Халық бірлігі мен тарихи таным жылы
1998 жыл. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдің экономикасы көтерем кетіп, жұмыссыздықтан бастап тұрақсыздыққа дейін үлкен қауіп төнген еді. Қаржы саясаты да тығырыққа тіреліп, кейін төл теңгеміз айналымға енгеннен кейін ғана құлдырау ауыздықтала бастады. Теңгеден кейінгі кезеңде Қазақстанның кен байлығы барланып, өз тізгініміз өз қолымызға тие бастады. Бұл кезеңді Елбасы өзінің бір сөзінде «отты өшіру кезеңі» деп бағалаған еді. Осылайша, құлдырау мен күйзеліс ауыздықталғаннан бастап халықтың рухани дүниелеріне кеңінен көңіл бөліне бастады. 1998 жыл – «Халық бірлігі мен ұлттық тарих» жылы деп аталып өтіліп, тәуелсіз жаңғырудың, еркін ел болудың осы жылдарында ҚР Президенті Н. Назарбаев өз жарлығымен тарихи танымға айрықша мән беру қажеттігіне пәрмен бергендей еді.
Экономикалық серпіліске жан бітіп, рухани жаңғыруға да жол ашылды. 1998 жылы Бас қаламызға айналған Ақмолаға Астана аты берілді. Осы жылы жаңа зейнетақы жүйесі енгізілді, зейнетке шығу жасы ұзартылды.
1998 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартудың нарыққа бейімделген алғы шарттары жасалды. Осы жылы Көкарал бөгеті күн санап биіктеп, Кіші теңіз қалаға бұрынғы жағалауына 10-12 шақырым жерде жақындады. Кіші теңіз суының көтерілуі Сыр бойындағы көлдер деңгейінің де көтерілуіне мүмкіндік туғызды. Кіші теңізге Қамбаш питомнигінен 500, Тастақ питомнигінен 400 бас бекіре балығы жіберілді. Теңізде бекіре, ақбалық, сазан, табан балықтарының түрлері молайды.
Аудан көлемінде шағын кәсіпкерлікпен айналысатын 71 заңды тұлға, 76 шаруа қожалығы, 600-дей жеке кәсіпкер бар. Олардың өнім өндіру, қызмет көрсету көлемі 152 млн 400 мың теңге құрады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін ауданда 3 бизнес орталығы жұмыс істеді.
Ауыл шаруашылығы саласында 7 өндірістік кооператив, 2 серіктестік, 1 акционерлік қоғам және 76 шаруа қожалығы құрылып, нарық талабына сай өз жұмыстарын бір жүйеге түсіріп келеді. Оны ауданда мал басының өсуінен де айқын байқауға болады. Сиыр –19199 , түйе – 12983, қой – 87328, жылқы 11446 басқа жетті. Егін шаруашылығы да жақсы дамыды. Бұл ретте ақбайлықтар күріш көлемін алғашқы 100 гектардан 300 гектарға жеткізіп, ойдағыдай өнім алды.
Бұрынғы электротехникалық зауыты бірнеше кәсіпкерлікке айналып, бүгіндері халыққа қажетті тұрмыстық дүниелерді шығару, автокөліктерді жөндеу жұмыстарымен айналысты. "Ажар" тігін фабрикасы және тұз өндірумен аты әйгілі "Аралтұз" акционерлік қоғамы да жұмысын жүргізді.
Нарықтық қатынас қаншама қинады дегенмен өтпелі кезеңде халықтың әл-ауқатының жылдан-жылға жақсарып келе жатқандығын олардың қолындағы автокөліктерден де білуге болады. 1995 жылы аудан халқында 960 автокөлік болса, 1998 жылы олардың 1957-ге жетті. Нақты айтсақ, 1166 жүк машинасы, 728 жеңіл автомашина, 163 тракторға жетті.
Халықтың отын, су, электр жарығымен қамтамасыз етілуі де өз деңгейінде жүзеге асырылды. Осындай игі жұмыстардың нәтижесінде ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақтанды. Ел ішінде жұқпалы аурулар саны жылдан-жылға азайып келеді. Мұның өзі Кіші теңіз деңгейінің көтеріліп, ұлтаннан ұшатын тұзды шаңдақтың азаюынан, халықтың сапалы Сарыбұлақ суын пайдалануынан деп білуге болады.
Ауданымыздың өнері мен мәдениетінде де бірқатар табыстарға қол жетті. Айтулы ақын Нұртуған Кенжеғұлұлының мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтілді. Аяулы ақынымыз Зейнолла Шүкіровтің мерейтойы да туған жерінде өткізілді. Осындай игілікті жұмыстардың орындалуында аудан әкімі Алашыбай Баймырзаевтың өзіндік үлесі, қолтаңбасы қалды.
Ендігі міндет – Кіші Аралды бұрынғы қалпына келтіріп, балық шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы саласындағы фермерлік кәсіпкерлікті өрістету, ауданда электр қуатын өндіру. Сонымен бірге Бейнеу-Арал-Жезқазған автокөлік жолын салу, Арал мұнайын игеру, Арал қаласының су жүйесін жаңарту сияқты жұмыстар жоспарда тұрды.
К.МАХСҰТ