткені мені ойландырып тастады. Сол үшін әлеуметтік желіге «қай жердегі банкомат және қанша ақша барын айтса егесіне қайтарамын» деп хабарлама қалдырдым. Ертесіне кешке жақын ақша егесі маған хабарласты. Мен оны нақтылай түсуге тырыстым. Қазір ел ішінде алаяқтар көп қой. Банкоматта орналасқан камераны кері айналдырып қарадым. Ақшаны ұмыт қалдырған адамның қандай киім кигенін нақтылап алдым. Сол кісі екен. Ұмыт қалдырған адам түнгі ауысымнан шыққан екен. Үйіне келгенде қаржысын қалдырып кеткені еске түседі. Өзім де көпбалалы анамын. Мүмкін ол кісінің де балалары бар шығар деп ойладым», - деді Қарлығаш.
Қарлығаш бүгінде бала тәрбиесімен үйде отыр. Ол осылайша ақша жоғалтқан адамның алғысын алды.
https://syr-media.kz/news/11552-bankomattan-tauyp-alan-ashany-iesne-aytaran-yzylordaly-syrymen-blst.html
22 тамыз 2019 ж. 864 0