Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Артық салмақтан қалай арыламыз?

Артық салмақтан қалай арыламыз?

Қазақстандықтардың жартысынан астамы артық салмақ пен семіздіктің зардабын тартып отыр. Артық салмақтың түрлі ауруға әкеп соғатыны бәрімізге белгілі. Бүгінде еліміздегі әрбір төртінші адамның  артық салмағы бар екенін ескерсек, ұлт саулығына назар аудару керек екенін ұғынасың.
Бұрын шетелдік фильмдерде фаст-фуд, кока-кола ішіп-жеп бара жатқан толық адамдарды көргенде, бұл сол елдерге ғана тән көрініс деп ойлаушы едік. Қазір ондай көріністі еліміздің кез келген аймағынан байқауға болады. Қоғамды семіздік дерті жайлап бара жатқандай. Өркениеті дамыған елдерде  артық салмақ мемлекеттік деңгейде қаралатын проблемаға айналған. Әлемде әрбір екінші адамның және әрбір алтыншы баланың артық салмағы бар. Десе де артық салмақтың біртіндеп артуы сау адамды дертке шалдықтырады.
Әлемдік экономикалық қауымдастық және даму ұйымының дерегіне сүйенсек, ең семіз адамдар Америкада, Мексикада, Венгрия және Жаңа Зеландияда тұрады екен. Ал ең төменгі көрсеткіш – Жапония мен Оңтүстік Кореяда.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, қазақстандықтардың 25 пайызының артық салмағы бар. Мамандар артық салмақ жинаған азаматтар саны соңғы жылдары жылдам өсіп келе жатқанына алаңдаушылық білдіруде. Мәселен, ресми деректер бойынша, соңғы он бес жылда семіздікке шалдыққандар саны 10 пайыздан 15 пайызға артқан. БҰҰ сарапшыларының пайымдауынша, Орталық Азия аймағындағы ең семіз адамдар – қазақстандықтар деп көрсетілген.
Мамандардың айтуынша, семіздіктің эпидемияға айналуына екі себеп бар екен. Ол – әлеуметтік ахуалдың жақсаруы мен тұрмыстың тым нашарлауы. «Статистикалық талдау жасаған кезде семіздік көрсеткіші мен жалпы ішкі өнімнің арасындағы тура байланыстың бар екенін байқауға болады. Яғни елдегі экономика өскен сайын, семіздіктің қоғамдағы үлесі де артып отырған. Қазақстанды Орталық Азия елдерімен салыстырсақ, онда жалпы ішкі өнімі ең жоғары біздің ел бірінші орында, ал Тәжікстан секілді кедей елдер ең төменгі орында орналасқан», – дейді әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.
Әрбір бесінші бала семіздікке шалдыққан
Дене салмағы артық және семіздікке шалдыққан балалар саны республикада күрт артты. Мәселен, 5 жасқа дейінгі балалар арасындағы бұл көрсеткіш 25 пайыз шамасында. Жалпы, 14 жасқа дейінгі балалар арасында семіздікке шалдыққандар көрсеткіші 12 пайызға тең. Бұл – өте жоғары көрсеткіш.
Тағамтану академиясының дерегі бойынша, әйелдердің 25 пайызы, ерлердің 16 пайызы мен балалардың 11 пайызы семіздерге жатады. Әлемдегі әрбір оныншы ер адам мен әрбір жетінші әйелдің салмағы шамадан тыс артық. Яғни, өкпесін май басқан аса семіздер. Егер осы көрсеткішпен кете берсе, 2025 жылы төрткүл дүниеде әйелдердің 21, ерлердің 20 пайызы семіздік ауруына шалдығады. Әлемде адамдардың 60 пайызы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан пайда болатын аурулардан көз жұмады. Сондықтан тамақтану дағдысын дұрыстап, салауатты өмір салтын ұстануды жолға қойған абзал.
Қала тұрғыны Роза екі ұлының кенжесі  1-сыныптан бастап артық салмақ жинай бастағанын айтады. Қазір ол 8 сыныпта оқиды.
– Алғашында дәрігерлерге қаралып кеңес алғанбыз. Нәтиже болмады. Дәрігерлер "баланың тамақтануына шек қоймаңыз, спортпен айналысуға ынталандырыңыз" деді.  Сөйтіп, спорт клубына жаздырып, майға піскен тағамдарды жеуге тыйым салдым. Балам осы артық салмағының кесірінен өз сыныптастарының алдында ортаға оқшауланып шығуға ыңғайсызданады, сабақта біліп тұрғанын ұялғаннан ашық айта алмайды. Өзін достарымен тең санамайды, – дейді.
Психолог мамандар мұндай жағдайда балаға барлық жағынан қолдау, моральдық көмек көрсетуде ата-ананың рөлі зор екендігін айтады. Себебі бала жасқаншақтығын жеңбесе, есейгенде отбасы құруына, қызметте өсуіне кедергі болады.
Артық салмақтан қалай арылуға болады?
Майлы және қою тағамдардың адам ағзасына зияны көп. Десе де жергілікті халық өз ас мәзірінен бас тартпайды. Ендеше қайтпек керек? Осындайда артық салмақтан арылу үшін қандай тағамдарды пайдаланған дұрыс деген сауал туындайтыны заңды. Осы тұрғыда маман дәрігер Гүлмира   пікірін де сұраған едік.
– Артық салмақтан арылудың тиімді жолы – дұрыс әрі уақытылы тамақтану. Сүт өнімдерінен, жұмыртқадан, құс пен балықтан әзірленген тағамдар ақуызға бай болады. Сонымен бірге жануарлар майларын мейлінше аз тұтыну қажет. Оларды артық тұтыну толығуға және қан тамырларының қабырғасында холестериннің жиналуына алып келеді. Бұған қоса көмірсуларға бай азық-түліктер, яғни ұсақталмаған жармалар, көкөністер, жеміс-жидектер – ағзаны энергиямен қамтамасыз етудің ең дұрыс жолы. Ондай тағамдар ішек жұмысын жақсартады. Қолдан келгенше, адамдардың қантты, ұннан жасалған тағамдарды, кондитерлік өнімдерді, қуырылған, ысталған, маринадталған, тұздалған өнімдерді, шұжықтарды, балқытылған ірімшіктер мен газдалған сусындарды аз мөлшерде тұтынғандары абзал,–деді.
Ұзақ өмір сүретіндердің алдыңғы легінде – жапондар. Бұл елдің 50 мыңнан астам тұрғыны жүз жастан асқан. Қазақстанда олардың қатары саусақпен санарлықтай ғана. Орташа өмір ұзақтығы бойынша да жапондар бірінші орында – ондағы орташа жас – 83. Мамандардың есептеуі бойынша, Қазақстандағы қазіргі орташа жас – 72. Дені сау ұрпақ тәрбиелеп, халықтың орташа жасын ұлғайту үшін алдымен асты түзеген дұрыс.
Диетолог мамандардың айтуынша, семіздікке шалдығудың үш себебі бар екен. Біріншісі – адамның белгілі бір азық-түліктің калориясы мен денсаулыққа зиянын білмеуі. Екіншісі – тамақтың сапасы. Үшіншісі –тұрғындардың фаст-фуд тағамына әуестігі. Егер адам таңғы асты ішпей, бірден түстенсе, артық салмақ жинайды. Мамандар семіздіктің 90 пайызы дұрыс тамақтанбаудан және қимылдың аздығынан дейді. Мұндай адамдар жүрек-қан тамырлары ауруларына, сүт безінің, тоқ ішектің, бүйректің, бауырдың және де басқа түрлі ауруларға шалдығатын көрінеді.
Әр адамның сыртқы пішіні мен мінезінің әр түрлі болатыны секілді, тағамдық қажеттіліктерінің де ерекшеліктері бар. Әркім хал-жайына, ағзаның мұқтаждығына байланысты тамақ­тану рационын құрастыра алады. Дұрыс тамақтану ас қоры­тылуын жайлы етеді. Денсаулықты нығайтып, артық салмақты болдырмайды.
Түйін:Техника заманы адамдарды артық іс-қимылдан босатса, ал уақыттың аздығы фаст-фудқа тәуелді етті. Дей тұрғанмен, семіздік дертімен әр адам өзінше күресіп, қайсарлық танытса, бұл қиындықтан да құтылады. Сондықтан артық салмақ жинап алсаңыз, диетологтар кеңесіне жүгініп, дұрыс тамақтануға, салауатты өмір салтына бейімделіп, көбірек дене қозғалысымен айналысыңыз. Саулығыңыз бен денеңіздің сымбаты өз қолыңызда!


К. МАХСҰТ 

14 қыркүйек 2021 ж. 978 0