Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Аралдан сөйлеп тұрмыз"

"Аралдан сөйлеп тұрмыз"

Иә, осылай басталатын Арал аудандық радио хабарын тарату редакциясы өз жұмысын 1990 жылдың 1 қаңтарынан бастаған болатын.Сәл шегініс жасасақ, 1989 жылы Сырдария аудандық «Сырдария» газеті редакциясы жанындағы радио хабарын ұйымдастыру бөлімінде жұмыс істеп жүрген кезімде облыстық телерадио комитетіне шақырылып, соңғы хабарлар редакциясына аға редактор қызметіне тағайындалғанмын. Қазақ бөлімінде университетте бірге оқыған журналист Айғанша Ысқақова бар. Менің алдымда бұл қызметті белгілі ақын Жанұзақ Қожабергенов ұзақ жыл атқарып, басқа жұмысқа ауысыпты.Елден бұрын ерте келеміз де, алғашқы жұмысты телефонмен бастап, барлық аудандардың редакцияларымен хабарласып, жаңалықтарын жинап аламыз. Осылай жұмыс жүріп жатқан. Сол жылдың желтоқсан айында облыстың үш ауданында – Тереңөзек, Қазалы, Аралда дербес аудандық радио хабарын тарату редакциялары ашылатын болды.
Аралға баруға мен бірден келісімімді бердім. Келу бойына өзіммен бірге істейтін қызметкерлерімді жинақтадым. Редакцияның штат бірлігі кесте бойынша 3 адам. Бірақ мен оны жұмыс ыңғайына қарай төрт адамға жасақтадым. Яғни, жауапты редактор мен, редактор Толыбай Абылаев, диктор Гүлфайруз Басықарақызы, оператор Тілеген Әбекенов болып  осы төрт адам аудандық радиода жұмыс істедік.
Біз келгеннен кейін «Толқын» газеті жанындағы радио хабарын ұйымдастыру бөлімі жабылып, бар жауапкершілікті өз қолымызға алдық. Аудандық редакция жанындағы радио хабарын ұйымдастыру бөлімінде ұзақ жылдар бойы журналист Аманкелді Өткелбаев жұмыс істеді. Бұл штат қысқарған соң, ол аудандық Өлкетану мұражайына ғылыми қызметкер болып ауысты. Бізге дейін радио студиясы аудандық телеком жанында болатын. Аудандық атқару комитетіне арнайы хат жолдап, «Арал» қонақ үйінің бірінші қабатынан төрт бөлмелі мекен-жай алдық. Екі бөлмені студияға арнап, қалған екі бөлмеде журналистер отырдық.
Аудандық партия комитетінің қоймасынан ауысқан жазу столдары мен орындықтар алып, кеңсемізді жабдықтадық. Студия бөлмесінің ішін дыбыс жаңғыртпайтын жұмсақ материалдарымен қаптап, талапқа сай әзірледік. Облыстық радио комитетінен жаңа үлгідегі жазу, монтаждау магнитофондарын алып құрдық. Облыстық радиода істеген тәжірибем бар, аудандық радио редакциясын сақадай-сай әзірлеп, жұмысты жаңаша жолға қойдық.
Жұмысты жоспарлы түрде жүргізіп, әр апталық хабарда кімді сөйлетіп, қандай мәселе көтереміз, қай саланы қамтимыз дегендей берілетін хабарларымызды айқындап аламыз. Радио хабарын негізінен редактор Толыбай Абылаев әзірлейді. Диктор Гүлфайруз бен оператор Тілеген күнделікті хабарды алдын ала таспаға жазып, дайындап қояды. Мен хабардың сапасын, мазмұнын бақылаймын. Тілшілеріміз бен ақын-жырауларымыз бірінен соң бірі келіп тұратын. Радио редакциясы осындай қонақтардан арылмайтын. Олар кешкілік хабардан өз дауыстарын өздері тыңдап, отбасымен марқайып қалатын. Аудандық радио хабары аптасына үш рет, газет шықпайтын күндері – дүйсенбі, сәрсенбі, жұмада кешкі сағат 18.45-те берілетін. Эфир уақыты 15 минут болып белгіленген. Алғашында хабарымыз бұрынғыдай радио желісі арқылы тарап жүрді. Кейін аудандық телеорталықпен байланыс орнатып, радио хабарын әуе толқынына шығаруға қол жеткіздік. Соның нәтижесінде біздің хабарымызды ауданның барлық тұрғындары үйде де, түзде де радиоқабылдағыш арқылы тыңдайтын болды.
Ол кездері аудандық радионың белсенді тілшілері мен авторлары көп болатын. Солардың ішінде эколог журналист Хамза Суханберлин Аралдың экологиялық мәселелерін көтерген мақалаларымен эфирден түспейтін. Ұстаздар Зиянсыз Баймаханов, Әмір Баймағамбетовтер әр салаға қалам тартып, өз дауыстарымен жиі шығып тұратын. Ауданның мәдени өмірінде жас ақындар Бекұзақ Тәңірбергенов, Оңталап Базаралиевтың, әнші Жаңылсын Жәрменованың ән-жырларын беріп, тұсауын кесіп, сәт сапар тілегенбіз. Бүгінде олар есімдері елге белгілі ақын-жыраулар қатарында жиі көрініп, елге кеңінен танылуда.
Аудандық радио ауданның барлық саласына, яғни қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, ауылшаруашылық-өндірістік, әдеби-мәдени өмірлеріне етене араласып, алуан тақырыпта материалдар жариялап тұрды.  Әсіресе ол кездері тартылған Арал тағдыры, Арал өңірінің экологиялық қасіреті әлемдік деңгейде көтеріліп, ушығып тұрған уақыты еді. «Арал тағдыры – адам тағдыры» айдары ұранымызға айналып, тақырыбымыздың туы болды. Сондықтан Арал тағдырына байланысты аудандық, облыстық, республикалық, тіпті әлемдік жаңалықтарды да қалдырмай іздене жариялап отырдық. Оның өзінде Аралда айтулы оқиғалар жиі болып жатты.
Сөзіміз дәлелді болу үшін әлі күнге дейін өзімнің мұрағатымда сақталған 1992 жылғы қаңтар айының 3-і күнгі радио хабарының желісін қысқаша назарға ұсынуды жөн көрдім.
Әуелі музыка «Арал вальсі» әні.
«Аралдан сөйлеп тұрмыз. Аудандық радионың кезекті хабарын бастаймыз. Жергілікті уақыт 18 сағат 45 минут.
Бүгінгі хабарымызда:
Соңғы хабарлар. «Арал тағдыры – адам тағдыры», «Аралдықтарды әлеуметтк жағынан қорғай білейік» атты хабарымызды тыңдай аласыздар..» деп басталатын. «Арал тағдыры – адам тағдыры» атты айдарымыздағы хабар кеңінен баяндалады. Онда Халықаралық «Арал-Азия-Қазақстан» қоғамдық комитетінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне арналған баспасөз конференциясы болып өткені, баспасөз конференциясын Халықаралық «Арал-Азия-Қазақстан» қоғамдық комитетінің президенті М.Шаханов ашып, хабарлама жасағаны, экологиялық апатқа ұшыраған Арал теңізі мен осы аймақты мекендеуші тұрғындарға көмек көрсету ісі, соңғы жылдарда атқарылған көптеген жұмыстардың нәтижесінде нақты жемісін бере бастауы, осы орайда көңілге қуаныш ұялататын бір хабар – Арал проблемасы әлем жұртшылығының назарына ілігіп, оған деген ынта-ықылас арта түсуі, Арал проблемасының аса жоғары халықаралық деңгейде қарастырыла бастауының тағы бір нақты көрінісі Біріккен Ұлттар Ұйымының экология жөніндегі басты ұйымы ЮНЕП-тің таяуда ашылатын өз мәжілісінің күн тәртібінде осы Арал мәселесін енгізуі жан-жақты талқыланды.
«Сіздердің тыңдағандарыңыз «Арал тағдыры – адам тағдыры» атты хабар.
Енді «Аралдықтарды әлеуметтік жағынан қорғай білейік» атты хабарымызды бастаймыз.
Өткен сенбіде қаладағы орталық алаңда азаматтық «Азат» қозғалысы қалалық бөлімшесінің ұйымдастыруымен нарықтық жағдайда халықты әлеуметтік жағынан қорғау мақсатына арналған митнинг болып өтті. Оған 5 мыңға жуық адам қатысты.
Митингіні «Азат» қозғалысы қалалық бөлімшесінің төрағасы Аманқос Есмұрзаев сөз сөйлеп ашып, халықтық жиынның мақсатымен таныстырды.
Мұнан соң «Азат» қозғалысының мүшелері, митингіге қатысқан азаматтар мінбеге көтеріліп, халыққа сауда қызметін көрсетудегі өрескел кемшіліктерді, оны қалпына келтіруде аудандық кеңесі атқару комитетінің алдын-ала тиісті шара қолдана алмағандығын өткір сынға алды. Солардың арасында «Арал» совхозынан келген азамат Мейрамбек Қибасов былай деді: (үнтаспа).
Сексеуіл поселкесінен келген азамат Уәлихан Жұмағұлов та халыққа сауда қызметін көрсетудегі кемшілікті былайша сынға алды: (үнтаспа).
Теміржол емханасының қызметкері Тоқбике Мәмбетованың сөзі де жиналғандарға үлкен әсер етті (үнтаспа).
Мұнан соң мінбеге көтерілген көп балалы ана Күләш Ақтілеуова былай деді: (үнтаспа).
Митингіде шығып сөйлеген қай азаматтың сөзіне құлақ түрсеңіз де олар нарықтық қатынастың алғашқы қадамдарындағы қымбатшылық пен тапшылықтың қиындықтарын, әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларындағы ауыр халдерін қинала айтады. Сонымен бірге бұл жөнінен қолдау көрсететін сауда орындарына, аудандық кеңесі атқару комитетіне орынды сын-пікірлерін білдірді.
Митингіде аудандық балалар музыка мектебінің директоры Талас Шүкіров, «Азат» қозғалысының мүшесі Хамза Қуатов, «Приарал» совхозының жұмысшысы Өтепберген Құдайбергенов, аудандық тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы Тілес Боқаев, тағы басқа азаматтар шығып сөйледі.
Митингіге халық депутаттары аудандық Кеңесінің төрағасы Балтабай Ақпенбетов қатысып сөз сөйлеп, бүкіл елімізге ортақ қазіргідей қымбатшылық пен тапшылық жайлаған қиын жағдайды ауданымыздың да бастан өткеріп отырғанын жан-жақты баяндады. Сонымен бірге осы қиындықтан шығудың сенімді жолы – халықты ұстамдылыққа, шыдамдылыққа, өзара түсіністікке шақырды.
Митингіде халықтың қолдауымен аудандық тұтынушылар одағы басқармасының төрағасына, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының төрт орынбасарының жұмысына сенімсіздік білдіру, қызметте отырған бірқатар зейнеткерлердің орындарын босатып, оған жұмыссыз жүрген сауатты, қабілетті жастарды тарту, Аралға келген барлық ақшалай-заттай көмектерге бақылау жасап, оны тарататын тәуелсіз комиссия құру сияқты бірқатар маңызды мәселелерді көтерген қаулы қабылданды.
Халық митингісі «көңілдің кірі айтса кетеді» дегендей, осылайша өзара түсіністік жағдайда өтті...»
Хабарымыз осылай жалғасып кете беретін.
Менің 1992 жылғы ақпан айының 3-і күнгі радио хабарын бүгінге дейін сақтауымның мәні, коммунистік партия биліктен кетіп, елде демократиялық қоғамның бел алған шағында Арал ауданындағы «Азат» қозғалысының халықты еркін пікірге шақырған алғашқы митингісі болатын. Бұл тарихи оқиға еді.
«Азат» қозғалысының митингісі орталық алаңда осылай ұйымдастырылды. Оған биліктен ешқандай қарсылық көрсетілген жоқ. Аудандық атқару комитеті ғимаратының алдында үлкен мінбер жасалынып, дыбыс күшейткіш, микрофондармен жабдықталды. Халық орталық алаңға лық толды. Тәртіп сақшылары да қаптап жүрді. Шығып сөйлеушілер өз пікірлерін ашық та, ашына да айтты. Бірақ қоғам белсенділерін қуғындау да, қудалау да болған жоқ. Қайта кейіннен «Азат» белсендісі Аманқос Есмұрзаев мектеп директоры, Хамза Қуатов, Нұртуған Тұржановтар заңгер болып қызметтері өсіп кетті.
Өзі жұмыс істеген 5 жыл ішінде аудандық радио редакциясы үлкен беделге ие болды. Мерзімді 15 минуттық хабарда аудан жаңалықтарын газеттен бұрын елге ерте жеткізіп тұрды. Халық кешкі асын аудандық радионың хабарын тыңдай отырып ішетін болды десек артық айтқандық емес еді.
Әсіресе біздің жұмысымыздың жолға қойылуына үлкен қолдау, көмек көрсеткен сол кездегі облыстық телерадио компаниясының басшылары Жақсылық Бекхожаев, Әбдіжәлел Бәкірдің еңбектерін әлі күнге дейін айтып жүрміз. Сонымен бірге компанияда Есенгелді Шілдебаев, Ыбырай Әлжанов, Бексейіт Шайланов, Жалғасбек Аманов, Айткүл Шалғынбаева, Жағыпар Қарабалаев, тағы басқа қыз-жігіттермен бірге қоян-қолтық қызмет еткен жылдар әлі жадымызда.
Жұмабай ЖАҚЫП,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Арал қаласы
23 маусым 2021 ж. 681 0