Мейірім мен құрмет – мәдениеттің ең биігі
![](/uploads/posts/2020-11/1605593066_bez-nazvaniya.jpg)
Ал нақты куәгерлеріңіз болмаса, іс насырға шауып кетпесіне кім кепіл?! Сондай мәселелердің көбейіп кеткені соншалық, бүгінде адамнан адам суынып кеткен. Сол себепті де, көшеде жатқан кісіні көрсе, көбі «мас шығар» деген желеумен жанынан өте шығатын болған.Осыдан бірер жылдай бұрын Қызылорда қаласында жездемізбен бірге қоғамдық моншалардың біріне бардық. Қайтып келе жатып, жол жиегінде жатқан бір кісіні көзіміз шалды. Ауылдың ағеден баласына бұл жағдай әсте таңсық екені белгілі. Көмектесуге ұмтылып, машинаны тоқтатуын сұрадым. Жездем:– Көрмеген болып отыра бер, қазір қалада мұндайлар көбейіп кеткен. Күнұзаққа ащы суын ішіп, кеш бата әр жерге құлай кетеді. Сондай кезбелердің бірі шығар, – деп жанынан өте шықты.
– Сонда да өлі немесі тірісін білейік те, – деп мен келемін. Екі көше ары асып барып, жол жиегіне тоқтады. Сәл кідірді де, маған жақын жолдасының басынан өткен оқиғасын баяндап берді.
Ертеректе болса керек, әлгі жолдасы жолда кетіп бара жатып осындай жағдайға кезігеді. Ойында – әлгі адамға көмектесу ғана. Күннің жылы уақыты. Үстіндегі киімінің алдын ашып, кеуде тұсын қолымен басып көреді. Ешбір нәтиже болмағандықтан, сол жерде тұрып жедел жәрдем шақырады. Әлгі орынға келген жәрдемшілер болған жағдайды көмек көрсетушіден сұрайды. Артынша құқық қорғау органы қызметкерлері келіп, әлгі жігітті өздерімен бірге алып кетеді. Бірден тергеуге алуларының сырын білмек болып жөн сұрағанда, әлгі құлап жатқан кісінің қайтыс болып кеткенін біледі. Осылайша іс насырға шабады. Ақталмақ болып, әрі айтып, бері сөйлеп жөнін айтқанмен, оқиға орнынан алынған айғақтар мен саусақ іздері әлгі жігітке дәлме-дәл келіп тұр. Осылайша көмектесемін деп кінәлі болған азаматтың ісі сотқа жіберіліп, келтірілген айғақтар бойынша кісі өліміне кінәлі болып шығады. Нәтижесінде бірнеше жылға бас бостандығынан айыру үкімі шығады. Абырой болғанда, бұрмаланған сот медициналық сараптамасы бірнеше айдан соң қайта дұрыс болып, жігіт ақталады. Сонда да туыстарының кешірімін алуға біршама шығындалады. Мен әлгі жерде болған оқиғаны естіп, терең ойға кеттім. Бәлкім, бармағаным да дұрыс шығар деген ойда қалдым.
Көмектессең кесірге ілігетін қазіргідей қиын заманда адамзат баласының әлгіндей жағдайларға көп жолай бермейтіні де сондықтан шығар. Туысыңыз болмаса мұндай жағдайға кезігіп жатсаңыз, сырттай бақылап, жедел жәрдем немесе құқық қоғау органы қызметкерлерін шықырғаныңыз жөн секілді. Әрине мейірімсіз бол деген ойдан аулақпыз. Десе де әрбір ісіңіздің куәсі болған дұрыс. Ол өзіңіздің қолыңызда жүрген қалта телефоныңыз. Соның бейнекамерасын қосып алып, әрекетке көшсеңіз ісіңіздің барлығы шынайы әрі әділ болады. Әйтпесе негізсіз айып пен жазықсыз жаланың құрбаны болып кетуіңіз мүмкін.
Қазіргі таңда әлемде адам санының көптігінен азғын елге айналған мемлекеттер бар. Мәселен, Үндістан. Ол елдегі халықтың саны қазіргі таңда 1 млрд 30 млн адамнан асып кеткен. Кейбір деректерде бұл елдің халқы Қытайдан да асып кеткендігі жайында айтылады. Алайда сол мемлекеттің тұрмыс деңгейі мен мәдениеті өте төмен деңгейде деседі. Көшелері шашылған, үйлері құдды бір лашық па дерсіз. Онда кедей халық өте көп екен. Тіпті, өз алдына тайпа болып, заңға бағынбастан өмір кешіп жатқан халық қаншама?! Ал сол елде құжынаған халық арасында әлгіндей жағдай болып, көпшілік ортада құлап жатсаңыз, сізбен ешкімнің шаруасы болмайды екен. Керісінше, көше бұзақылары мен кезбелер сіздің қалтаңызды қағып, құнды заттарыңызды үптеп кете береді. Көрер жарығыңыз болса тірі қаларсыз, болмаса сол жерде жатқан күйі арғы дүниеге аттанып кете барасыз. Міне, жалпы біз емес, әлем осылайша азғындаудың аз-ақ алдында тұр. Кейбір елдерде өмір сүру сапасы күрт төмендеп, елден қашқан босқындар саны артып барады. Әлемді алаңдататын да осы. Бұлай кете берсе халықтан қайыр, пендеден пейіл кететіні жасырын емес.
Иә, жай ғана мейірімділік пен жанашырлық, түптеп келгенде, әлемді құтқаратын аяулы сезім екенін екінің бірі ескеріп жүрсе екен дейміз. Қандай жағдай болмасын, жер бетіндегі жаратылыстың барлығына Құдай өзі жан берген соң, оны алатын да өзі. Десе де, болмашы қадам үшін тартынып қалып, кейін ар азабы алдында қиналып қалып жүрмесек екен. Бұл – пенде ретінде барлығымыздың алдымызда тұрған сауапты іс, салмағы мол жауапкершілік. Сондықтан кез келген пенде Құдайға жағар қылықты істен құр қалмаса екен дейміз.
А.Қарасай