Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін – Тәуелсіздік күні

Бүгін – Тәуелсіздік күні

Қазақстан Республикасының өз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет атанғанына бүгін 29 жыл толып отыр.
Бір кезде дүние жүзінің ауқымды бөлігін алып жатқан Кеңес одағының ыдырау кезеңі 1980 жылдардың екінші жартысында басталған еді. Қайта құру кезеңінде одақтас республикалар орталықтан дербес мемлекеттік және экономикалық тәуелсіздікке ұмтыла бастады. Алдымен Балтық елдері бөлініп шыққаннан кейін, 1991 жылдың 8 желтоқсанында Беларусь, Ресей және Украина елдері одақты біржолата ыдыратқан Беловеж келісіміне қол қойды. Осылайша, Кеңес одағы ыдырап, оның құрамындағы елдер дербестікке жетіп, әлемдегі мемлекеттердің қатарына тағы 15 мемлекет қосылды.
Одақтан бөлініп шыққан 15 мемлекеттің ішіндегі Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады. Айта кетерлігі, Қазақстан одақ құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдаған мемлекет.
«Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді», – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 17 желтоқсанда Алматыдағы Орталық алаңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жариялануына орай өткізілген жиында.
Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып Америка Құрама Штаттары мойындаған еді. Одан кейін Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде мойындап, таныды. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілігін ашты.
Егемендікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан өзінің іргесін бекітіп, шекарасын шегендеп, мемлекеттігін нығайта түсті. 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Теңге Ұлыбританияда басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. 1993 жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл валютасы айналымға енді.
1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс жасады. 1997 жылы қазанның 20-сында астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды. 1998 жылы 6 мамырда Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді. 1998 жылы маусымның 10-ында жаңа елорданың халықаралық тұсаукесер рәсімі өтті.
Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері халық ынтымақтасып, жалпыұлттық, ұлтаралық бірлікті нығайтуға, рухани-мәдени жаңғыруға бет бұрды. Қысқа мерзімде Тәуелсіз Республикамыз совет империясынан мұра болып қалған көптеген өткір де өзекті мәселелердің шешімін тауып, саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларға да реформалар жүргізілді. Бүгін де Қазақстан экономикасы дамыған, бірнеше халықаралық ұйымдардың мүшесі, әлемдік сахнада өзіндік ықпалы бар мемлекетке айналып отыр.
kyzylorda-news.kz
16 желтоқсан 2020 ж. 669 0