Тойда тілек айтатын кез емес
Былтырдан бері Қызылорда облысында індет жұқтырған 12 580 адам тіркеліп, оның 77 пайызы айығып шықты. Пневмониямен ауырған 1 867 науқастың 1 580-і емделді.
Сонымен қатар осы жылдың маусым-шілде айларында инфекциялық төсек-орын 585-тен 2 340-қа, ал реанимациялық орын 90-нан 172-ге дейін көбейіп, қазір жүктеме 55 пайызды құрап отыр. Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында аймақтағы эпидемиялық ахуалды баяндаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова осындай деректерді мәлім етті.
«Құрылысы былтыр басталған модульдік стационар іске қосылып, ковидтік науқастарды қабылдай бастады. Өңірде 6 оттегі стансасы жұмыс істеуде. Дәрі-дәрмектен тапшылық жоқ. Коронавирус инфекциясына қарсы күрес жұмыстарына қажетті медициналық кадрлар мен құрал-жабдықтар жеткілікті», деді облыс әкімі.
Қазір облыста тәулігіне 1300-1500 сынама алынуда. Екпе алатын 401 мың тұрғынның 61,4%-ы вакцина алды. Қыркүйек айында көрсеткіш 85%-ға жетеді деп жоспарлануда. Аймақта Ashyq жобасы арқылы 2 749 нысан жұмыс істеп жатыр. Бұл ретте мониторингтік топтар жұмыстарына баса назар аударылып отыр. Бүгінге дейін 167 топ 12 441 нысанға рейдтік тексеріс жүргізді. Нәтижесінде, карантин талаптарын бұзудың 459 дерегі анықталып, 33,4 млн теңге айыппұл салынды.
Эпидемиялық ахуалға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар барысы күн сайын дерлік өткізіліп жатқан брифингтерде айтылады. БАҚ өкілдерімен осындай кездесуде тек 9 тамызда мониторингтік топ облыс бойынша 15 рейд ұйымдастырып, 55 нысан тексеруден өткені баян етілді. Осы бір күннің ішінде карантин талаптарын сақтамаған 12 оқиға тіркелген. Олардың көпшілігі – отбасында той ұйымдастырғандар. Ондайлар облыс орталығымен қатар Арал, Қазалы, Шиелі аудандарында көбірек анықталып отыр. Қызылорда қаласында орналасқан кафе қызметкерінің келушілерге қорғаныш құралдарынсыз қызмет көрсеткені де белгілі болды. Олардың бәріне әкімшілік айыппұл салынды.
Былтыр егде кісілерге жаудай тиген дерт биыл балалар арасынан жиі байқалып отырғаны да мамандарды алаңдатулы. Қазір көпбейінді облыстық балалар ауруханасында 72 науқас ем алуда. Оның 59-ы – әртүрлі жастағы балалар. Қалғандары – балалардың аналары мен күтім бойынша жатқызылғандар.
Облыстық балалар ауруханасының педиатр дәрігері Жұлдыз Қуатованың айтуынша, сәуір айында ауруханадан 20 төсектік коронавирус инфекциясы бөлімшесі ашылса, шілдеде індеттің өршуіне байланысты орын саны 90-ға жеткен.
«Бір жасқа дейінгі сәбилер арасында да індетке шалдыққандар тіркелуде. Осы күні жансақтау бөлімінде 2 бала жатыр. Оның бірі – нәресте, екіншісі – жасөспірім бала. Көпшілігі ауруханаға жағдайы нашарлап, температурасы 39-40-тан түспей келеді. Сондықтан балаларды көпшілік орындарға апарудан бас тарта тұрған жөн», дейді дәрігер.
Мониторингтік топ өкілдері де, дәрігер мамандар да ауруды таратпаудың бірден-бір жолы той өткізуді тоқтату екенін айтып отыр. Дәл қазір терезесі тарс бүркелген тойханаға сырт көзге елеусіз саңылаудан сып етіп кіріп, «Қазақтың тойы бітпесін» деп сыбырлай тілек айтатын кез емес. Өзіміздің, жақынымыздың амандығы үшін ондай жасырын жиындарға барудан бас тартсақ, індеттің бетін қайтаруға қосқан үлесіміз болар еді.
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ
egemen.kz