Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дария кеуде, тау мүсін

Дария кеуде, тау мүсін

Тәуелсіз елдің әрбір аймағында, әрбір өңірінде өзінің сара жолымен елге, халыққа сіңірген еңбегімен өскелең ұрпаққа үлгі болатын тау тұлғалы азаматтар жетерлік. Соның ішінде, елінің болашағы мен халқының кемел келешегі үшін талмай қызмет етіп, саналы ғұмырын білім саласына арнаған бірегей тұлғалардың жүрген жолында өнегелі із қалары анық.

Аталмыш сала бойынша жылдар бойы табанды еңбек етіп, сол саланың өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер бүгінде құрмет төрінде. Атап айтқанда, бүгін айдынды өлкеде ұзақ жылдар бойы іргелі білім ордаларының көшін бастап, оның даму тарихына елеулі үлес қосқан, биыл 80 жастың төріне шықса да елдің тыныс-тіршілігінен тысқары қалмаған нар тұлғалы ел ағаларын ұлықтауға арналған «Дария – кеуде, тау мүсін» атты тағылымды кеш өткізілді.
Аудан көлемінде үлкен маңызға ие аталмыш шараға аудан әкімі М.Оразбаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Б.Төрахметов, «NurOtan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Қанатов, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің төрайымы Г.Есқалиева, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Садықбаев және білім саласының ардагер ұстаздары мен қызметкерлері қатысты.
«Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» демекші, ұлылықтың бастауы мен кемелдіктің көгінде тұрған ардагер ұстаздар: Нұралы Оспанов, Әділхан Әбдікәрімов, Қайролла Аманжолов, Сейілхан Өрекешов, Еламан Сәрсенбаевтардың құрметіне арналған мерекелік жиын Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясында өтті.
Салтанатты жиында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев білім саласының майталмандарын мерейтойларымен құттықтады.
- Көргені көп, түйгені мол Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыз біз үшін әрдайым орны бөлек. Себебі, әрқайсыңыздың өмір соқпақтарыңыз еңбекпен өріліп, бейнетпен боялған.
«Алты алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» демекші, ісіне адалдық танытып, шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие берген өздеріңізді халық әрқашан құрмет тұтады. Себебі, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де, ой алыптары, кемеңгер ғұламалар мен небір дүлдүлдер ұстаз алдынан өткен. Өнегелі ұстаздан өрелі шәкірт шығатыны белгілі. Бүгінде Сіздер тәрбиелеп өсірген сан мыңдаған шәкірттер еліміздің түпкір-түпкірінде сан саланың тізгінін ұстап, елге абыройлы қызмет етуде.
Бүгін, мінекей, еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер, - деген аудан басшысы мерейтой иелеріне ақжарма тілегін жолдап, арнай құттықтау хат пен дәстүрге сай ілтипатпен қазыналы қарттарға шапан жапты.
Ізгі тілектер легі қалалық арадагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Садықбаев, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің төрайымы Г.Есқалиеваның құрметке толы тілектерімен өрілді. Одан әрі ұлағатты ұстаздардан тәлім алған бір топ шәкірттер қауымы мен қызметтес болған жандар мерейтой иелерінің өмірінен тағылымға толы естеліктерімен бөлісті.
Жастар арасында ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруды мақсат еткен шарада кеш қонақтары сексеннің сеңгіріне шыққан ардагерлердің өмір жолымен танысып, жаңғыру, жаһандану жолында сүбелі үлес қосып жүрген, ел ағаларының өсиетке толы пікірлерін тыңдады.
Аудандық білім қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарламада ел құрметіне бөленген мерейтой иелеріне деген шексіз ризашылық пен алғыс ретінде арнау өлеңдер оқып, әсем ән шырқап, би биледі.
Расында, барлық ғұмырын ел болашағы үшін, білімді ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ұстаздар еңбегі ұшан-теңіз. Саналы ғұмырын ұрпақпен сабақтастырып, ел ертеңі жолында аянбай тер төккен ұстаздарға деген құрмет қашанда өлшеусіз.










"Толқын" ақпарат
19 мамыр 2021 ж. 536 0