Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сақина тағу дәстүрі

Сақина тағу дәстүрі

Сақина – естелік, сыйлық, тіпті, мұралық белгі. Халқымызда қалыптасқан дәстүр бойынша, ас адал болуы үшін оны дайындайтын, дастарқанға қоятын, шай құйып беретін әйелдің саусағында міндетті түрде сақина болуға тиіс. Көбінесе әйелдерге күміс сақина тағу ұсынылады. Алайда алтын сақина тақса да айып емес. Оның да жақсы әсері бар. Сол себепті қазақтар «Сақинаны сәнге салмайды, ол – тазалыққа таразы», «Сақина сәнге жатпас, айқай әнге жатпас», — дейді.
Сөйтіп, сақинаның тек сәндік қана емес, гигиеналық та қызмет атқаратынын аңғартады. Иә, біздің данагөй халқымыз сақина соғылатын күміс, алтынның таттануға ұшырамайтынын, олардың судың, тамақтың тез бұзылмауына септігін тигізетінін, денсаулыққа жағымды әсер ететінін тым ерте байқап, білген. Көп адамның естерінде болар, жас келіншек нәрестесін шомылдырарда, жаялығын жуарда, тамақ дайындарда ауылдағы қарт әжелеріміздің оған: «Қолыңа күміс сақинаңды салып ал, ол тазалыққа, адалдыққа жақсы», — деп айтып отыратыны. Тіпті, нәрестені қырқынан шығарарда оны шомылдыратын суға да күміс теңгелерді немесе күміс, алтын сақинаны, білезікті салмайды ма? Бұл – әлгі зергерлік заттарды сәбиді қырқынан шығарушы әйелдерге арналған сыйлық қана емес, халқымыздың сондай асыл заттарды қасиетті санауынан қалыптасқан дәстүр де.
Неке сақинасын алмастыру дәстүрін, болжам бойынша, мысырлықтар ойлап тапқан. Сақинаның дөңгелек формасы – мәңгілік жұптар арасындағы шексіз бақыт пен махаббатты білдіреді. Той күні қонақтардың күйеу жігіт пен қалыңдыққа жақындауы бақыт әкеледі деп есептелген. Өйткені, бұрынғы наным-сенімде бұл күні қос аққудай жарасқан қалыңдық пен күйеу жігіт құдайдың шапағатына бөленеді-мыс…
Еуропалықтар жас босанған ананың саусағында міндетті түрде неке сақинасы болуға тиіс деп ырымдаған. Олардың түсінігінше, сақина қиналмай босануға көмектеседі. Ал  енді Скандинавия елінің ырымына назар аударсақ, мұнда қаралы жанұя мүшелеріне (кәмелетке толғандарға) 40 күнге күндіз-түні саусағынан бір сақинасының үзілмеуі (алынбауы) бұйырылады. Олай болмаған жағдайда, марқұм көңілден кетеді, ұмыт болады, ал ұмыт болса, марқұмның рухы, аруағы қайта оралып келіп, ұйқыға кеткенде сақина тақпағанды қинайды, тұншықтырады. Скандинавиялықтар соған сенеді, солай деп ойлайды.
Сақина – жүзікке байланысты бүкіл халыққа кең тараған, әдет-ғұрыпқа айналған ырым-жоралғылар бар. Ол көбінесе неке сақинасына байланысты. Осы ырым-жоралғыға жүгінсек, жүзік (неке сақинасы) сөз жоқ, жұп-жұмыр, кедір-бұдырсыз, әрі көзсіз болғаны шарт. Ол – жас жұбайлар кедергісіз өмір сүрсін, бақыттары сол сақинаның дөңгелегіндей шексіз, таусылмайтын болсын деген ырым.
Жалпы, гректердің түсінігінде өлген адам жерленгенде оның өнбойында сақина, сырға, алқа қалып қоятын болса, олардың сағасында, ығында жын-шайтан, дию-перілер де қалып қойып, о дүниеде марқұмды азаптайды – мыс… Әрине, гректер бұған сенеді.
Жүзік – сақина жөнінде медицинада түрлі сенім, болжам, ырым-жоралғылар көп. Мәселен, саусаққа тағылған сақина – бүйрек, бауыр, өт, жүрек, жүйкеге тікелей байланысты жүйке нүктелерін дөп басып, бүкіл қан-тамыр жүйелеріне оң әсер етеді екен.
Жалпы сақина салмаққа қатысты қазақтың жөн-жоралғысы, ырым-тыйымы көп-ақ. Бірақ оның бәрін түгел орындай беру жарамас. Сондықтан, сақина салмақта ниеттің өзі әлгі тазалық мағынасымен астасып жатса, құба-құп болар.

(Желідегі жазбадан)
13 қыркүйек 2021 ж. 1 641 0