Бір ауыз сөз құдіреті
Бағиланың жүдеу тұрмыс кешіп жатқанына 20 жылға жуық уақыт болыпты. Қайта соңғы жылдары балалары ержетіп, ел қатарына қосылған соң кішкене еңсе тіктегендей. Ол кейде өзінің осыншалықты қиындықты өткергеніне бір кездегі ашумен айтқан бір ауыз артық сөзінің әсері деп налиды. Кейде өзін жұбатып, егер сол кезде осындай шешім қабылдамағанда, қазір жер басып жүрмес пе едім деген де ойға қалады.
Бағила мектеп бітірген соң бірден ақ бантикті ақ орамалға айырбастады. Әрине өз еркімен емес. Аққұба келген ұзын шашты, сүйкімді қызға Қуаныштың көзі көптен түсіп жүрген-ді. Мектеп бітірген күні «Әп» деп қармағына ілді. Бағила Қуанышты бұрын сырттай таныса да, сыр тартысып көрмеген. Бастапқыда басып алып қашқан жанға қанша қарсылық білдірсе де, үлкендер сөзінен асып кете алмай, ақыры ырқына көнді. Бір үміті қатал анасында еді. "Анам келіп алып кетер" деген. Бірақ олай болмады. Қайта анасы "бай-қуатты жерге барды, өзімнің рулас ініме тиді" деп кешірім сұрап барғандарды қуана қарсы алады.
Қуаныштың әкесі совхозда қойшы болды. Ауылдан 200 шақырым жерде, үлкен төбеден асып түссең, көз алдыңа ақбоз үлкен үй көрінеді. Маңында мыңғырған мал жататын. Осы үйдің күйбең тірлігі жаңа түскен келінге алғашында оңайға соқпағанымен, бертін келе үйренісіп кетті. Оның үстіне қатал ене де қаһарын жиі төгіп қоятын.
Таң бозында сиырдың мөңіреген дауысынан шошып оянған Бағила аяғын ілбіп басып қораға да жетті. Күз мезгілі болатын. Түнде көзін кеш ілсе де, таңда соққан салқын самал ұйқысын ашып жіберді. Желіндері сыздаған сиырлар да ерік берер емес. Ышқынып тұр. Бұзауларды бауырына салғанда ғана басылды. Бағила біртіндеп бұзауы еміп, желіні жұмсарған сиырларды сауып жатыр. Дала түгел тыныш, арагідік үрген иттің ғана үні шығады. Сосын шелекке түскен сүттің даусы естіліп тұр. Он бес сиырды сауып болғанша күн де ұясынан қылт етіп шыға келді. Қазір асықпаса, қайын атасы тұрады. Сүт толы шелектерін кезек-кезек көтерген Бағила қос сарайына қарай жүгірді. Сүтті үлкен шөген қазанға құйды да, астына сексеуілдің ұнтағы мен малдың тезегін салып қайната бастады. Дереу самаурынын шығарып, құдық басынан су тартып әкеліп, әп-сәтте екі иығын бұлғақтатып қайнатып қойды.
Әне-міне дегенше үйдің үлкендері оянып, тысқа шыға бастады. Елгезек келін ыстық суын дайындап, дастарқанын жайнатып, әдетінше жаңа піскен сүттің қаймағына атасына талқан былғап, әзер етіп қойды. Жаңа түскен келін таңертең үйдің үлкендеріне иіліп сәлем салып болған соң, бәрі дастарқан басына жайғасты.
– Өркенің өссін, балам! – деді атасы келінінің ұсынған кесесін ұстап жатып.
Осы жердегі әдемі сыйластық кілт бұзылғандай. Енесі Ханымша:
– Тағы да бұзауға әлің келмей емізіп алған жоқсың ба? Сүтті жақсылап сүзіп, астын басып ұзақтау қайнаттың ба? Мына қаймағыңа қарасам, аз қайнаған сияқты ғой!
– Жоқ, апа, бұл жолы бәрін сіз айтқандай жасадым.
– Әй, осы сен өзің неге осы келінге арасында көмектесіп, қолғабыс жасамайсың! Аяғы ауыр ғой, сәл жәрдемдессең болатын еді, – деп атасы келінінің сөзін жақтай түсті.
– Осы мен дәл осындай болып жүргенде біреу маған жәрдемші болып па еді? Толғағым жетіп отырып түйе сауып отырдық. Қайта әлі түйе сауып жатқан жоқ. Сиыр мен бие сауғанға қиналса, қайдам, – деп енесі ашулы үнмен келініне бақырайтып көз тастады.
Бағила үнсіз. Атасы да кемпіріне қазір тағы бір сөз қарсы айтар болса ұзаққа кететінін түсініп «Әй, сен де» дегеннен артық сөйлеген жоқ.
Арада айлар өтті. Қылышын сүйретіп қыс жетті. Бағиланың босанар шағы да таяп қалды. Қыстаудағы үй үлкен, үш бөлмелі болғанымен, мұндағы бір бөлмеде ұсақ малдың төлдері тұратын. Қалған екі бөлмені қоныс қылды. Сол жылы қыс қатты болып, қар қалың жауды. Қуаныш пен атасы төлдеген малдардың жағдайын жасап алысып жүр. Сол күні демалыс болатын. Түс ауа Бағиланың толғағы ұстады. Бірінші баласы болған соң, ол бастапқыда жүктілік кезіндегі ауырсыну болар деп ешкімге айтпай жүре берді. Үйдегілер тегіс малдың қамымен жүріп, бұған мән беріп жатқан адам жоқ. Ауру үдеткен соң енесіне жайлап ескертті.
– Тұқымың өскір-ау, қанша уақыт болды ауырғаныңа?
– 4-5 сағатқа жуықтады.
– Ертерек неге айтпайсың? Толғағың басталған ғой, қазір іңір батып кететін болды. Сені енді ауылға қалай жеткіземіз. Жете алмайсың! Өзім туғызып аламын, – деді.
– Өзім? Бағила шошып кетті. Бірақ апа сіз...
– Не мен бала туғызу білмейді дейсің бе? Біле білсең мына сенің күйеуіңді тірі жанның көмегінсіз өзім босанып, өзім кіндігін кескем. Қой жайып келген енем бала құшақтап отырғанымды көріп, талып түсе жаздаған. Сенің қасыңда қайта мен бармын. Ештеңеден қорықпа, бәрі жақсы болады, – деп Бағиланы жұбатты.
Осылай Бағила тұңғыш қызы Жанарды үйде босанды. Кейін енесі рациямен қалаға хабарлап, дәрігерлер тікұшақпен келіп, ана мен баланы ауруханаға алып кетті. Балалы болған соң, Бағиланың жұмысы тіпті ауырлай түсті. Соңғы жылдары атасынан да қуат кетті. Күйеуі Қуаныш болса ащы суға әуес болды. Ішіп келіп, қол көтеретінді шығарды. Таң атысымен мал сауудан басталатын Бағиланың тірлігі үй шаруасынан бөлек, малдарды құдық басында суарып, қой қырқып, оның жүнін түтіп, ешкі тарап, оның қылшығын иіруден қолы бір босамайтын. Қатал ене Ханымша да келінді шаруаға епті етіп, ширатып алды. Төркінге жылдап ат ізін салмай кететін. Ол кезде қазіргідей телефон жоқ. Амандығын жолшыбай келіп-кеткендерден біліп отыратын.
Арада аттай 7 жыл өтіп кетті. Бұл кезде Бағиланың үшінші перзенті Талғат есімді ұлы өмірге келген болатын. Ал үлкені Жанар қаладағы интернатта оқуда. Қызын қатты сағынған Бағила күйбең тірліктен шаршағанын сол кезде аңғарды. Барып келгісі келсе де, енесінен сұрануға батылы бармайтын. Қуаныш та ішуін тоқтатпады. Бұл кезде атасы бақилық болған-ды. Бұрын әкесінен қаймығатын Қуаныш бет бақтырмай білгенін істеп жөніне кетті. Бірде 11 айлық Талғат қатты ауырды. Кішкентай ғана баланың дене қызуы түспей, күркілдеген жөтелі күнен-күнге үдей түсті. Болмаған соң атқа шана байлап баланы орап алып, енесі екеуі жақын маңдағы ауылға бағыт алды. Ақпанның аязы мен үскірік желі мидай далада бет қаратпай тұр. Десе де, баласы үшін жанұшырған ананың бұдан басқа амалы болған жоқ. Итшілеп жүріп ауылға да жетті. Мұндағы дәрігерлер баланың халінің тым мүшкіл екендігін айтты. "Кеш келдіңіздер" дегенді естігенде, Бағила көзден парлап аққан жасына ие бола алмады. Ақыры асқынған дерттен Талғатынан айырылып қалды.
Көз алдында тәтті қылық шығарып, өсіп келе жатқан баланың қазасы мен алыстағы перзентіне деген сағыныш Бағиланың ашу-ызасын шығарғандай еді. Ауыр ойлармен алысып кереуетке қисая түскені сол-ақ еді, енесі ас үйдегі ыдыстарға жан біткендей тарс-тұрс еткізіп:
– Шаруа шашетектен, бірақ демалуға уақыт табылады, иә. Мына түрімізбен бүгін ештеңеге үлгермеспіз. Келін демалып болсаң бар, қорадағы малды жемдеп қайт, – деді.
– Жоқ. Ешқайда бармаймын. Баратын халім жоқ. Шаршап жатырмын.
– Осы сен не істеп шаршайсың?!
Енесінің бұл сөзі Бағиланың шамына тиді. Осы кезге дейін бетіне келмей ләм-мим деп сөз қайтармаған келіннің жүрек түкпірінде жинақталған мұңы отты сөздермен сыртқа төгілді. Орнынан атып тұрды да, бар дауысымен:
– Бәрінен шаршап кеттім. Осы үйге келгелі көргенім тек қана мал, соның жайы. Үйдің тірлігі. Мен де адам баласымын. Бір балам осы малдың соңында жүріп уақытында ем жасамағандықтан өлді. Бір баламды көрмегеніме 5 ай болды. Болды. Бәрінен шаршадым. Осы мал құрып тып- типыл болса екен. Мен ауылға кетемін. Шыдамның да шегі бар, – деп егіліп тұрып жылады.
Аңтарылып қалған енесі іштей әйел затының қайғысын түсінгендей бұл жолы қаһарын төкпеді.
– Өмір-бақи мал соңында жүрсек те, біз өлген жоқпыз. Байың ерсе, ел ішіне көшемін десеңдер, өздерің біліңдер. Бірақ мына мал тұрғанда мен ешқайда бармаймын, – деді енесі.
Айтқандай-ақ, сол жылы қыс қатты болды. Қуаныш малды қараусыз қалдырып, өз "әніне" басып, ішімдігін ішіп кетті. Әйел затына ие бермеген табиғат сол қыста бұлардың малын түгел қырып тастады. Енді мал ауылда отырғаннан пайда жоғын түсінген енесі ауылға көшіп келді. Бұған Бағила қуанды. Бірақ бұрынғыдай молшылық дәурен бұлардың басынан көшті. Оның орнын жоқшылық пен сүреңсіз өмір алмастырды.
Сонда да болса елден қалмай еңбектеніп өмір сүрді. Жылдар өзіне керегін алды. Сыйын берді. Бүгінде Бағиланың денсаулығындағы аздаған кінәрат болмаса, ел қатарлы өмір сүріп жатыр. Бір түсінгені, айтылған әрбір сөздің киесі бары. Ол өзі айтқан сол сөздің қабыл болып, өмірінің жоқшылыққа қарай бұрыларын сол кезде білген жоқ. Бірақ өмірден сабақ алған жан сөз қадірін түсінді.
Н. БАҚЫРАН