Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ағылшын тілін оқыту – заман талабы

Ағылшын тілін оқыту – заман талабы

Білім мен ғылымды инновациялық технология бағытында дамыту –үлкен үміттің басты нышаны. Ұрпағы білімді елдің болашағы жарқын демекші, жас ұрпаққа саналы, өнегелі тәрбие мен сапалы білім беру бүгінгі күннің басты талабы болып отыр.
Еліміздің басқа мемлекеттермен қарым-қатынасы артып отырған шақта ағылшын тілін еркін меңгерген, болашақта білімін түрлі саладағы қарым- қатынас жағдайында пайдалана алатын адамды мектеп қабырғасынан оқытып шығару – біздің қазіргі кездегі міндетіміз. Ағылшын тілін тереңдетіп, жан-жақты оқыту қоғам қажеттілігіне айналуда.
Осы тұрғыда “English center" білім беру орталығы 2011 жылдан бастап Арал ауданында білім саласын дамыту бағытында нәтижелі жұмыс жасап келеді. Биыл орталықтың үздіксіз жұмыс жасап, шәкірт оқытып келе жатқанына 10 жыл толып отыр. Осы кезге дейін білім беру орталығынан тек қана облысымыз бен ауданымыздан ғана емес, елiмiздiң түкпір-түкпірінен 1000-нан астам окушылар дәріс алды. Қазіргі таңда түлектер «Болашақ» бағдарламасымен, Назарбаев Зияткерлік мектебі, Қазақ-Түрік лицейi. Назарбаев университеті, Қазақ-Британ университеті, Сүлеймен Демирел атындағы университет, Қазақ Ұлттық университеті, Абылай хан атындағы халықаралык қатынастар мен әлемдік тiлдер университетi сияқты алдыңғы қатарлы оқу орындарының студенттері атануда.
Осы турасында аталған орталықтың директоры, №14 мектеп-лицейдің мұғалімі Ақмарал Өтемісова:
– Биыл аудан көлемінде аудандық білім беру бөлімімен бірге орталықтың 10 жылдық мерейтойына байланысты олимпиадалар, Халықаралык тест тапсырмалары, «Ең үздік шығарма» сайыстары өткізілді. Сонымен қатар аудан мектептерінің мұғалімдеріне арналған «Мектеп оқушылары ағылшын тілін үйрету әдістемелік кұрал құрастыру әдістемесі вебинары, «Оқушыларға арналған ҰБТ форматында ағылшын тілінде авторлық бағдарлама құрастыру» вебинарлар өткізілді.
Аудан бойынша білім бөлiмiнiң қызметкерлері және орталық ұстаздары сайыс нәтижесін қорытындылап, №220 мектептің 11 сынып оқушысы Г.Әбілова, 9 сынып оқушысы Б.Қожамұратова, 9 сынып оқушысы Л.Бердімұратова, №14 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Н.Зағатов, 9 сынып оқушысы Д.Әбілханов, 5 сынып оқушысы А.Бұзаубаева, 5 сынып оқушысы Г.Матығұл жүлделі орындарға ие болды. Барлық қатысушыларға сертификат және дипломға қоса “English center"білім беру орталығынан естелік  сыйлықтары берілді. Бұл сайысқа орталықпен қоса жеке кәсіпкерлер Н.Қыздарбекова, Н.Смайылов демеушілік жасады, –деді.
Қазақстан Республикасының тәуелсіз елге айналып, әлемдік өркениеттің даму жолына түсуі, ағылшын тілін жетік меңгеруді талап етеді. Ағылшын тілін ерте жастан оқытудың мақсаты – оқушылардың ағылшын тілінде қарым-қатынас жасай алу негіздерін меңгеруі болып табылады. Ерте жастан ағылшын тілін оқыту оқушылардың коммуникативті даму біліктілігін арттырады, оқушылардың қызығушылығын оятуға мүмкіндік береді, бірден көп тілдерде сөйлесуге мүмкіндік алады.  Ал әлемдік тіл ретінде бейресми түрде орныққан ағылшын тілін меңгеру ұлттың бәсекеге қабілеттілігін шыңдай түседі. Қазіргі ағылшын тілін білу – уақыт талабы.
Сондай-ақ орталықтың басты жаңалығының бірі болып «Инглиш кидс» балабақша жасындағы балалар дамыту орталығы мен бастауыш сыныптардағы даярлау топтары өз нәтижелі жұмысын бастап, 3 тілде білім алуда. Бұл топтарда моторика, Монтессори әдiсi, әр бөбекпен жеке логопед және психологтар жұмыс жасауда. Заман талабына сай барлық санитарлық талаптар сақталуда, әр топта бала саны шектеулі.
 Ағылшын тілі – еліміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениетаралық қарым- қатынастардың аса маңызды құралы. Мемлекеттің халықаралық байланыстарының сапалық өзгерістері адамның практикалық және зияткерлік іс-әрекетінде ағылшын тілі сұранысқа ие болу қажеттілігін туғызып отыр.

К. МАХСҰТҚЫЗЫ
03 шілде 2021 ж. 915 0