Назыма нүкте қоямын...
Жанарыма жүк түскелі, рухани күйзеліс иектеді. Еріксіз қолдан қалам сусыды. Бұрындары сүйінші сұраған баладай, жазу үстеліне құстай қонақтайтын ақ парақтар да алыстады. Оқу мен жазудың орнына ойға тоқу еріксіз өмір салтыма айналды. Шығармашылық аңсау шымбайыма батады. Жаңа жазбамды күтетін мыңдаған оқырмандарымнан жырақтап қалғаным жаныма батады. Ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Қазіргі әлемді дүрліктіріп дірілдетіп қойған тосын кесел босағадан аттамай тұрып жазылған топтама өлеңдерім, жариялау кезеңін күткелі қашан?! Соның сәті енді келді. Әдебиет әлеміне жетелеген журналистика тәліміне тәнтілігімді алға тартып, дәстүрлі мерекеміз қарсаңында жәдігерге айналған жырларымды оқырман жұртшылығына ыстық ықыласым ретінде ұсынғанды жөн көрдім. Әлі де шығармашылық тартулар күтуден үміт үзбеңіздер.
Автордан
Бағалау заңы
Қымбатыңды бағала бар кезінде
Қандай сынақ тосса да тар кезеңде
Серттеспей сынып кетпей шыдау керек
Берілмеңдер тықақтаған тас сезімге.
Әдепті емес әрқалай сырт кейпіміз
Қыңырлықпен қырсығып бүлінеміз
Бас асаулық береке бүтіндемес
Неліктен кешірімге кешігеміз?!
Жаңысу мен жазғыру тым қарайлас
Сыпсың күткен бекерге алаңдамас
Шындықты емес, жалғанды құптайтындар
Жарияға жар салып ауыз жаппас.
Жасырынбақ жараспас жақындаға
Айналмайық қатыгез пақырларға
Алыс-беріс араға жік салмасын
Тегі бір қаны ортақ тақымдамас
Туыс біткен баба атынан сөйлейді
Бұл тұжырым мәңгілікке өшпейді
Қуаныш пен қайғыңда сүйеу болар
Аталасқа сірә баға жетпейді.
Сұмдық ауыр күтпеген қоштасулар
Қандай ыстық аңсаулы қауышулар
Бар-жоғыңды білдірмей тасалайтын
Ара ағайын, тілеулес, қайдасыңдар?!
Жақсылықтың өтеуі сансыз алғыс
Жамандықтың жазасы ажал, қарғыс
Опа таппас қайырсыз итаршыдай
Ондайға жан жуымас, қалар жалғыз.
Бір кем жағдай назарды төмендетер
Ел сабағы үмітке елеңдетер
Нартәуекел қашан да дәтке қуат
Бата күтсең жүрегің күлімдетер.
Түн күтеді зарығып таң атқанын
Күн қаламас жарықтың тапталғанын
Жымыңдаған жұлдыздар қызғанады
Аспан тәжі ару-ай танқалғанын.
Бақшадағы берекет
Уа, көктем, желіктір
Бақшаға мені еліктір
Бұрап қалсаң шүмекті
Бұлақтың суы келіп тұр!
Бір уыс дәннен бастайын
Құлпыртып жерді тастайын
Ниетіме ақыл қос
Ауламнан ләззат табайын
Қоштады қиял осылай
Кірістім іске тосылмай
Жердің тоңын жұмсартып
Атыздар және ұялай.
Ұзына бойы жүгері
Тез арада көктеді
Тырнадай болып тізіліп
Бүршік жарып ерледі.
Жүгері жұмыр күлшедей
Шашағы құдды шүйкедей
Маржан тіске ұқсайды
Бадана дәні шөжедей.
Күнбағыс сондай паң екен
Бойы да сұңғақ сәнімен
Аспанға әзіл тастайды
Сұқтанып күнге назбенен.
Қоңыр салқын соққанда
Пістеге тостақ толғанда
Шекеден желге қарайды
Сәукеле сәуле шашқанда.
Қауын-қарбыз бақшада
Қозы, лақтай жараса
Күнбағыс, терек, жүгері
Көлеңке жасар таласа.
Сатып алмас ақшаға
Береке жатыр бақшада
Таза ауадан сергейсін
Бастайсың үлгі тамаша!
Жалтарма
Түсінсең тірлік тарлығын
Ысырып кейде барлығын
Жіпке тізбе өкпе-наз
Жеңілдер ниет-парызың.
Жұптамай жылы сөзіңді
Қинайсың кейде өзіңді
Қырсықтық түбі соңында
Іштен шалар өзіңді.
Өсектен ешкім өртенбес
Сабырға келген өкінбес
Жаланың жүгі зілқара
Көз жасы бекер төгілмес.
Бұлаңдап жастық жосады
Маңаурап кәрі тосады
Қайрат пен ақыл біріксе
Береке,бағың озады.
Таз тарақты жақтырмас
Сұлуға айна таңданбас
Түзету күтпес жарасым
Жасандылыққа жолықпас.
Көктемді күтер жапырақ
Күз жетсе, қалар саудырап
Шимайға шындық көнбейді
Қатені сүймес ақ парақ.
Жайдақ сөзбен әуреміз
Шындықты бүгіп қайтеміз?
Өткенді өңдеп бүгінге
Бояма болды бәйгеміз.
Дайынға бәрі қайымдау
Қиындап кетті мойындау.
Әділін айтса әлеумет
Бүкпесіз болсын қабылдау
Ну сыры
Су патшасы Сүлеймен
Мұхитқа шексіз күш берген
Теңізге тән тереңдік
Өзен, асқан кемерден.
Аспаннан жауған нөсер, қар
Жуынтып жерді қытықтар
Құс атаулы қиқулап
Ну шатырды паналар
Арнаны бұзып тасқанда
Қорғана білмей сасқанда
Қадірін сонда білерсің
Айналған кезде босқынға
Сулы жердің нуы мол
Арықтар жұтса болар шөл
Құр қызықтап бүлдірмей
Табиғатқа көңіл бөл
Айдынға көркем түрленген
Пішенмен жаға әрленген
Үпілдірік үкі бейнелес
Аруды еске түсірген.
Нар қамыс қандай ықтасын
Қауылдырғы құрдай шуласын
Ағыс пен толқын аялап
Қияқтан көрпе жамылсын
Ышқынса желдің гуілі
Құрақтың бөлек суылы
Сызылтып ұшқан аққудай
Сезілді жүрек лүпілі.
Сусырап жатқан қойнаудан
Талықсып күткен аңсаудан
Сексеуіл, жыңғыл, тобылғы
Нәрленді еспе, қайнардан.
Жаратқан солай ұйғарған
Шаттықтың бәрі шыдамнан
Дүниедегі бар асыл
Адамға лайық бұйырған.
Өмір таразысы
Ұмытылмас сәттерді өшірмеймін
Сағынышпен жадыма желімдеймін
Айтпағымды жазбаға айналдырып
Қаламымды қайтадан үшкірлеймін.
Көз кіреуке тартқасын қандай қиын
Ой жыртығын сипалап бүтіндеймін
Сөз бен сезім ине-жіп секілденіп
Қисық тігіс көктеуге өкпелеймін
Сәтсіздік тертесінен босана алмай
Тыпыршумен дал болам дауа таппай
Біреу естіп қоярдай қуыстанып
Күбірлеймін өзді-өзім құпиялай
Өткен шақ ілмешекті тілемейді
Терезесін пердемен бүркемейді
Сыр сандағын сәтімен бірге ақтарып
Бұйымтайың іздеумен көз ілмейді
Көңілдің көк дөнені бүлкілдейді
Қырмызыдай заманға күлімдейді
Жыл мезгілін адақтап қуалаумен
Естеліктер марқайып елжірейді.
Әлі күнге артыма қарайлаймын
Сырласу соқпағымен аяңдаймын
Жалқы өстім жалғыздық серігімдей
Өткенге де, кеткенге жалтақтаймын.
Уайым түпсіз терең батырады
Қайрат, жігер онсыз да босаңдады
Бір шөкімге теңселген таразыдай
Жеңіл тартып бағам да арзандады
Майдаланып кетпейік шабақтардай
Арабша жазудағы ноқаттардай
Қолдан жасау құрметті қажет емес
Жүрейікші мейлінше аласармай.
Өмір бойы бітпейді теңсіздіктер
Аққа қара жақпаңдар, ескеріңдер
Бір жұтым нәр құралар бір тамшыдан
Арсыздық жетегіне жегілмеңдер
Әр мұңым атқан оқтай зымырайды
Жүрегім қиянатқа шыдамайды.
Қас-қағымдық жалғанда таласы көп
Жағымпаздар неліктен табалайды?
Сезім әлемі
Желмен бірге жеттің бе?
Нұр құйғанын күттің бе?
Сезім кілтін жасырып
Жұмбақ болып кеттің бе?!
Құрық сүймес құлындай
Тұзаққа түспес тотыдай
Селт еткеннен сақтанар
Қыз біткеннің қуын-ай!
Шәрбәтсің, мейір қандырған
Жұлдызсың, көзді талдырған
Лаулаған оттай қызуың
Балқып барып басылған.
Сырттан біреу сұқтанса
Қызғанып жұбы дықтанса
Серті бар әсте суынбас
Махаббат туын тік ұста!
Дидарың айна секілді
Қарасам көрем өзімді
Кеудемді кернеп бұла күш
Тілекші түгел сүйсінді.
Шың аңсаған сағынар
Күте білген табынар
Ғашық болу керемет
Жүрекке жүрек жолығар
Жадырап жүрші әрқашан
Алайын қуат бақыттан
Жымиған сайын жайнайсың
Сыйладың бақыт сен маған.
Толғаныс
Сереуде бәрі: жаныңа жақын тұтқандар
Іркілген көшті бұрынғыша кім жалғар?!
Табиғатта себепсіз тізе бүктірмес
Жазбасын жазмыш тағдыр ғана парақтар!
Өмір солай: келдің, көрдің, кетесің
Рахатпен арайланып мұратыңа жетесің
Пенделік пиғыл айныған көңіл суынар
Сәтсіздікті сәйкестеумен жеңесің
Текетірес, қайғыдан әркім шаршайды
Тіл-көз, қарғыс жолыңды бөгеп тастайды
Күрсіну тежеп күмістей әсем күлкіңді
Жүзіңді әжім, жанарыңды мұң торлайды
Сырттайғы сырлас бір өлі, бір тіріде
Ауылда ғана қауышар басы бірге
Кәрлен кесе шүпілдеген ағарған
Табыла бермес шөл қандырар сіміре.
Әке-шеше батырға ұқсас қамалдай
Бауыр біткен сарқылмайтын қайнардай
Қиналғанда тірек болар ағайын
Жадыратар таудан ескен самалдай
Кезектеміз соңғы сапар алдында
Артыңды ойла, жан азабым, дамылда
Тәуба тілек сарқылмайды ешқашан
Бақыт құсы қалықтағай ұрпаққа!
Туған жерді бағала
Сөзден қамал соғамын
Сезімнен кеңес аламын
Қаладан қашып ауылға
Саф ауа іздеп барамын.
«Аққұмға» аунап жатамын
Жусаннан шипа табамын
Бақалшақ, балдыр иісінен
Теңіздің дәмін татамын.
Бас ием дархан далама
Қиқусыз ұшпас шағала
Қиналдым, қайта оралдым
Кешірім берші балаңа!
Жетеді қазір малтабар
Тыраштанып бас бағар
Мекеннің мұңын ескермей
Пайданы қаузап талтаңдар.
Баяға ару «Қыземшек»
Бүгінде жесір келіншек
Табиғат сыйын қорласаң
Рухын қалай өрлемек?!
Кеме біткен тоқтайтын
Кәрсеге неге соқпайсың?
Қарсы бетте «Қаратүп»
Есіңе мүлдем алмайсың!
«Үшшоқы» анау мұнартқан
Алыстан барлап сыр тартқан
«Бессайға» жүрсің жалмаңдап
«Бөлтенді» сызба санадан!
Кейінгі буын ойлаңдар
Батадан биік болмаңдар
Жетімнің күйін кешірмей
Ауылдан сөгіс алмаңдар!
Ауылда әруақ көзі бар
Бабадан қалған сөзі бар
Туған жерге тізе бүк
Хақың жоқ еш бұлғаңдар!
Жаңабай КЕМАЛ ,
Дарабоз» әдеби бәйгесінің жүлдегері