Ұл қыздарым да, біз де – тәлімгер ұстазбыз
Есіттіңіз бе?! «Ұл-қыздарымызбен» дейді ғой. Өздері де сол саланың майталмандары болған-ау! Қалай десеңіз де мақтан сөз. Тіпті жарасымды-ақ. Кімдерге? Әрине, ізбасар ұрпақ тәрбиелеп, олардың тұлға болып қалыптасуына негіз қалағандарға жарасымды да. Ондай даналар көп. Құлақ есітіп, көз көріп те жүр.
Ал мына сөзді, төбедегі тақырыпты кім болса да білек күшінің құны кетіп, білім-ғылым дәуірінен мол хабардар, әрі жас өскіннің оқу-тоқуына отбасы болып үлес қосқан бір жайсаң ұстаз айтса керек. Сол қаһарманды іздедік. Деректедік. Анықтама жинадық. Ақыры таптық-ау! Ол мына «Ақирек» алқабындағы «Ақбай» ауылының тұрғыны, ерлі-зайыпты Қайролла Аманжолов пен Ұлдай Есенбаеваның алтын ұясы болып шықты. Сосын да не тұрыс болсын, шаңырақ иесімен емен-жарқын әңгіме тиегі ағытылды.
* * *
Қайролла Жетесұлы, Сіздің осы қыр мен сырға ортақ, шекара аймақтағы оқу орнына ширек ғасырдай директор болғаныңыз жөнінде ақпарат алғанбыз. Мән-мәнісі қалай?
Дұрыс, бек дұрыс. Еш жалған емес. Десе де ондай жауапкершілігі үлкен креслоға студенттік «Қиқудан» шыға сала жайғаса алмайтының және бар-ау! Осы дәрежеге көтерілу үшін сегіз жылғы еңбегім бағаланып барып қол жеткенін несіне жасырайын.
Ендеше, шегініс жасап, сол жылдарды шарлап көрейік?
Мен өзі «Қамыстыбас» қыстағының тумасымын. Бұл стансаның аты Орынбор – Ташкент Темір жолының салынуымен шықты. Теміржол арқылы орталық Ресейден купецтер қаптады. Олар дүкен, асхана, балық өңдейтін цехтар, үйлер тұрғызды. Орыс-қазақ мектебі ашылып, интернатта жұмыс істеді. Біздің бабаларымыз мешіт ұстап, 5-10 жандығын өсіріп, соларға аз-кем қызмет жасапты. Соның қатарында менің әке-шешім де болған. Қазақ дәстүрін ұстаған қарапайым шаруа, діндар адамдарды. Осында өстім, оқыдым. Онжылдықтан кейін Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда пединститутынан 1966 жылы диплом алып келіп, аудандық оқу бөлімінен туған жерге жіберуін сұрандым. Бірақ оған келіспеді.
– Е-е, қайда жолдады?
– Құм қойнауындағы «Қарақұм» кеңшарының №57-ші орта мектебіне 1966 жылдың 18 тамызында бұйрық алдым. Директоры Қожабай Бәкешов жақсы қарсы алды. «Қамыстыбастың» орта мектебі 1952 жылы ашылса. Мұндағы 8 жылдық 1964 жылы ғана онжылдыққа айналған. Жоғары білімді кадр тапшы. Оқу бөлімінің неге мұнда жолдама бергенін сонда түсіндім. Химия-биология пәнінің мұғалімімін. Бұл екеуі де оңай шағылатын жаңғақ емес. Көп сөздің мәні жоқ. Көрнекілік қажет. Іс-жүзінде көрсетсең ғана бала иланады, қызығады, айналаңнан шықпайды. Ата-ананың отбасы тәрбиесіне ықыласын аударып бақтым. Құрап-сұрап әр нәрседен көрнекі құрал жасаған болам. Оған уақыт керек. Өмірқұлов Қошқарбай есімді азаматтың үйіне тоқтағам. Қызметі бас кеңседе. Жұбайы Ақсұлу маған апай болып келеді. Сол кісі:
– Шырағым-ау, қайда жүрсің, мезгілімен асыңды ішпей,-деп мектептен алып кететін-ді. Жаспыз ғой. Шаршау жоқ. Ынтамыз – жұмыс. Оқушымен аралас-құралас жүрсең еш жалықпайсыз.
Кеңшар басшысы Байжан Бижановпен, партком хатшысы Мансұр Маймақовпен таныстық. Таныстық деймін-ау. Тапсырманы үйіп салды. Үгітші, насихатшы, партияның қаулы-қарарларын түсіндіру, малшылар арасында жауынгерлік листок шығару, концерт қою, тағы-тағылары. Кеңшар 5-6 колхоздан жасақталып 1957 жылы құрылған. Алдағы 1967 жылы 10 жылдығы тойланбақ. Үлкен жоспар жасалған. Ант қабылдағандай болып бас-басымызға міндеттеме алдық. Бұл бір үлкен думан еді. Соның ортасына түстім де кеттім.
– Ұлдай Жұбатырқызымен сол жақта таныстыңыз ба?
– Ұлдай қаланың қызы. №13 Т.Г.Шевченко атындағы мектепті бітіргесін мен оқыған институтқа түсті. 1967 оқу жылының басында біздің мектепке келіп тұр. Биология мен жағырапиядан сабақ берді.
Ау-у, қайдан жүрсің?-десем «Үйім осында ғой»,-деп күлімдейді.
Мәселе былай екен. Ұлдайдың әкесі Жұбатыр Есенбаев 1942 жылы соғысқа аттанады. Саратов қаласында жаттығудан өткесін Каленинград, Ржев, Великие Луки қалаларын азат ету шайқасына қатысады. Ұрыс кезінде ауыр жараланып, Смоленскіде емделіп, мүгедек болып оралады. Әйтсе де бұрынғы қаржыгерлік қызметін жалғастыра жүріп, техникумды сырттай бітіріп алады. Содан 30 мыңдықтардың сапында кеңшарға экономист болып келеді. «І дәрежелі Отан соғысы» ордені мен Г.Жуков медальін Жеңіс күндері жарқыратып тағып алатын-ды. Әні, Ұлдайдың «Үйім осында» деуінің мәнісі осылай екен.
– Сонда Сіз Ұлдай қызбен ілгеріден-ақ біліс-таныс па едіңіз?
– Енді ше... Біз сақа студент кезде бұлар оқуға барды.
Қараша айының ортасы-ау деймін 7-8 қызды киноға апардық. Қызылордада түнгі жарықтың кемшіл тұсы. Асфальт жол да жартымсыз. «Сарқырама» арығынан өтуіміз керек. Со маңдағы тұрғындар қылт-қылт еткен бір-екі тақтай қойған. Орта бойлы дембелше денелі қызды алып, тақтайдан бір-ақ секірдім. Ол болса Еліктің лағындай дірілдеп, қалтырап жұлқынады...
Па-й, суреттеуіңе болайын-ай! Десе де «Қарақұмнан» олжасыз болмапсыз. Омырауыңа «үздік еңбегі үшін» медалін тағып, жаныңа Ұлдай ханымды ерітіп 1971 жылдың 26 тамызында «Ақбай» орталау мектебінің оқу ісінің меңгерушілігіне ауысыпсыз. Осы қызметтен «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен марапатталыпсың. Ал, арада үш жыл өтер-өтпесте, яғни 1974 жылдың ақпан айының 5 жұлдызында 8 жылдық мектептің директорлығын қабылдапсыз. Директорлық кезіңде Сайғонды ауылдық кеңесінің депутаттығына 13 рет сайланып, ауылдық кеңестің халыққа мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету комиссиясын (депутаттар тобын) басқарыпсыз. «Халық қалаулысы-Аманжолов» деген арнайы плакат шығып таратылыпты. Және цехтың партия ұйымына хатшылық етіпсіз. Бұл негізгі міндетің оқу-тәрбие ісіне әсер етпеді ме?
– Жоқ ә, қайта жақсы пайдасы болды. Олардың бәрі ата-ана, әрі ауылдың белсенділері емес пе?! Әр кездесуде баланың, уыз тәрбиесі санасатын отбасындағы жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, оқуы мен тәртібі сөз болмай қалмайды. Пікірсайыс кейде ұзап та кететін-ді.
– Ал тұрақты комиссияның депутаттар тобы нендей мәселелерді көтерді?
Олар өзекті мәселелерді сөз етті. «Приарал» кеңшарына қарайтын «Ақбай» мен қатар өзге үш ферманы да аралап, кезекті сессияға ұсыныстар дайындадық. «Көктем» ауылына барып мектеп интернатындағы малшы балдарының жай-күйін көріп, әсіресе, тамақтану мен тазалық жағын, ал «Сексенбай» базындағы екі малшы үйінің жөнделу сапасы, сондай-ақ «Ақирек» алқабына мал азықтық дақылдар егу, бау-бақша өсіру, әр жүз аналықтан 80-нен бұзау алу мәселесін көтергенбіз. Депутаттық топтың ұсыныс-пікірі үлкен қолдау тапты. Бұл ұсыныстар сұрыптала келе қаланың шетінен ірі қара малын бордақылау алаңы бой көтерді. Осы алаңда кейін екі рет облыстық семинар өткізілді. «Ақирек» алқабында Б.Баекеевтің бригадасы жоңышқа, жүгері, бау-бақша өсіріп, мол өнім алған даңқы аудан көлемінен де әрі асты. Әр жүз аналықтан әуелі 80-нен бұзау алынса, келе-келе жүзіне 90-нан бұзау алып рекордтық көрсеткішке жеткендер болды. Олар жайлы да әлденеше плакаттар жарық көрді. Сол рекордшылардың бір-жары қазір де арамызда жүр.
– 8 жылдық қай жылы 10 жылдық мектеп болды?
– 1994 жылы ғой. 1997 жылдың 13 тамызында өз арызыммен босап, орнымды өзім оқытқан шәкіртім басты.
– Ол кім еді?
– 23 жылдық директорлық тұсымда оқытқандардан қазір тоғызы мектеп директоры. Соның бірі – Сексенов Рамазан Ербозұлы. Ол №63 «Ақбай» орта мектебін 1997-2016 жылдар аралығында, яғни 19 жыл басқарып, 2016 жылдың қазан айынан Ақтөбе қаласындағы №42 орта мектепке директор.
– Қалай дедіңіз? Ауылдық мектептің директорлығынан Өндірістік өңір Ақтөбе қаласының мектеп директорлығына ауысқан ба?
– Еш таң қалатыны жоқ. Ол осы ауданда жүргенде-ақ, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы.Алтынсарин» белгісімен марапатталған. Облысқа танымал тәлімгер болатын-ды.
– Сол директорлардың бірі – өз ұлыңыз Жаңаберген Аманжолов қой ә?
– Иә, ол филолог. Ол менің ізіммен жүргендей, әуелі мұғалім, сосын оқу ісінің меңгерушісі болып бастап, 2006 жылдан директор. Қазір Арал қаласындағы №83 орта мектепті басқарады. Гүлзат пен Айжанатым да мұғалима. Бірі «Қарақұм», екіншісі «Қамыстыбас» орта мектептерінде. Бір үйден бес ұстазбыз. Бәріміз де бүгінгі Қорқыт ата атындағы университеттің түлегіміз. Тек «Болашақ» университетін тәмамдаған экономист-есепші Қайрат балам ғана ауылдық округтің бас маманы. Міне ұрпақ сабақтастығы деген осы болар!..
* * *
Қайролла Аманжолов 1994 жылдың 7 наурызында бірінші шақырылған жергілікті өкілді орган аудандық мәслихатқада депутат болып сайланған екен. Ол осы міндетті заңды демалысы кезінде де жалғастыра берсе керек. Сосын да болар 2007 жылы ҚР ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің ардагерлері ұйымы (төрағасы М.Сағдиев) «Құрмет грамотасымен» және «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медалімен де марапатталыпты. Ел-елдің, жер-жердің демекші, әр құтты мекеннің де ардақтысы, сөз бастар айбары, ақылгөйі, бекзат болмысты төрге шығар батагөй, шежіре қариялары болады. Олармен кездесіп, пікірлескен сайын рухани байып, тұп-тұнық мөлдір бұлақ суынан қанып ішкендей шөлің қанып, сергіп қалатының да рас-ау! Сегіз онды кейінге ысырған бақуатты Қайрулла Жетесұлымен де субхатымды осындай шат көңілде аяқтадым.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
тыл ардагері.
Арал ауданы, «Ақбай» ауылы.
Суретте: ерлі-зайыпты Қайролла мен Ұлдай.