Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Адасу

Адасу

Сырттай бақыласаң, үй-үйде жанған жарықтар ғана бұл ауылда тіршіліктің барын байқатады. Әйтпесе өрістен мал келгелі де 2-3 сағат болды, ауыл ішінде ара-тұра үрген ит пен төлін іздей еміренген түліктің даусы естіледі. Бала біткеннің бәрі күнұзаққа асыр сап ойнағандықтан үйлерінде. Қараңғы түскен соң, ішке ел қондырып, көшеге шыққалы жатқанда үй телефоны шыр етті. Тұтқаның арғы жағынан есенсаулық сұрасқан нағашы інім:
– Жиенжан, сенің маған көмегің керек. «Әлдекбайдағы» малды ауылда бір жабағы мертігіпті. Орнынан тұра алмайтын көрінеді. Малшы «келіп, алып кет», деп хабар айтып жатыр. Мен қазір Аралдан шыққалы жатырмын. Саған соқсам, сол жабағыны алып келу керек еді, – деп өтініш айтты.
Ол келемін дегенше түн мезгілі боларын білсем де, көмек қолын созуға келістім. Бірер сағат күтуге тура келгендіктен, көшеге шығып, ауылдағы достарыммен қызықты сәттерді сөз етіп, естеліктермен бөлістік.
Жердің шалғайлығы, даланың кеңдігі қандай жақсы. Жасыл жайлау, түкті кілем іспетті мені тербеткен өлкенің тамашалағанға туындысы көп-ақ. Күндіз малдың қамы, кешкілік қызық қуалайтын балалық желік кейде мені өзіне тартып тұратын. Сондай сәтте көз ұшында құлдыраңдап ойнап жүрген ауыл балаларына қосылып, жасыл желекпен көмкерілген көгалда ала доп қуалайтынбыз.
Осылай отырғанда сағат түнгі бірдің шамасы болғанын да байқамай қалыппыз. Мен күткен көлік те келіп жетті. Ауылдан Әлдекбай өңіріне тура жол бар болғанмен, бұйрат құмдары көлікті қинайтыны түсінікті. Оның үстіне жаз мезгілі. Сонымен не керек, ауыл шетімен, құмды айналып өтетін жолмен тарттық. Елден 2-3 шақырым шыққан соң ауыл тұрғындары «Ақмола» деп атап кеткен үлкен қорым бар болатын. Қорым жанынан бет сипап өте шықтық. Көлік ішінде тарс-гүрс еткен музыка. Сол сарынмен жолайрыққа жеттік. Әлгі малды ауылға бару үшін сол жағына түсеріміз белгілі. Солай еттік те. Алайда сол тұста бізді әлдебір тылсым күш айналдырды. Әдетте көзді жұмып өте шығатын жаттанды жолдан қайта-қайта жаңылдық. Әлденеше рет сол жаққа бұрылғанымызбен, сәл ұзай бастаған сәтте біз түскен жол басқа бағытқа бұрып әкетеді. Бұл қалай болғаны? Біз үшін бұл өлкенің таңсық жері жоқтұғын. Бәрі жаттанды. Қою түннің қысымы жан-жақты шамалауға мұрша берер емес. Кері бұрылып, әлгі жолайрыққа қайта келеміз. Ақылдасып алып, сол жақ жолға қайта түсеміз. Осылайша біздегі сәтсіз қадам бірнеше рет қайталанды. Көлік шамы түскен төңірек тағы да теріс бағытқа бара жатырғанымызды аңғартып тұр. Бала күнімізде ата-әжелеріміз «Әруақтың бары рас, ата-бабамыз өмірде жоқ болғанмен олар бізді желепжебеуші. Бейіт басынан өткенде әруақтарға Құран бағыштаңдар, разы болсын» деп жиі айтып отыратын. Сол сөз ойыма түсіп, дереу ес жиып алдық. Естен тандырар есірген әуенді өшіріп, жан-жағымызға жалтақтай қараймыз.
Хош... Негізі адам баласы өмір сүріп жатқан ортадан бөлек әлдебір тылсым күштің бары рас секілді. Бұрынғылар «өлі разы болмай, тірі байымас» деп бекер айтпаса керек. Кейде қорым басынан өткенде әруақтар рухына Құран бағыштау пенделік парыз болса да, бет сипағаннан әрі аса алмай жатамыз. Десе де арғы әлем мен бергі дүниенің байланысы барын кейде әр адамға іштей сезілетін болар. Оған адам баласының ұйқыда көретін түсі дәлел бола алады. Жартылай өлім – ұйқының пендеге пәрмен, қос дүниеге көпір болар сәттерін жиі естиміз. Қалай десек те, тірі пенде мен әруақтар әлемінің арасында тылсым байланыс жатқаны жасырын емес.
Меңіреу түн. Көзге ештеңе көрінер емес. Бұлай болмасын білген соң кері бұрылып, әлгі «Ақмола» қорымына қарай қайта бет алдық. Қорым басына келіп, сол төбеде жатқан әруақтардың рухына Құран бағыштап, сәл дамылдадық. Жөнге келген соң, көлікті оталдырып, қайта жолға шықтық. Әлгі жолайрыққа келген сәтте сол жаққа бұрылып, бағытымызбен кетіп барамыз. Бұл жолы бізді сәтсіздік жеңе алмады. Айналма жолдың жігі шығып, сүтпісірім уақытта межелі жерге де жеттік. Шаруаны реттеп, өлгелі жатқан жабағыны көлікке өңгердік те, ауылды бетке алдық. Келген жолымызбен кері қайтып, әлгі қорымға келгенде тағы да тоқтап, жат әлемнің жолаушыларына Құран бағыштадық. Ауылға келген соң ойланып қарасам, сол сапарда бізді әлдебір тылсым күштің айналдырғанын сезгендеймін. Өткенге мойын бұрғызған да сол сәтсіз сапар, қорым басындағы бейқамдық еді.
Ессізді жөнге, тексізді тезге салатын ескілердің есті жолы осындайда ойға оралады емес пе?! Аса шұғыл болмаса, түнделетіп сапарға шықпаған бабаларымыздың расында білгені бар-ау. Сол бір түсінік пен байламды ойдың бізді көп нәрседен қорғап тұратыны да осы екен ғой. Әйтпесе елсізде қалып, жаман жер басып, жынмен дос, сайтанға серік болған жандар қаншама?! Қанша мойындағымыз келмесе де, қоғам «қазақы ауру» деп тұжырым жасаған адам баласында болатын қиялдың қисынсыздығы кездесіп жатады кейде. Оны емдеудің жолы да бөлек, жөні де бөлек.
Иә, атам қазақ «меңіреу түн» деп адам ұйқыға кетер сәтті бекер атамаған. Бұл кезде аспаннан жер бетіне жындар түсіп, оларға періштелер лағынет айтумен болатыны көп жерде айтылады. Бабалар танымындағы түсініктің тылсым күшке жетелейтінін ескерсек, бізге жай өмірдің өзінде көп нәрсеге немқұрайлы қарамау маңызды болмақ. Бастысы, өмірдің өзі айқындап берген өлім мен өмір арасындағы ақиқаттың жолы бар. Сол жолмен жүрген адам баласы әсте бағытынан жаңылмас. Осыны естен шығармасақ екен...
А.Қарасай
25 тамыз 2020 ж. 483 0