Білім нәрі «Әліппеден» басталады
Биыл 1-сынып оқушыларына салтанатты түрде «Әліппе» табысталады. Осылайша еліміздегі 7 мыңнан астам мектепте «Атамұра» баспасы дайындаған «Әліппе» оқытылады. Бар кітапқа бас болған «Әліппе» ғана емес, биыл «Ана тілі» оқулығы да қайта жазылып, басылды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов құрастырған бұл кітап 100 жылдан астам уақыт ішінде қазақ үшін құнды оқулыққа айналды. Балалардың алғашқы сауат ашу оқулығы неге бұлай аталған? Қазақ тіліндегі «Әліппе» сөзі арабша «әліп» (алиф) пен «би» әріптерінің тіркесуінен келіп шыққан. Ғұлама ғалым қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алған. Алғашқы әліппе «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдары арасында 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде кең қолданысқа ие болды. 1925 жылы Ахмет Байтұрсынұлы әдістемелік жаңалықтарды ескере отырып, қазақ бастауыш мектептеріне арналған жаңа әліпби ұсынды. Оқулық өз заманына лайық әліппе жасаудың озық үлгісі болған. Бұл сөз тілімізге араб жазуын пайдаланған кезде еніп, латын, орыс алфавитіне көшкенімізден кейін де сақталып, балалардың алғашқы оқулығының атауы «Әліпби» деп аталды.
Содан бері әліппе қазақ үшін қастерлі ұғымға айналды. Себебі, әдемі, қазақы танымға лайық суреттері бар бұл кітапты аяқтағанда сөйлемді буынға бөліп, дауысты мен дауыссыз дыбысты ажыратып, шағын ертегілерді оқи алатынбыз. Тіпті «Әліппемен» қоштасу кішігірім мереке саналатын. Бала біткен білім жолындағы бір белесті бағындырғандай мәз болып, «Әліппеден» кейін әріп танымау ұят болып есептелетін.
2016 жылдан бастап оқулықт «Сауат ашу» болып өзгерді. Ал, 2019 жылғы 16 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен педагогтардың дәстүрлі Тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі «Әліппе» оқулығын әзірлеу мәселесін көтерді. Осылайша жаңа «Әліппе» ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде жасалды. Оқулықты әзірлеу барысында министрлікке 5 түрлі баспадан дайындалған оқулықтың жобасы келіп түскен. 2020 жылдың қыркүйек айынан 2021 жылдың сәуір айына дейін «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтары мемлекеттік сараптаманың бес кезеңінен өтті. Әуелі ғылыми-педагогикалық тұрғыда, содан соң 65 қанатқақты мектепте сынақтан өткізілген. Бірнеше қалаларда 500-ге жуық әдіскер, мұғалім сараптама жасап, талқылап, соңында пәндік сараптамалық комиссияның қарауына берілген. Осыдан кейін 5 түрлі оқулық қоғамға ашық таныстырылып, нәтижесінде барлық талаптарға сай келген бір «Әліппе» таңдалды.
Жаңа үлгідегі «Әліппенің» өзіндік ерекшелігі де бар. Оқулықтағы дыбыстар мен әріптердің берілу реті өзгеріп, бұл реттілік ұлт ұстазының еңбектерімен қатар, лингвист, әдіскерлердің зерттеулері негізінде өзара тіркесіммен сөз жасау ерекшелігіне орай құрылған. Сондай-ақ, сөздер мен суреттерде де жаңашылдық бар.
Ең бастысы, бірнеше жылдан кейін «Әліппенің» оралуы үлкен-кішіні түгел қуантты. Өйткені, бұл оқулық балалық шақты еске түсіретін тәтті естеліктерімен емес, ғасырдан астам тарихымен де қымбат. Ал, жаңа оқулықтың тиімділігі мен ерекшелігі туралы кітап қолға тиіп, оқу процесінде пайдаланғаннан кейін педагогтар айтатын болады.
Айдана ЖҰМАДИНОВА
syrboyi.kz